Газетіміздің өткен санында сұхбаты жарияланған белгілі актер Асылбек Боранбай сейсенбі күні Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында болған баспасөз мәслихатында «ТТТ» театрының құпиясын ашты.
Газет оқырмандарына атауын жасырып қалған жаңа өнер ордасы «Танымал тұлғалардың толқыны» деген тіркестің қысқарған үлгісі екен. Міне, осы «ТТТ» театрының тұсауы 2 мамыр күні Алматыдағы Студенттер сарайында кесілмек. Осы күні жаңа театр Жеңістің 70 жылдығына орай халыққа тың дүниелері мен қойылымдарын таныстырып, мерекелік көңіл-күйді сыйлауды жоспарлап отыр.
Дегенмен, Асылбек мырза алғашқы қойылымның нәтижесі қалай боларынан сақтанып, алдын ала ескерту әлпетімен былай деді: «Қазір әзіл-сықақпен жұмыс жасайтын авторлар аз. Мысал ретінде айтар болсақ, Ресейдегі бір ғана Петросян театрына 500 автор жазады, сосын авторлардың туындылары ішінен іріктеледі, бізде Қазақстанда 20 театр үшін 10 автор жаза ма, жазбай ма – ешкім білмейді. Бізде жақсы авторлар бар, бірақ олар театрлармен тығыз ынтымақтастықта деп айта алмаймын, бізге авторлар жетіспейді».
Дегенмен, «ТТТ»-ның жетекшісі «жаңа театр 35 жылдық тарихы бар «Тамаша»-ның қалыбынан бөлек, өзгеше әрі ерекше театр болатынына нық сенімді екенін және сол үшін де жан-жақты қызу дайындықта жұмыс жасап жатқанын» айтты.
Ендеше «қош келдің, «ТТТ»! – дейік біз де.