Жағымпаздық – АУРУ ШЫҒАР…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №17 (288) от 29 апреля 2015 г.

 

Турабилер тұғыры

 

Дина Төлекова:

Астанада такси ұстадым… Жүргізуші сөзшең, ақкөңіл жігіт ағасы екен. Асты-үсті бірдей сары наплёнкімен қапталған жасанды тістері жалтырай, өзі арқырай әңгіме айтып келеді:

– Сайлауға барам, амандық болса!

– Кімге дауыс бересіз?

– Осындай сұрақ бола ма екен? Шалға, әрине! Басқа ешкім жоқ қой…

– Ол кісіге не үшін дауыс бересіз?

– Мынаның бәрін (қолымен көшені нұсқап) кім жасап жатыр? Шал емес пе?

– Жалғыз өзі ме?

– Ойбай-ау, енді басқа кім? Бәрі шалдың арқасы.

– Өміріңізге риза секілдісіз. Табысыңыз күшті-ау, ә?

– Шымкенттен келгеніме екі жыл болды. Отбасым әлі сонда. Өзім оқранада жұмыс істеймін. Айлығым быыыылай жетеді! 100 мың алам! Пәтер жалдауға ақшам кетпейді. Жұмыста қонам. Солай жағдай жасап қойған. Тамағым тегін. Аллаға шүкір деймін де…

– Аман болыңыз! Сайлауға барып, осы «ғажап» өміріңіз үшін шалға дауыс беріңіз! Тек байқаңыз, басқаға дауыс беріп қоймаңыз!

Әрине, соңғы екі сөйлемді іштей айттым… Күңкілдемей, күбірлемей, дауыстап айтқым-ақ келді, айта алмадым… Ақжарқын жанның өзі жасап алған «жұмағын» бұзғым келмеді… Ескі «Лада» гүр етті… Сұлу қала, сұрқия тірлік… Жүрегі құрғыр дір етті…

 

Нуриддин Бидосов:

ЭКСПО-ға 777 күн қалды, елдің орталығын су басып, Сыр елінде өткенде – үй, бүгін Алматыда көпір құлады. Доллар ұшады дей ме?.. Общым, құламайтындай киіз үйге көшіп, ен далада атқа мінсең, развязканың қажеті де жоқ. Су қаупі төнсе, бір-екі сағатта көшіп кетесің. Экологиялық таза өнімді тұтынасың. Күн, жел мен су қуатын уот нағыз сол кезде пайдаланасың. Тезек-жидек тересің. Айдалада доллардың да қажеті шамалы…

Жемқорлар жей берсе, парақорлар пайдасын ойласа, еліне жаны ашымайтын ел ағалары үн қатпаса, дамудың емес, лағудың жолына түсеміз бе?!.

 

Марат Тоқашбаев:

Қазақ халқы Қазақстан топырағында АЭС салуға қарсы. Бұл өте қауіпті. Оның үстіне В.Школьник құрылысты ресейліктерге тапсырғанды жөн көреді. Ал Ресейің бұрынғы білім-білігінен баяғыда айырылған. Осы заманғы технологиялардың шаңына ілесе алмай қалды. Дәл қазір Қазақ елі үшін энергияның «жасыл» көздерін дамытқан әлдеқайда орынды. Құдайға шүкір, Алла тағала қазақ жерін желден де, Күн сәулесінен де кенде қылмаған. Алдымыздағы 4 мамырда Алматыда Ұлттық баспасөз клубында «Халық АЭС-қа қарсы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтпек. Мақсат – АЭС-қа қарсы қол жинау. Қазақстанды атом моласына айналдырып алмайық! Үндеуге қол қойыңыздар!

 

Қуандық Шамахайұлы:

«Ұлының үнін есті, үйіне барма», «Тамашаны алыстан ғана тамашалау керек» деген афоризмдердің растығына көз жеткізесің кейде. Атағы жер жарған кейбір адамдармен тым жақын араласып, тани бастағанда, сенің қасыңда жіп есе алмайтын әлсіздігін, жалған пиардың арқасында ғана жарнамасы керемет демесең, іс жүзінде жай бір пенде екенін көргенде, көңілің су сепкендей басылады. Ал екіжүзділігін, тіпті жоғарыға жағымпазданғанда тізгін-шылбырдан айырылып қалатынын көзбен көрсең, өтірікті шындай ғып көпіргенін өз құлағыңмен естісең, тіпті түңілесің. Бірақ солардың бәрі қазіргі қоғамда өлердей мақталады. Ол екіжүзді аяр жағымпаздардың түрін де көрмегендер дақпыртқа еріп, ауыздарының суы құрығанша мақтап, дәріптегендерін көргенде, Ұлы Абайдың «қазақтың өлгенінде жаманы жоқ…» дегені еске түседі.

(Пікірлер интернеттің әлеуметтік желілерінен алынды)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн