Қазаққа азаматтар ЖЕТІСПЕЙ ЖҮР…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №17 (288) от 29 апреля 2015 г.

 

Еске алу

 

«Қазаққа бір Тоқтарбек керек екен…». Жасындай жарқылдап өткен Тоқтарбек Калибеков сынды азаматтың ортамыздан кеткеніне сегіз жылдың жүзі болып барады. Егер тірі болса, бүгінде ұлтының қамын жеген Тоқтарбек есімді қазақ зиялысы – биылғы жылдың сәуір айында 70-ке толар еді.

Семей өңірінің тумасы, қарапайым агроном деңгейінен парламентте комитет басқару ісіне дейін өз еңбегімен өскен азаматтың өмір жолы кімге де болса үлгі-тін.

Оның парламенттегі жылы жұмыс орнын халықтың қамы үшін тастап кеткені де үлкен сабақ.

…Бөлмеде алшаң басып,

адымдайсың,

Жел сөзге қамалдай боп

алынбайсың.

Ойыңды өткізе алмай «жоғарыға»,

От болып ұшқын шашып

жалындайсың.

Қиянатқа шыдамай ширығасың,

Сабыр ет, аман болсын

алтын басың.

Шындыққа жет, жауыңды

жайратады,

Әділдіктен жаратып атқан тасың.

Бұл оның 1997 жылы парламент төрінде отырып жазған «Өзіме» деген жыр жолдары. Өкінішке орай, Ағаның алтын басы аман болмады, ол атқан «әділдік тасы» әлі нысанасына жете алмай келеді…

Ол елде алғаш құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының, «Әділетті Қазақстан үшін қозғалысының», «Нағыз Ақ жол» партиясының аппараттарында жауапты қоғамдық қызметтер атқарды.

Оппозиция серкесі аталмаса да, оның: «Биліктен қорықпаңдар, жігіттер!» деген қайсарлығын әріптестері бағалай білген-ді. Әсіресе Зәкең (Заманбек Нұрқаділов) оған ерекше құрметпен қарап:

Біреуге іні, біреуге аға Тоқтарбек,

Бұл өмірде шалып кетер оқтар көп.

Бірде еріп, тоңазитын заманда,

Өз басыңа тиеді кеп шоқпар боп…

– деп әрі сақтандыра, әрі құрметпен жыр жолдарын арнағанын көп адам біле бермейді. Досқа адал, туған-туысқа қамқор, халқына жанашыр, өткір тілді азаматтың оқыстан қаза болуы да өзінше бір жұмбақ.

Халықтың қамын жеп, мұңын мұңдаған Тоқтарбек Қалибеков бір сәт үнсіз қала алмай, сол тұстағы оппозициялық басылымдарға тіл мен сайлау, қазақ ауылының жағдайы туралы өткір-өткір мақалалар жариялады. Оның бір мақаласы «Бұл сайлаудан ұтарымыз шамалы» деп аталып, онда Қазақстандағы сайлаудың әділетсіздігі ашық сыналады. Алматы қалалық мәслихатына депутаттыққа кандидат болып жүрген кезде жазылған бұл мақаласында ол: «Мен бұл сайлауда жеңіске жетпейтінімді білемін. Өйткені халықтың сөзін сөйлеп, сойылын соғатын мен сияқты азаматтар сайлау жолымен де өз дегеніне жете алмайды. Зағипа Балиева (сол кездегі төрайым) бастаған ОСК-нан бастап, учаскелік комиссияға дейін халық қамын ойлағандарды мақсатына жеткізбей, қылтасынан қияды немесе адам сенгісіз желеулермен кандидаттар қатарынан шығарып тынады».

Осы жолдар жазылған 2003 жылдан бері аттай 12 жыл өтіп, біз бүгін тағы бір сайлауды ұмар-жұмар өткердік. Тоқтарбек аға дәл айтып кеткен жағдайдан басқа не өзгерді?! Ешнәрсе де!

…Өзі «Жайсаң» деп атайтын Зайсанында жатқан Ағаның жатқан жері жайлы болсын, дейміз тағы да… Рас, қазаққа осындай азаматтар жетіспей жүр…

Гүлмира

ТОЙБОЛДИНА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн