Халықаралық «Тurkvision-2014» ән байқауында бас жүлдені иемденген Жанар Дұғалова өзіне жеңіс сыйлаған әніне бейнебаян түсірмек.
Белгілі шоу-сылқым Баян Есентаева өзінің «бағымындағы» «KeshYou» және «Лашын» топтарына, жас әншілер Кәмшат Жолдыбаева мен Ерке Есмаханға клип түсіру үшін Үндістанға барып келгені мәлім. Міне, ендігі кезек Жанарға да жетті.
Бірақ бұл бейнебаян үнді елінде емес, көрші Мәскеуде түсіріледі екен. Ал егер Жанарға жеңіс әкелген ән ата-бабаларымыздың тарихы мен ерлік жолын баяндайтынын ескерер болсақ, ол клиптің Ресей жерінде түсірілетіні түсініксіз.
Осыған наразылығын ашық білдірген «Инстаграмм»-достарына Баян-сұлу өз ойын айтты: «Қазақтар ешқашан жерімен шектелген емес. Олар да өз уақытында Мәскеуге барып тұрды. Абай атамыз Пушкинді аударса, Мұстафа Шоқай Берлинде жерленді. Ал Шоқан Уәлиханов – орыс офицері болған» деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы. Егер тарихтың қатпар-қатпар қойнауына үңіле білсек, расында да, қазақтар Ресейдің астанасы Мәскеуді де жаулап алған халық екені даусыз. Беларусь президенті Александр Лукашенконың тілімен айтар болсақ, Тоқтамыс хан Мәскеу кінәздігіне иелік етсе, ол да «қазақтың жері» болғаны. Олай болса, Жанардың бейнебаяны Мәскеуде түсірілуі – тарихи сабақтастық белгісі деп білу керек. Баян мен Жанардың ормандай орысқа «жорығы» құптарлық жағдай.
Еске сала кетейік, былтырғы жылғы халықаралық дүбірлі ән байқауында түркі әлемін таңдандырған «Ізін көрем» әні Жанар мен белгілі айтыс ақыны Ринат Зайытовтың бірлесе жазған дүниесі еді. Енді ол клип қай жерде, қай елде түсірілсе де, оның өн бойынан бабалардың ізін көре білсек – болғаны.