Өткен президенттік сайлау науқаны барысында газет редакциясына Керекуден (Павлодар) хат келген еді. Хат ҚР Президенті Н. Назарбаевқа, «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекке, Павлодар облысының әкімі Қ.Бозымбаевқа, Павлодар облысының прокуроры М. Жөргенбаевқа, ҰҚК Павлодар облыстық департаментінің директоры Н.Нурсипатовқа және тәуелсіз газеттерге арналған екен. Біз сол хатта көтерілген мәселенің маңызын ескере отырып, оны қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Сіздерге Кереку қаласындағы қоғамдық ахуал жөнінде айтпақпыз.
1.Георгий лентасы. Тарихтан белгілі, бұл лентаның 1941–45жж. Екінші дүниежүзілік соғысқа еш қатысы жоқ. Сондықтан да Қазақстан мен Беларусь сол кезде кеңес империясының құрамында болғандықтан, әкелереміз бен аталарымыздың сол соғысқа қатысқандығының белгісі ретінде арнайы символика бекітілді. Бұған себеп болған, 18 ғасырлардан басталған «За походы в Центарьную Азию», «За взятие г.Чимкента», «За хивинский поход», «За покорение ханства Кокандского», «За отличие на Кавказ и взятие штурмом крепости Геокъ-Тепе», «Георгиевский крест», «Орден святого Георгия победоносца» ордендері осы лентаға бекітілетін болған. Өз бабаларымыз Кенесары ханның, Исатай мен Махамбетің, Кавказдағы Шәмілдің, т.с.ұлт-азаттық көтерілістерді жаншығандарға берілген.
Аталмыш лента 2006 жылдан бастап, Ресей мемлекетінде жеке қолданысқа енгізіліп, сәл кейін біздің елде де таратыла бастады. Қазіргі интернет жүйесі арқылы халық көп жағдайларға қанық. Осыны білген қазақ, өзбек, ұйғыр, басқа да Орталық Азия халықтары, кавказдықтар, украиналықтар, басқа ұлт өкілдері жаппай сатылып жатқан осы ленталарға қатты наразы. Қазіргі соғыс жағдайында бұл лента Украина үшін де басқыншылықтың символы болып отыр. Бұл лентаны тарату – ел ішіндегі тыныштықты бұзу, арандату. Кеңес уақытының өзінде 9 мамырда алаңға шыққан ардагерлер тек орден-медальдарын тағып шығатын. Ешкімнің лента таққанын көргеміз жоқ.
Бұндайды қадағалап, келеңсіз жайттардың алдын алып отыру міндеті жүктелген Павлодар облысы ішкі саясат басқармасы қол астындағы БАҚ-тарға 15.04.2015ж. Егемен Қазақстанда үкіметпен бекітіліп шыққан мемлекет символикасындағы лентаны болса да (өкінішке орай, онда да Георгий лентасы белгісіз себеппен белгіленген?) насихаттауға жол бермей отыр. Бұл жөнінде әкімшілік газеттері «Ертіс медиа» ЖШС басшысы Неволин: сіз Копенов мырзамен (обл. ішкі саясат) сөйлесіңіз деп отыр. Бірақ ол кісі мені жылдар бойы бір рет те қабылдамаған. Орынбасары Р.Шәмкенқызы қарастырамыз деп отыр. Олар 1 ай да қарастыруы мүмкін… БАҚ-тар арқылы еш ақпарат таратқысы келмей, мемлекет символикасындағы лентаны насихаттамай отырғандары, облыстағы, қаладағы болуы мүмкін келеңсіздіктердің алдына алмақ түгілі, керісінше, сондай жағдайдың болуын қалап отырған жоқ па екен деген ой тудырады.
Бұл мәселеде ең басты масқара – мемлекет 9 мамырға арналған өз символикасын бекітсе де, Георгий лентасына еш тосқауыл қоймауында. Мағына жағынан: бір лента еліміздің көгілдір рәміздері түстес, патриоттықты насихаттайтын символикасы деп есептелсе, мына лента көзі ашық қоғамға, Ресейдің отарлаудағы басқыншылығымен ұштасатын символы ретінде қабылданады. Сонымен тәуелсіздік жылдары негізінен ынтымақта қалыптасқан елдің қоғамы екіге бөлінуде! Бұған ең басты кінәлілер – мемлекет басындағылар. Бұл жағдай – мемлекет одақтас Ресейдің қабағынан қорыққандықтан, өз қоғамын өзі екіге бөліп отыр деген сөз. Әу баста бұл одақтық тек экономика саласын қамтиды деген сөздер жайына қалып, еліміздің қоғамы екіге бөлінуі қауіптілігінен де көршінің қабағы қорқыныштырақ болып отыр ма? Осы сұрақты Президент мырза, сізге қойып отырмыз!
Руза Бейсенбайтегі – «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің мүшесі; Қайырболат Нұрбаев – тарих ғылымдарының докторы, профессор; Жеңіс Тілеубай – энергетика аудиторы; Мақсұт Қалиев – зейнеткер; Жәнібек Смағұлов – шаруашылық қожалығының жетекшісі; Айдын Сарбаев – банк қызметкері; жұмысшылар – Қанатбек Набиев, Гүләйім Сейдуалиева, Сағындық Кемел, Гүлсім Мырзағали – студент
«Фейсбуктағы» айыптау
Мынау қыз – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Татьяна Мирсултанова Қазақстанда тыйым салынған Георгий лентасын таратып жүр. Сепаратизм мен жікшілдікке қарсы күресудің орнына арнаулы қызметтің өкілі оны таратуда. Бұл жағдайды Қазақстан ҰҚК-нің басшылығына жеткізу керек.
Ал екінші суреттегі Георгий ленталарын көрші мемлекет өз елшілігі арқылы таратуда. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыртқы істер министрлігі қайда қарап отыр? Украинаға жасалған агрессия да осындай ленталардан басталған. Кейіннен бұл лента жікшілдердің айырым белгісіне айналды. Қазақстанда фашизмге жол жоқ!
(Серікжан Есенғосұлының парақшасынан)