Үш сағаттық жерден келген БІР УЫС ТОПЫРАҚ

 

 

Жеңістің 70 жылдығына орай Мәскеу облысы өкілдері Алматыға топырақ салынған капсула мен Жеңіс туының көшірмесін әкелген еді. Құрамында аты шулы «Ночные волки» мотоклубының өкілі де бар делегация бұны «Ұлы Отан соғысындағы жеңіс символдары» деп атапты.

 

Алматылықтарға табыс ету үшін Мәскеу облысы өкілдері әкелген «жеңіс символдарының» бірі – 1941 жылдың 16 қарашасында Дубосеково разъезі түбіндегі әйгілі шайқас болған жерден алынған топырақ салынған капсула. Бұл шайқасқа Қазақ ССР-і мен Қырғыз ССР-і тұрғындарынан құрылған 316-атқыштар дивизиясының 28 жауынгері қатысқан деп саналады. Дивизияны генерал-майор Иван Панфилов басқарғаны белгілі. Әлгі екі символды тапсыру рәсімі мамырдың 10-ы күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өтті.

Капсула әуелі генерал Панфиловтың жиендері Әлия және Алуа Байқадамоваларға табыс етілді. Екеуі капсуланы бірден Алматыдағы генерал Панфилов атындағы 54-ші Қазақстан–Ресей гимназиясы директорына берді. Ол енді мектептің жауынгерлік даңқ мұражайы экспонатына айналмақ.

Ал Жеңіс туының көшірмесі кезінде рейхстагқа ту тіккендердің бірі Рақымжан Қошқарбаев директоры болған «Алматы» қонақ үйіне берілді. 1945 жылдың 30 сәуірінде ресейлік Григорий Булатов екеуі тіккен ту рейхстагтың маңдайшасында бір тәуліктей ілініп тұрған.

Бұл ерлігі үшін екеуін де Совет Одағының Батыры атағына ұсынғанымен, оларды «Қызыл жұлдыз» орденімен ғана наградтаған. Р.Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы қайтыс болғаннан кейін, 1999 жылы берілген. Жеңіс туының көшірмесі әскери-тарихи мұражай ашылған соң, сонда сақталады.

 

Comments

 

Жетпіс жылдан бері ұшақпен ұшса – үш сағат, поезбен жүрер болса – үш күндік жерден неге «жете алмай» қалған «топырақ» ол?

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн