«Общественная позиция»
(проект «DAT» №19 (290) от 14 мая 2015 г.
Жаңа кітап
Жуықта Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын ұйымдастырушыларының бірі, ол қоғамда шаңырақ көтергелі, оның тұрақты басқарма мүшесі, біраз жыл президенті, соңғы кездері төраға орынбасары ретінде жұмысына белсене қатысып келе жатқан жазушы және тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың «Әділет» туымен ширек ғасыр» деп аталған публицистикалық хроникасы «Абзал-Ай» баспасынан жарық көрді.
Жинаққа автордың «Әділет» идеяларын насихаттауға, сталинизм қылмыстарын әшкерелеуге, тарихи білімді таратуға байланысты әр кезде жазылған мақалалары, түрлі жиындардағы сөздері, баяндамалары, әзірленуіне тікелей өзінің қатысы болған құжаттар, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары енгізілген. Кітап қайта құру дәуірінде өмірге келіп, тәуелсіздікпен бірге даму үдерісін бастан кешіп келе жатқан қоғамның жиырма бес жылдық ғұмырынан пайдалы мағлұматтар береді.
Ширек ғасырлық ғұмырында «Әділет» тоталитарлық кезеңнің бұрмалауларын әшкерелеуді көздейтін түрлі ғылыми конференциялар, дөңгелек столдар және жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізді. Алматы түбіндегі «Жаңалық» мемориалдық кешенін, қалада саяси репрессиялар құрбандары мұражайын ашуға, қасіретті кезеңнен сыр шертетін алғашқы естеліктер кітабын шығаруға мұрындық болды. Жазықсыз оққа байланғандардың есімдері мен өмірдеректерін жария еткен «Азалы кітап» тізбегін шығарды. Жастарды тарихпен тәрбиелеу ісіне, қоғамдық сананы жаңаша қалыптастыруға, демократиялық құндылықтарды орнықтыруға хал-қадерінше атсалысып келеді.
Осы мерейжасқа орай шығарылып отырған аталмыш жинаққа берген алғысөзінде Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес қоғамның «мемлекеттік тәуелсіздігімізден екі жыл, сегіз ай бұрын дүниеген келгенін» атап айта отырып, «Әділет» «өзінің сталинизм қылмыстарын әшкерелеу, жабық тақырып саналып келген саяси қуғын-сүргін және алапат ашаршылық шындықтарын ашу, жазықсыз құрбан болғандарды ақтау ісіне атсалысу сынды бағдарламалық жұмыстарын атқара жүріп, сол арқылы еліміздің егемендікке қол жеткізуіне белгілі бір дәрежеде өзіндік үлес қосты» дейді.