Айтпақшы
Тұмағаңның (Тұманбай Молдағалиев – Ред.) ескерткiші тұрмақ, ең болмаса өзi туып-өскен ауылға атын да қимай отырмыз. Оны айтасыз, өзi өлердей сүйген Алматысында бiр көшенiң аты берiлген жоқ. Марқұм ақын Масанчи атындағы көшеде тұрды.
Масанчи деген кiм едi? Мағаз Масанчи – атышулы революционер болды, Жетiсуда Кеңес өкiметiн орнату жолында күрестi, Қазақстанның басқа аймағы ондай дүнгендi бiлмейдi де. Алаш баласы үшiн ол жасаған төңкерiстен гөрi, қазақ руханиятында Тұмағаң жасаған өзгерiстер құндырақ емес пе? Тұмағаңның ауданының аты – «Еңбекшiқазақ», ауылының аты – «Казатком» – осының екеуi де келiсiп тұрған ат емес.
Асылы, өзгерiс (қай өзгерiс те) өлiлерге емес, тiрiлерге керек. Ештеңе өзгермесе де, Тұмағаңның ештеңесi кетпес. Қадыр тiрiлiп келiп, өз атына көше сұрамайды. Ахметжан Есiмовтiң Сағи Жиенбаев деген ақынның өлеңi тұрмақ, атын естiмегенiне өз басым қатты сенемiн. Есiмов естiмеген нәрсе көп, бiрақ бұл естiмей кетедi деген сөз емес – бәрi үшiн жауап алынады ертең.
«Жас Алаш» газеті