Алматыда өртеніп кеткен «Адем» сауда орталығының жалға алушылары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан өрт себебін тексеруді ҚР Бас прокуратурасына тапсыруын сұрап, үндеу қабылдады.
«Біздің ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қабылдаған үндеуімізде бір ғана өтініш: Бас прокуратура өрт себебін тек тексеруді ғана өз бақылауына алмай, осы әлеуметтік маңызды істі заңға сәйкес өз өндірісіне қабылдауын сұраймыз», – делінген дүйсенбі күні баспасөз мәслихатында таратылған ақпараттық парақшада.
Бұл ретте жалға алушылар «Адем» СО ғимаратының меншік иесі болып табылатын «Алматы ХХІ ғасыр» ЖШС активтеріне қамау жариялауды сұрады. «Тергеу тобы құрылды ма, егер құрылса, оның жетекшісі кім және зардап шеккендер кімнің атына шағым, өтініш, арыз бере алады. Атап айтқанда, алдағы шағымдарды қамтамасыз ету ретінде «Алматы ХХІ ғасыр» ЖШС активтеріне қамау жариялау туралы өтініш», – делінген үндеуде.
Ақпараттық парақшада атап көрсетілгендей, жалға алушыларға келіп түскен ақпарат бойынша, тергеу органдары өртке айыптылардың жоқтығы туралы шешім қабылдап қойыпты. «Мысалы, «Алматы ХХІ ғасыр» ЖШС-тен келіп түскен хабарлар бойынша, прокуратура мен тергеу органдары өртке айыптылар жоқтығы туралы процессуалдық шешім қабылдап қойыпты, ал «Алматы ХХІ ғасыр» ЖШС бас директоры Е. Тыныбаев мырза толығымен ақталып шығыпты», – делінген ақпараттық парақшада.
Одан басқа, зардап шеккен жалға алушылар президенттен «тергеу барысы туралы тергеу құпиясы болып табылмайтын, бірақ адамдарды дүрліктіріп жүрген қауесеттерді теріске шығаратын, қылмыстық қудалау органдарының адал қызметкерлеріне дақ түсірмейтін ақпаратты жариялауға тапсырма беруді» сұрады.
Еске салсақ, «Адем» СО-дағы өрт 26 сәуірде кешкісін орын алды. Оны тек 27 сәуірде таңертең ғана сөндіру мүмкін болды. Өрт ауданы 25 мың шаршы метр болды.
ҚазТАГ