ҚҰЛДЫҚТЫ ЗАҢДАСТЫРАТЫН КОДЕКС кері қайтарылуы керек, дейді тәуелсіз кәсіподақтар

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №34 (305) от 08 октября 2015 г.

 

 

Кеше Тәуелсіз кәсіподақтар парламент мәжілісі екінші оқылымда мақұлдаған Еңбек кодексі жобасын еңбекшілердің мүддесін ескере отырып, қайта пысықтап шығуға шақырды.

 

Парламент мәжілісі Еңбек кодексі жобасын дүниежүзілік лайықты еңбек күнінде мақұлдады. Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы (ҚТКК) мерекені Еңбек кодексі жобасына қарсы кезекті мәлімдемемен және ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдаумен «атап өтті».

ҚТКК өкілдері «жобада еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзу негіздері көбейген» деп алаңдайды. ҚТКК президенті Лариса Харькова мұндай негіздерге кәсіпорын жұмысы тоқтап қалған жағдайда жұмыс беруші қызметкерді денсаулығына зиян келмейтін кез келген бос орынға оның келісімінсіз ауыстыра алады деген норманы қосады. Бұдан өзге жобада жұмыс уақытынан тыс және мереке күндері істеген жұмысы үшін төленетін еңбекақы коэффициентін азайту көзделген.

Лариса Харькова қызметкерге қарсы бағытталған, бірақ жұмыс берушінің мүддесін қорғайтын осы және өзге нормалар құжатты халыққа қарсы жобаға айналдырып отыр, дейді. «Бұл – көптеген кәсіпорындағы құлдықты заңдастырып беру» деп бұрын да талай айтқанбыз, әлі де қайталаймыз», – дейді Лариса Харькова.

ҚТКК президенті «жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында туындауы мүмкін еңбек даулары мен жанжалдарын қарауда кәсіподақтардың рөлін мүлде кемітіп жіберген еңбек кодексі жобасы кәсіподаққа да қарсы кодекс» дейді. Оның үстіне Лариса Харькова жаңа Еңбек кодексі жобасы елде жетілмей қалған ұжымдық шарттарды кәсіпорындарға енгізуге негізделгенін айтады. Бірақ, оның пікірінше, оларды дамыту үшін мықты тәуелсіз кәсіподақтар керек, ал олар жоқ. Мұның бәрі ҚТКК-нің қазір парламентте қаралып жатқан Еңбек кодексі жобасын қарауды тоқтатып, қайта пысықтауға жіберуді және еңбекшілердің талқысына салуды сұрап, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдауына түрткі болған.

Бұл – ҚТКК-нің Еңбек кодексі жобасына байланысты ел президентіне жолдаған екінші үндеуі. Конфедерация президенті «бірінші үндеуде баяндалған жайттарға қатысты оң шешім қабылданған жоқ» дейді.

Бұдан ертеректе Маңғыстау облысындағы 16 мұнай кәсіпорнының кәсіподақ ұйымдары жаңа Еңбек кодексі жобасының үкімет ұсынған нұсқасын қарауды тоқтатуды сұраған. Мұнайшылар кәсіподақ ұйымының кейбір жетекшілері «Еңбек кодексі жобасын сынағанымыз үшін қылмыстық қудалауға ұшырадық» деп шағымданады.

 

Қазис ТОҒЫЗБАЕВ,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн