«Общественная позиция»
(проект «DAT» №34 (305) от 08 октября 2015 г.
Ойдан-қырдан
«Мен сыйға тартқан орамал…» деп, сағыныш қылын шерте шырқайтын Роза Әлқожаның әні енді кәдімгі сән үлгісіне айналатын болды. Бұған дейін біраз БАҚ баян еткендей, бұдан былай бес баланың анасы Роза ханым «Alkoja» деп аталатын бренд орамалдар үлгісін сатылымға шығарады.
Орамал таққан қазақ қыздары одан сайын сүйкімді болсын деген ниеттен осы әнді материяға айналдырып, арнайы өндіріс ошағын және сауда дүкенін аштық, деген еді әнші-сазгер-ақын Роза брендтің ашылу рәсімінде. Бірақ сөзді сөйлей салудан оңай іс жоқ, ал мына жұлымыр заманда оны іске асыру оңай емес. Оны Розаның өзі де айтты: «Бір істі бастаудың өзі оңай емес: тігін цехы керек екен, жақсы маталарды таңдай білу керексің… Эксклюзивті орамалдарды қыздарымыз екі ай жасады. Әзірге үш тігіншіміз бар. Бағасы аса қымбат емес. Оның қасында басқа елдің де өнімдерін сатып алып жүрміз. Неге отандық өнімді қолданбасқа?.. Қазақтың да брендтік нәрселері болсын деп, «Alkoja» деген атпен орамалдар шығаруды қолға алдық», – дейді әнші.
Несі бар – дұрыс бастама. Бұған дейін белгілі поп-жұлдыз Қайрат Нұртас та өзінің «KN» деп аталатын киімдер үлгісін шығара бастаған. Біреулер бір ішерлік арақ шығарады, енді біреулер бір т…шарлық пельмен сатады: оның қасында Розаның орамалы ән емес, іс жүзінде қазақ қыз-келіншектерінің басына иман қондырарлық қасиетті бастама.
Айтпақшы, орамал дүкенінің ашылуына Розаның өнердегі әріптестері мен дос-жарандары арнайы келіп құттықтады. Қонақтардың арасында қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова дәстүрлі түрде дүкеннің қызыл лентасын қиды.
Шамасы, Розаның осы дүкенінен кейін «Орамал тон болмайды, жол болады» деген мәтелдің мәні өзгеретін шығар.
Себебі – бүгінде бренд қуған қыз-қырқын «Луи Витон», «Армани», «Версаче», т.б. бренд орамалды қазақтың қара тонына айырбастамайды. Ал Розаның «Alkoja»-сы көптің көңілінен шыққан сұранысқа ие болса, бренд қуып, Батысқа барудың қажеті болмай қалады.
Жансая ЕРТАЙ