«Общественная позиция»
(проект «DAT» №35 (306) от 15 октября 2015 г.
Апта аптығы
Темірқазық
Серікжан мен Ермекті «ұстап беруге» себеп болған баспасөз мәслихатынан кейін маған осындай ой келді: «Екі қазақты үш қазақ соттатып жіберді…» деген. Оның орысшасын әлеуметтік желіде «Тройка» казахов накатали кляузу на два казаха» деп, өзімше орысшалаған болдым. Орыстың «оборот» деген пәлесімен қарайтын болсақ, бұл тіркесте қателік кетіп қалуы әбден мүмкін.
Бірақ осы тіркесте қателікті қайдам, ал бір шындық барын сезем. Ол шындық – орыстың «тройка» деген суық сөзін сағалапты. Қазақшасы – «үштік». Қарапайым ғана жинақтық сан есім болса да, үңірейген «үштіктің» ызғары қайтадан сезіле бастаған сияқты.
Қараңыз: үш қазақ – Бейсенбай Құсбеков, Гүлбахрам Жүніс және Нұрлыбек Қуанбаев баспасөз мәслихатын өткізеді (төменгі суретте). Жәй ғана қазақтар емес, «Желтоқсан ақиқаты» деген дардай атауы бар қоғамдық ұйымның мүшелері. Ақиқат іздеп жүрген түрлері болу керек… Содан олар алады да, анау екеуін жерден алып, жерге салады: «Ұлтаралық араздықты қоздырып жүр», «іріткі салып жүр»… «бұларды жауапқа тарту керек» деген сыңаймен сайрайды-ай кеп-кеп-кеп!
Сол-ақ екен – Ермек пен Серікжанды сауысқаннан сақ сақшылар сап еткізіп ұстайды. Апарады да, қолма-қол соттап, абақтыға жабады да салады. «Чем не «тройка»? – дейсің тағы орысшалап. Нап-нақ сонау Сталиннің заманындағы «тройка»: тергеу жоқ, тексеру – әдірам қалды, адвокат керек емес. Құдайдың рахаты: ұстайды да қамайды.
Ендігі қалғаны – «тройканың» ұйғарымымен сотсыз ату. Тағы бір есте болар жәйт – «черная воронка» деп аталған қызыл чекистердің «қара қарға» көліктерін көше-көшеге қаптатып жіберу.
Ал енді бұл Бапи неге орысша сөйлегіш боп кетті дерсіз? Тағы айтайын – гогольшылап: «Господа, к нам едет ревизор…». Путин деген. Кәдімгі орыстың ақ патшасы. Астанадағы Ақордаға келе жатыр. Бүгін-ертең біздің НӘН көкемізбен «по натуре» сөйлеседі. Олар баяғы Еуразиялық одақтың оңбай қалған қыртыл-сыртылын қаужар, рубль мен теңгенің жырын жоқтар: бірі патша, екіншісі хан болған соң – өз еріктері.
Ал біздің Серікжан мен Ермекке осы Путиннің қандай қатысы бар дейсіз ғой тағы? Екеуі де «натуральный» бұзық: Серікжан – желінің «жөлігі», Ермек – алаңға атып шыққыш. Біріншісі – Ресейді іреп тастайды, екіншісі – алаңда атойлап, Путинді кет-кеттің астына алуы мүмкін. Ал біздің «тұрақтылық» тұнып тұрған елімізге мұндай хулигандар қажет емес: екеуін еркіне жіберсек, патшалық Ресейді ренжітіп алуымыз әп-сәтте.
Кезіндегі елтірі плащты итальяндық кәстөмге айырбастап киген біздің бүгінгі чекистердің «тройканы» түрттірген түрі – осы-ақ. Екі «түремшік» 72 сағаттық қамаудан шыққан кезде Путин Кремліне кетіп бара жатады…
Ермұрат БАПИ