«Общественная позиция»
(проект «DAT» №37 (308) от 29 октября 2015 г.
Турабилер тұғыры
Марат Тоқашбаев:
«Нұр Отан» партиясы филиалының Тараздағы офисі жанында өзін-өзі өртеген 20 жасар жас өскін Ерлан Бектібаевтың тағдыры жанымызды түршіктірді. Адам өзіне-өзі қол көтеруге әбден ашынған, тығырыққа тірелген, басқа амалы қалмаған жағдайда барады. Сондықтан ол баланы ұстап, қалтасына есірткі салып, қорқытқан, бопсалаған полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК «өзін-өзі өлтіруге итермелегені үшін» бабы бойынша іс қозғалып, жазалануы керек.
Өзін-өзі жұрт көзінше өртеу – бұл қоғамға, билікке, әділетсіздікке наразылық. Бұл он екіде бір гүлі ашылмаған бозбаланың соңғы жанайқайы. Өзін ақтап шығуға мүмкіндігінің жоқтығы. Халықты бұлай ашындыруға болмайды. Тексерушілер «бұл бала псих-ауру екен, наркоман екен» деген сияқты сылтаумен жауырды жаба тоқи салмасын. Құқық қорғау органдарының жеке құрамы қылмыскерлерді құрықтаудың айла-амалдарын қарапайым халыққа қолданбауы керек. Жазықсыз азаматтарға әлдебір қылмысты «іле салу» үдерісі түптің түбінде жақсылыққа соқтырмайды. Полицейлер арасында тәрбие жұмыстары жүргізіліп, азаматтық, әділдік, имандылық ұғымдары жүректеріне жеткізілуі керек. Полиция қызметкерлерінің имаммен болмаса да, зиялы қауым өкілдерімен, жазушылармен кездесулерін неге өткізбеске?! Ішкі істер органдарының халық алдындағы беделі адамгершілігімен, әділдігімен ғана көтеріледі. Ведомстволық «отитке» ұшырамай, баланың жанайқайын ҰҚК, Бас прокуратура, ІІМ естісін! Естіп қана қоймай, тиісті шара қолдансын!
Айгүл Орынбек:
«Ақ жол» партиясы Мәсімовтан әлеуметтік желі жайлы емес, еліміздегі жағдайды бақылауды неге сұрамайды? Доллар неге қымбат, мұнайдан бөлек соншама байлығымыз бар, солардың қаржысы қайда екенін неге сұрамайды, а? Әлде бәрінің қолынан келетіні – дүбәрә болып жүрген халықты анда-мұнда тепкілеу ме? Мықты болсаңдар, уранның ақшасы қайда? Қалған 99 элементтің ақшасы қайда? Арендаға беріліп жатқан жерлердің ақшасы қайда – соны сұраңдар! Майда-шүйде дүниені халық өзі шешіп алады. Сендердің міндеттерің, партиялықтар, – халықтың жағдайын ойлау.
Серік Әбікен:
Келімбетов халықты тонамақ. Девальвация сайын «ұйықтап қалатын» бас банкирдің кесірінен халықтың ыңыршағы айнала бастағанымен шаруасы жоқ, енді зейнетақы қорындағы ел ақшасын сыпырып алмақ. Әр салымға бір-бір қазақстандық ие екенін елемейді пақырың. Сұрамайды. Өзі алады, өзі береді. Бұрын «мемлекет деген – халық» деуші едік, енді «мемлекет деген – Келімбетов» боп өзгерді. «Мылқаулар елінде сақау да шешен» деген – осы.
Бақыт Жаншаева:
«Жер сілкінісі тәуекелділігін әлсірету». Астана телеарнасының жаңалықтарында сюжет осылай аталады. Осы сөз тіркесінен не түсінуге болады? Жер сілкінісі тәуекелділігі деген не?.. Тәуекелдің жер сілкінісіне қандай қатысы бар? Жер тәуекелге барып, сілкіне ме? Жердің тәуекелін кім, қалай әлсіретпек? Міне, жаңалық?!
Амангелді Керімтаев:
Халық сайламаған соң, әкiмдерден де, соттардан да «парақор» деген атақ қалмайды. Оларға ықпал ететiн тетiк болмаған соң, жоғарыдан тағайындалғандарға халық: «Текенiң көгi болсын, ағы болсын – бәрi сасық» деген баяғы көзқараспен жүре бередi.
Арман Сқабылұлы:
«Тәнің мен жаныңнан жаман иіс мүңкіп тұрса – бес уақыт дәрет алғаныңнан не пайда?» Бір әсіредіншіл інішектiң жазбасын оқыған соң, осындай ойға келдім. Алла тағалам өзі кешірсін, адамның мұндай «зомби» болуы сұмдық қой! Оның ойынша, әр адамның өз пікірі болмауы керек. Доллар көтерілсе де, қымбатшылық жайласа да, «ләббай тақсырлатып» отыра бергеніміз жөн. Әсіресе әйелдердің тіпті үндеуге қақысы жоқ. Бірдеңе деу үшін оларға отыз екінің аштығын көру керек екен. Сүйікті жұмысынан айырылғаны, баласына тамақ тауып бере алмай отырғаны, күйеуінің де жұмыссыздар қатарында екені есепке алынбайды. «Байға шықпағандардың» тіпті аузын ашпағандары дұрыс. Аузын ашқандары – өмірге өкпелілер көрінеді. Осы «зомбилер» ертең билік басына келе қалса (құдайым оның бетін ары қылсын), бүгінгімен жылап көрісерімiз анық. Бір-ақ рет берілетін мынау жалғанда менің де «зомби» болғым келмейді!
Айтқожа Фазыл:
Кімнен әлі ақша алғамыз жоқ?
А, есіме түсті – Палестина мен Сириядан!!!
Аман болса, оларға да «очередь» жетер.
(Жапония ресми көмек ретінде Қазақстанға 1,2 миллиард доллар берді деп мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев пен жапон премьері С.Абэмен өткен келіссөзден кейінгі ойы – Ред).
Аңсаған Мұстафа:
Біздің «идиолоктордың» бастары жасай ма, жалпы? Теледидарды қоссаң, 100 канал тұр самсап: оның 80-і Ресейдікі – жатып алып, Путинді мақтайды. Біздің 20 каналдың 10-ы да соларға қарап ұлиды да отырады: 10-ы ғана Қазақстан президентін мақтайды. Сонда біздің елдің азаматтарының миына «Путин жақсы» деген мағлұмат құйыла береді, құйыла береді. Ал біз кеше Ресейдің 28 панфиловшылары деген ертегісін түсіруге 80 миллион теңге жұмсаппыз… Қысқартыңдар! Каналдарды қысқартыңдар! «Ватниктар» шулайды деп қорықсаңдар, орнына Қырғыз, Өзбек, Украин елдерінің орысша тарайтын каналдарын сатып алып, қосып қоюға болады білдірмей.
(Пікірлер «Фейсбук» желісінен іріктеліп алынды)
АнекDAT
Қызым екеуіміз такси тоқтатып тұрмыз.
– Қонаев пен Бөгенбай… – деймін егделеу таксист
кісіге.
– Бөгенбайыңыз бұрынғы Киров па? Отырыңыз.
Сәлден соң қызым:
– Мама, сонда Бөгенбай атаның аты бұрын Киров болған ба?