Воскресенье , 20 апреля 2025

Розаның СЕНІМІ

Ойдан-қырдан

 

Кеше Алматыдағы Республика сарайында қазақ примадоннасы Роза Рымбаеваның «Ертеңіме сенемін» деген концерті өтті. Әйгілі әнші өз шығармашылығының 40 жылдығына арнаған бұл концертте ине шаншар бос орын болмады. Концерт басталар алдында алып-сатарлар бір билетті 25 мың теңгеден сатып жүргенін көрдік. Ішке ене алмай қалған қара-құрым жұртта сан жоқ.

 

Сахнадағы концерттің қызығын билет бұйырған жұрт өз көзімен көрді. Ән мен саздың сыңғыр сырын жазумен жеткізе алмаспыз. Ал сахна сыртында не қызық қалды?

Біріншіден, Роза-примадоннаның барлық жарнамаға жапсырылған мына суреттегі керемет көйлегін Дариға Назарбаева сыйға тартқан екен. Бұл жөнінде Роза айтыпты: «Әдетте концерт көйлегін өзім тапсырыс беріп тіккізуші едім. Бұл жолы мен Дариға Нұрсұлтанқызы сыйға тартқан Elie Saab лондондық маркідегі көйлекпен шығамын», – деп.

Екіншіден, елді дағдарыс жайлап жатқан заманда, Розаның «Ертеңіме сенемін» деген тақырыппен өткізген концертінен қос қисын іздеуге болады. Біріншісі – қиыншылық қысқан халықты жігерлендіру, оларды «optimus»-пен (оптимизм) қаруландыру қисыны. Бұны енді ел-жұртқа рухани жәрдем жасаудың жарасымды амалы деп түсінсек жөн.

Екіншісі – бұрындары өз концертін «Роза шақырады» деп атайтын әнші базар бағасы халықты қылқындырып жатқанын біле тұра, «Ертеңіме сенемін» дегені несі? Ертеңі түгілі, бүгінгі күні сары уайымға батқан жұртты жұбату жобасын аңғал әншіге кім ұсынды екен? Егер «Ертеңіме сенемін» деген тіркеске осы тұрғыда тіке қарар болсақ, Дариға қымбат көйлекті тегіннен-тегін сыйға тартпаған болар…

«Сенім» дегеннен шығады: бірде бір топ жұмысшы кезекті өткен кезексіз президенттік сайлау қарсаңында Жаңақорған қаласының қақ ортасында жарнамалық қалқанша орнатып жатады. Ол қалқаншада Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті мен «Мен халқыма сенемін» деген жазу болған екен. Сол кезде көшені бойлап келе жатқан бір жынды-сүрей: «О, шешең… Біз бұған сеніп жүрсек, бұл бізге сенеді екен ғой!» – депті дауыстап. Дәл сол сайлау болар шақта бір сенімнің екі екіұдай мағынасы кімге қаншалықты қымбат болғанын бажайлай беріңіз…

Қалай десек те, халыққа қытымыр шақта шым-шым шуақ шашқан Розаның рыздық концерті талай-талай жүрекке жып-жылы нұр құйып кеткені рас. Бұл арада нақұрыс нақыш алған «нұрды» дұрыс мағынада қабылдаған жөн шығар…

Сырым ДАТОВ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн