Қуғын-сүргін
Қарашаның 9-ында Астанадағы «Антигептил» белсендісі Болатбек Біләлов үш күнге қамалған болатын. Редакциямызға әлеуметтік желілерде «әлеуметтік араздық қоздыратын» белгілері бар ақпарат таратқан деген күдікпен қозғалған іс Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағынан 2 тармаққа ауыстырылып, сотқа дейін екі ай мерзімге қамалғаны жөнінде ақпарат келіп түсті.
Қылмыстық кодекстегі осы баптың қазақшасы былай деп жазылған екен: «Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше рет жасалған немесе күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен ұласқан, сол сияқты адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері жасаған дәл сол әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Осыдан түсінгеніміз – Біләловты үкіметтік емес ұйымның жетекшісі (лидер) ретінде жауапқа тарту көзделген.
Біләлов қамалған күннің ертеңінде «Антигептил» қозғалысының тағы бір белсендісі Мақсат Ілиясұлы өзін полиция ұстап әкеткені туралы әлеуметтік желіде хабар таратты.
«Президентке, премьер-министрге, мемлекеттік хатшыға арнайы хат жазып, бірлескен комиссия құруды, бірлесе отырып, халықпен биліктің арасын жақындастыру үшін ұсыныс жасап, бастама көтеріп жүрген Болатбек Біләлов пен маған қатысты қылмыстық істің қозғалуы – биліктің берген жауабы. Бірақ біз өз қызметімізді, ел-жұрттың мұңын айтып, құқығын қорғауды тоқтатпаймыз», – деп жазыпты Мақсат Ілиясұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мақсат Ілиясұлына Қылмыстық кодекстің 195-бабы 4-тармағы бойынша «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiрді» деп, іс қозғалған. Біз өзімен хабарласа алмадық, телефоны жауап бермеді. Газетіміздің келесі санында қоғам белсенділеріне қатысты толық ақпарат беруге тырысамыз.
Б.МӘКІМБАЙ