«ОБАЛ ЖОҚ»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №39 (310) от 12 ноября 2015 г.

 

Апта аптығы

Естелік қайтып келді…

 

Тоқсаныншы жылдардың басында дүкен сөрелері жылан жалағандай болды. Түк жоқ. Барының өзі қат. Қажетті дүниең табылса, оны алатын қаражат табылмайды дегендей. Сол кезде бірақ еңсеміз тік еді. Сөйлегенде иегіміз әуелеп барып қайтатын. Тәуелсіздіктің демі болса керек…

Әйткенмен де, жұрттың бәрі сонда «жоққа» бой алдырып қалған. «Мына кедейліктің сорынан енді құтылмаспыз», – дейтіндер де көп-тұғын. Талай атпал азамат дүниеден түңіліп, баз кешіп жатты. Ол кезді өкімет «өтпелі кезең» деп атап, әйтеуір өткелектен бір өтетінімізге сендіретін.

Талдықорғанда «Жерұйық» газетінің редакциясында отырамыз. Сырттан Әбен аға Дәуренбеков кіріп келеді. Әбен ағамен бірге редакцияға әдемі әзіл, күлкі ере келеді. Бәріміз Әбеңнің аузына қараймыз. Үлкендер жағы: «Мына дүние не боп кетті, қайда барамыз? Жиған-тергенімізді түгесіп біттік қой», – деп уайымдарын айтатын. Сөйткенде Әбен аға дауысын жіңішкелеп, созып сөйлейтін әдетімен: «Саспаңдар, мен магазин аралап келе жатырмын. Сөре толы нан. Иісі мұрныңды жарады. Жамандықтың беті қайтады. Нан бар жерде жоқшылық тұрмайды», – деуші еді.

Рас, сондағы қиын-қыстау заманда билік нанның «қадірін» айтып, бүгінгідей зарламаған еді. Енді еңірегенде етегі көзінің жасына толып отыр. Қайбір жылдары астықтың тең жартысын шірітіп алып, қалғанын шетелге сатып, қамбаны бос қалдыра жаздаған. Бұл, жаңылыспасам, 2005–2006 жылдары болған уақиға. Кезекті дағдарыстың қарсаңы еді. Тағы да, міне, дағдарыс. Бұл дағдарысты дара қарсы алудан «қорқып», Ресейдің қолаңса сасыған қолтығына кіріп кетіп едік, сорымыз сорпадай қайнауда. Бір нәрсені бүлдірерін бүлдіріп алып, соңынан «Өзіме де обал жоқ» дейтіндер болады ғой. Соның кері келіп тұр.

… Обал жоқ!

Даурен Куаттың «Фейсбук» парақшасынан

 

 

 

Бұл екі арада

 

Астанада қалыптағы нан бағасы 2016 жылдың  1 қаңтарынан бастап 80-90 теңге болады, деп санайды «Елордалық нан» ЖШС-нің директоры Әбдірахым Төлендиев. «Ұн бағасы 80 теңге болады, демек, нан – 80-90. Дүкендерде 1 келі ұн 130 теңге тұрады, ал біз болсақ көтерме бағамен сатып аламыз. Қазір көтерме баға 65-75 теңге. 80-90 теңгеден сатамыз», – деді Ә. Төлендиев дүйсенбідегі баспасөз туры барысында. «Ресейде бір бөлке нан 30-33 рубль тұрады. Біздің ақшаға аударғанда, 150-200 теңге», – деп мысал келтіріпті ол.

ҚазТАГ

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн