Жер саудаға түспек. АЛ ҚАЗАҚ ҮНСІЗ…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №14 (331) от 07 апреля 2016 г.

 

Қаз-қалпында

 

Осыдан бірнеше күн бұрын, нақты айтсақ, 2016 жылдың 30 наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн гектар жерді аукцион арқылы саудалайтыны және оның президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарының» «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағытын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асып жатқандығы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ресми мәлімдеме жасады.

 

Содан бері бірнеше күн өтсе де, еліміздің ұлтшыл азаматтары, саясаттанушылар бұл мәселе туралы тұщымды пікір білдіре қойған жоқ.

Мүмкін, биліктің елді ескертпестен, қоғамның талқысына салмастан, бастап кеткен сойқан қадамы туралы азаматтар білмей де, білсе де, көп жерін түсінбей отырған болар.

Ия, азаматтарымыздың жердің иесі болғанына еш қарсылығым жоқ, бірақ көп мәселені түсінбей отырғанның бірі менмін.

Себебі жер мәселесі бойынша бірнеше негізгі сұраққа билік тарапынан жауап болмай отыр. Атап айтқанда:

  1. Аукционға түсетін ауыл шаруашылық жерлерін шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар сатып ала ала ма?
  2. Аукцион арқылы жер сатып алған Қазақстанның азаматтары өздеріне тиеселі жерлерін шетелдік жеке және заңды тұлғаларға сата ала ма?

Осы екі мәселе мен үшін аса маңызды. Себебі шаруа қожалықтары бүгінде жалға алып отырған жерлерін сатып алуға қауқарсыз. Сондықтан жердің көп бөлігі ақшалы шетелдіктердің қолына өтіп кете ме деген қаупім бар.

Шетелдік азаматтар немесе компаниялар жерді қалауынша сатып ала алатын болса, еліміздің шұрайлы жерлерінде Чайна-таундар мен Новороссиялар пайда бола ма деп қауіптенемін.

Сондықтан президенттің тапсырмасымен жасалып жатқан «100 қадамның» соңы қасіретке айналмай ма? 35-қадамда көрсетілгендей, «Ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізуді» желеу етіп, жердің бәрін сатып жіберіп, қазақ жерсіз қалмай ма?

Президенттің тапсырмасымен Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізілмекші. Ол өзгерістерде «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕРЛЕРІ ШЕТЕЛДІК ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА САТЫЛМАЙДЫ» және «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӨЗІНЕ ТИЕСЕЛІ ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ШЕТЕЛДІК ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА САТУЫНА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ» деген сөздер міндетті түрде жазылуы тиіс деп есептеймін.

Бұл мәселеде Қазақ ұлттық кеңесі, желтоқсаншылар, ұлтшыл азаматтар, оның ішінде Мұхтар Шаханов , Бекболат Тілеухан, Бақытбек Смағұл, Құрманғазы Рахметов, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, тағы басқа да ұлтшыл азаматтар, қоғамдық ұйымдар, тіл, жер, ұлт жанашырлары белсенділік танытуы керек. Ал үкімет, парламент бұл мәселе туралы арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің қатысуымен түрлі кездесулер өткізуі тиіс.

Жер мәселесі халықтық референдумда шешілсе де артық болмайды. Себебі миллиондаған, мыңдаған гектар жер шетелдік жеке немесе заңды тұлғаның қолына өтіп кетсе, Қазақстанның қауіпсіздігіне, жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төнуі мүмкін.

Жер сату ісі екі-үш адамның ойындағысымен шешіле салатын мәселе емес. Кім-кімнің де атасынан мұраға қалған жері жоқ.

Жер тағдыры – ел тағдыры, жер тағдыры – ұлт тағдыры! Оған жүрдім-бардым, жеке бастың мүддесімен қарауға болмайды!

Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ

Abai.kz

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн