Воскресенье , 20 апреля 2025

Әли әділін АЙТТЫ

 

Бірталай арудың қиялындағы ақ боз атты ханзадаға айналған Әли Оқапов қалқиған құлағы үшін қымсынады екен. Бұл жайында ол «Гәкку» ТВ-арнасына берген сұхбатында айтып берді.

 

«Мен құлағымның үлкендігінен қатты ұялатынмын. 17 жасымда «Слэнг» тобында өнер көрсетіп жүргенімде, құлаққа сырға тағу сәнге айналды. Сол кезде өз ішкі комплексімді жеңу үшін сырға таққан едім. Құлағыңда жылтыр болса, жұрт сені «қалқан құлақ» атамайды екен. Осы жағынан сырғаның маған көмегі тиді», – деп, бойындағы мінін айтты.

«Мен әнші болып тумағанмын» десе де, сахнаның төрінде жүрген Әли өзінің айтарлықтай даусы жоқ екендігін де осы сұхбатында мойындады. Ел арасында «анасының арқасында жүрген бала» деп тегін айтылмайтыны да әншінің осы сөзінен белгілі болып қалғандай.

Дегенмен, несі бар, дүйім жұртқа дұрысын айта білу азамат үшін айып емес. Ең бастысы – жоқты барға баласа, онысы оғаш естілер еді. Ал Әли «әнші болып тумаса» да, жаман музыкант емес екендігі анық.

Сондай-ақ бойдақ жігіт жұрт жиі сұрайтын: «Халық әртісінің баласы болу оңай ма?» және «Танымал жұлдыздармен кездесетінің рас па?» деген екі сұраққа жауап беруден жалыққанын айтады. Жанкүйерлері неліктен оны танымал тұлғамен «қосып» қоятынын өзі түсініп болмайды екен. «Менің «қыздарымның» ішінде Айсәуле Бақытбек (Баян Есентаеваның қызы), актриса Аружан Жазылбекова бар. Өзім продюсерлік етіп жүрген Индира Еділбаева екеумізді де қосады. Соңғы уақытта Ботамен («Кешью» тобының аруы) «үйлендіріп» тынды», – дейді.

Ағынан жарылған Әли осы сияқты алып-қашпа сөздердің дұрыс-бұрысын өзі түзеп, ТВ-сұхбатта біраз сырын ақтарды. Сондағы сөзінен білгеніміз – ол өзін өзгенің «үйлендіргенінен» бұрын, өзі шынайы түрде қолына құсын қондыруға дайын сияқты.

Топтаманы дайындаған – Анар АНАПИЯЕВА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн