«Общественная позиция»
(проект «DAT» №36 (353) от 6 октября 2016 г.
Бейсенбідегі бетпе-бет
– Бейбіт ханым, сахнадан да, баспасөзден де сирек көрінесіз: егіз балаңыздың тәтті қылықтарынан қолыңыз босамай жүр ме?
– Иә, шүкіршілік, аман-есен өсіп жатыр. Екеуі де ерке, өздеріне тән қызғаншақ мінездері бар. Тәтті қылықтарын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Бала – бауыр етің» демекші, балдан тәтті болып тұрғанда, қалай ғана еркелетпейсің? Психолог мамандардың айтуы бойынша, төрт жасқа дейін балалардың мінез-құлқы, барлық болмысы қалыптасып үлгереді екен. Сол себептен осы жасқа дейін балаға ненің дұрыс, ненің қате екенін түсіндіріп, айту керек. Қаталдық та танытып, еркелеткен де жөн. Бірақ бәрінің өз орнымен болғаны дұрыс.
Бұл жастан өткеннен кейін, қанша тәрбие берсең де, шексіз еркеліктен айтқаныңа көнбейтін болып алады. Өз айтқанын істетіп үйреткен бала төрт жастан кейін сөзіңді түсінбейтін болады. Қазіргі заман балалары мүлдем басқа. Сондықтан төрт жасқа дейін беретін тәрбиені беріп алу керек. Өзімнің ұстанатын қағидам осы.
– Сонда балаға қаталсыз ба?
– Иә, балаға келгенде қаталмын. Өйткені анам мені солай тәрбиелеген. Әпкелерім, бауырларым – бәріміз сол тәрбиеден жаман болған жоқпыз. Әкем жуас кісі. Бізді еркелетіп, мәпелеп өсірді. Анамыз өте қатал болды. Үйде бір адамның сондай болғаны дұрыс. Бірақ қанша қатал болғаныммен, балаларымды өз кезегінде еркелетемін, орнымен сөйлеймін, беталды ұрыспаймын.
– Балаларыңыз кімге көбірек ұқсаған?
– Үшеуін де әкесіне көбірек ұқсатамыз. Негізі Тоқтардың қаны күшті, үшеуінің де мінездері, қылықтары күйеуім жағына тартып кеткен. Енді ешкім таласпайтындай, өз жағыма ұқсайтын қыз туып алу керек болды.
– Көп балалы ана болу жоспарыңызда бар-ау шамасы?
– Алла қаншауын бұйыртса, соған қарсы емеспін. Ең бастысы – денсаулық болсын. Жанымыз аман болса, бәрін жасауға болады…
– Жақында болатын «Жеті нота» концертіне қатысқалы жатыр екенсіздер. Қанша дегенмен, сіз декреттік демалыста отырған әншісіз. Концерттерге жиі шығуға мүмкіндік мол ма?
– Шақыртулар жиі түседі. Бірақ біз үнемі жолда жүріп қаламыз. Мен болмасам да, Тоқтар жолда жиі болады. Өйткені өнерден бөлек оның басқа да шаруалары бар. Отағасын өзіміз анда-санда көреміз. Егер концертке өзімді жеке шақырып жатса, қатысуға қарсы емеспін. Бірақ көбіне бізді дуэт ретінде шақырады. Енді бәріне барып үлгеру мүмкін емес, қолымыздан келгенше шақырған жерден қалмаймыз.
– Қайта алдыңғы жылдармен салыстырғанда, ток-шоуларға, телебағдарламаларға жиі қатысып жүрсіздер. Яғни, бір кездегі «сахнадан біржола кетеміз» деген сөз өтірік болып шықты ғой…
– Кейде адам ары-бері шапқылап жүре беруден шаршайды. Мәселен, кейбіреулер дағдылы өміріне өзгеріс жасап, бизнеспен айналысқысы келеді. Сол сияқты жеке кәсіпкерлікті бастаған Тоқтардың қолы тимей кеткен кездер болды. Шаруаларыммен жүргенде өмірге сәби әкелдім, артынша бір жарым жылдан соң менің анам дүниеден озып кетті. Бұдан күйзеліске ұшырап, ән айтуға ешқандай шабытым болмады. Кейіннен Тоқтардың әкесі қайтыс болып кетті. Ол да ішкі күйзеліске түсіп, көбіне оның туған жерінде болдық. Солай сахнаға шықпай қалғанымыз бар. Әйтпесе уақытша демалысқа шықтық деген аты ғана, біз концерттерге ара-тұра шығып жүрдік.
Ал екінші рет жүкті болғанымда, дәрігерлердің кеңесі бойынша, ешқайда аттап баспадым. Қазір енді балалардың тілдері мен аяқтары шықты, өздерінің арнайы күтушілері бар. Алматыда болатын бағдарламалар мен концерттердің ешбірінен қалмауға тырысамыз. Сахнадан кету ойымызда жоқ. Тоқтар бір сөзінде «сахнамыз кірлеп жатыр, құлақтарына сырға таққан жігіттерді көргенде, өнерден кетіп қалғым келеді, олармен бір сахнада тұра алмаймын» деген ой айтқан болатын. Бірақ бір телебағдарламада Тоқтардың осы сөзін керісінше келтіріп, жұртты шулатып жібергенін білетін шығарсыз….
– Білеміз, бірақ ол жеке азаматтық пікір ғой, айыбы жоқ. Ал репертуар төңірегінде қандай жаңалықтар болып жатыр?
– Соңғы жаздырған жаңа әніміз «Уақыт» деп аталады. «Әдемі» деген әніміз өңделу үстінде. Өзімнің орындауымда «Екі апа» әнім бар. Жалпы біз шабыт үстіндеміз. Биыл 18 желтоқсанда Тоқтар екеуміздің «Уақыт» атты ән кешіміз болады. Соған дайындық жүргізудеміз.
– Сіздер жайлы фильм түсіріліп жатыр екен, концертте жұртшылық соны да көре ала ма?
– Фильмді түсіретін адам ұзақ демалысқа кеткен еді. Енді бастағалы жүргенде жоспарға өзгерістер енгізіліп, сол күйінше қалып қойды. Онымен айналысуға ағаңның қолы тимей жүр…
– Иә, «Уақыт» тыңдармандар көңілінен шығуда. Дегенмен, халық бұрынғы Тоқтар мен Бейбіттің әндерін аңсайды. Мәселен, «Көршінің қызы», «Өзің ғана» секілді хит болатын әндерін қашан тыңдаймыз деп…
– Хит ән үнемі шыға бермейді. Ол әннің бағына байланысты. Кейбір әнші тек бір әнімен ғана хит болады. Халық та оны сол әнімен қабылдайды. Бізде енді қашан хит шығатынын өзіміз де білмейміз. Қазір біз естімеген, көрмеген әншілер сахнада толып жүр. Теледидардың арқасында өздерінің әнін хит санап алғандар да аз емес. Бірақ соның біреуінің әнін «хит» деп айта алмаймын.
– «Инстаграммен» қаншалықты доссыз?
– «Инстаграмда» көп отырмаймын. Қажетті дүниелері бар, оқуға тұрарлық парақшаларға тіркеліп қойғанмын. Жалпы, біздің оқырмандардың арасында төмен, шолақ ойлайтындары бар. Бірақ ол жерде елмен таласып, сөз жарыстырып жатпаймын. Сондықтан сөзімді бекерге шығын етіп, таусылмаймын. Ешкімнің алдында кішірейгім келмейді. Әркімнің аузына қақпақ бола алмайсың. «Сын болмай, мін түзелмейді» деген тағы бар…
– Өзіңізге сүйсінген жұрт инста-парақшаңызға «қарапайым қазақ келіні», «әнші келіншектердің ішіндегі ең сабырлы, инабаттысы» деген жақсы сөздер көп жазады екен. Ендеше басқа да қыз-келіншектерге бесаспап келін болудың сырын айтсаңызшы…
– Адам пейілі мен алға қойған мақсатына қарай өмір сүреді. Босағаны «мен осы әулетте бақытты боламын» деп емес, «бақытты етемін» деп аттау керек шығар. «Күйеуімді айтқаныма тыңдатамын» деген келіншектің бағы ашылғанын көрген жоқпын. Әйелдің ниеті мен пейіліне қарай несібе бұйырады…
– Әйелдің мойнында бала бағу, оны мектепке апару, сабағын оқыту, үй шаруасын реттеу деген сияқты бітпейтін тіршілік көп. Сіз қарапайым келіншектер қатарынан емессіз, өнер адамысыз: барлығына қалай үлгересіз?
– Құдай күш-қуат берсін. Шамамның келгенінше үлгеруге тырысамын. Қазіргі заман аңқиып отыратын уақыт емес. Кейбір әншілердің отбасылық өмірде бағы жанбай жатады. Енді бірі отбасына көңіл бөліп, өнерден тыс қалып қояды. Мен осы екеуіне де жатпаймын. Ортада жүрген әншімін. Екі жақты бірдей ұстау қиын, әрине. Бірақ күйеуім барлық жағынан маған қолғабыс беріп отырады. Ол отбасына, бала-шағаға қатты көңіл бөлетін адам. Тіл-көзім тасқа: Тоқтардай жар мыңның біріне ғана кездеседі. Сондықтан бүкіл жүкті өзім артып жүрмін деп айта алмаймын. Барлық шаруаны екеуміз бірлесіп шешіп келеміз.
– Бір сұхбатыңызда «Тоқтардың рұқсатымен ғана жүремін» дегеніңіз бар. Қазақта «Сыланайын десем – байдан қорқам, сыланбайын десем – тоқалдан қорқам» деген көмескі сөз бар екен. Сол сияқты сылану жағына қалайсыз?
– Әркімнің өзінің санасы бар. Мен – анамын. Омырауымды, мықын-белімді ашып жүре алмаймын. Өзім үнемі ұзын, жабық киінгенді жақсы көремін. Әдет болып қалыптасып қалған. Кейде жолға шыққанда Тоқтар маған: «Шалбар киіп алсаңшы, жолға ыңғайлы болады» деп жатады. Сахнаға шығарда да: «Сөлпеңдетпей, тізеден келетін ки» дейтіні бар. Бірақ өзіме солай ыңғайлы. Сахнаға шығуыма қарсы емес. Отбасымызға қойылған екеуара талаптарымыз бар – соны бұзбасақ болғаны. Мен ешнәрседен кем емеспін. Біріншіден, Тоқтардай азаматтың жарымын, екіншіден – өнерде өз атағым, орным бар әншімін. Өнер адамы есебінде мені жоғары бағалайды. Үшіншіден, отбасым, бала-шағам бар.
Спортпен айналысамын. Жүгіремін. Бұрын он бір жыл бимен айналысқанмын. Адамның ағзасы үйреніп қалған соң, соны қалап тұрады екен. Бірақ фитнес-клубқа барып, қысқа шорты киіп жүре алмаймын. Мен намаз оқитын адаммын. Үйде, оңашада жеке дайындаламын. Далаға жүгіруге шыққанда, қасымда оққағарым бірге жүреді. Бұл осы уақытқа дейін айтылмаған әңгіме. Біз – өнер адамымыз. Өз дене бітімімізге дұрыс қарағанымыз жөн. Бала туғаннан соң, әйелдің дене бітімі өзгереді. Жас келген сайын да адамның денесі толысуға бейім болып тұрады екен. Сол үшін болмысыңды қалыпқа келтіру өзіңе байланысты. Жас күнімде бет-әлпетімді күту жайында мүлдем ойламайтынмын. Қазір салонға барып тұрамын, өзімнің косметологтарым мен массаж жасайтын адамдарым бар. Өзін жақсы көрген адам күтінеді. Өнердегі қыздардың көбі дерлігі беттеріне укол салдырып жататынын естимін. Ол нәрсе уақытша ғана ғой. Өзім ондайға жолаған емеспін. Бетіме бөтен нәрсе тигізуден сескенемін. Бізде кейбір әншілеріміз қалай күтінетінін, қайда боянатыны мен қолданатын заттарын «инстаграмда» жарнамалап жатады. Мен ондайды ұнатпаймын. Жарнама жасаудан ұяламын. Сатушы сияқты көрінгім келмейді. Достарымызбен күнде әдемі жерлерге барамыз. Осыны көргендер кейде: «Мынадай жерде отырсың, неге «инстаграмға» салмайсың?» – деп сұрайды. Ондайды ұят көремін.
– Бір жерде «кейбір топтың қыздары секілді теледидардың бетін бергім келмейді» деп айтқан екенсіз. Бірақ халық бізді ұмытып кетеді деген қорқыныш болмай ма?
– Олар уақытша топтар. Біз де мәңгілік емеспіз. Кезінде дүркіредік, хит әншілер болдық. Қытай, Францияға барып, концерт қойдық. Біздің кездерде қазіргідей саны бар, сапасы жоқ топтар болмады. Бір жағынан жастарға да жол беру керек. Кәрі басымен таласып, сахнаға шығып жүргендер де бар, әрине. Халық бізді ұмытатындай мүлдем көрінбей кеткеніміз жоқ. Сағындырып, іздетіп шыққан дұрыс. Кейбір әншілерімізді қарасаңыз, бірде сахнада ән айтады, біресе кинода жүреді, енді бірде байқауға қатысып жатады, одан кейін тележүргізуші болып кетеді. Өз-өзін таппай жүрген сияқты. Ал біз өзімізді тапқан әншіміз. Өз орнымызды білетін адамдармыз. Бұл мақтанғаным емес, бірақ шындығы сол. Соңғы кезде тәлім-тәрбиесі жоқ, өсек айтатын бағдарламалар қаптап кетті. Ондай жерлерге шыққымыз келмейді. Өйткені өзімізді арзандатқымыз келмейді. Адам өз құнын білуі керек деп ойлаймын.
– Бұрын айтылмаған сырларыңызбен бөліскен әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Анар ДӘУКЕН