«Общественная позиция»
(проект «DAT» №39 (356) от 27 октября 2016 г.
Жуықта ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев аймақтардан инфрақұрылымдар салуға миллиардтаған қаржы бөлуді сұраған өтініш көптеп түсіп жатқанын айтты. Министр мысал ретінде Астанада ішкі істер департаментінің құрамын орналастыратын нысандарға 21,7 миллиард теңге сұралғанын, Батыс Қазақстан облысы жыл сайын жол жөндеуге 7 миллиард теңгеден бөліп отыруды, Қызылорда облысы әуежайды жаңалауға 800 миллион теңге сұрайтынын келтірді.
Әзірге жоба жүзіндегі «Нұркент» қаласын билік халықаралық «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығы мен арнайы экономикалық аймақтың бір бөлігі ретінде көріп отыр. Оның инфрақұрылымы мен инженерлік желілерін салуға Алматы облысының әкімшілігі 11 миллиард теңге (30 миллион долларға жуық) қаржы сұрап отыр.
Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл қыркүйекте Алматы облысына сапарында жаңа қаланың бас даму жоспарымен танысқан. Болашақ қаланы сол кездің өзінде «Нұркент» деп атау ұсынылған. Қазақстан билігі жоспар бойынша 20 жылдан соң қалада 100 мыңға жуық халық тұрады дейді. Әзірге жоспардағы қала орнында теміржолшылардың елді мекені орналасқан.
Сырым ДАТОВ
Бұл екі арада
Арзан баспанаға кезекте тұрғандар 2,3 МИЛЛИОН АДАМ БОЛДЫ
Қазақстанда шамамен 2,3 млн адам баспанаға мұқтаж, деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.
«Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша баспанаға мұқтаждар саны 2,3 млн адам, оның ішінде кезекте тұрғандар – 400 мың, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары – 700 мыңнан астам және 10 сотық жер алуға кезекте тұрғандар – 1,2 млн адам», – деді М.Жайымбетов сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Ол «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқанын және мемлекеттік тұрғын үй бағасының күрт өсуі әзір болмайтынынан хабардар етті. «Өңірлерде шаршы метрі 140 мың теңге, Астанада, Алматыда – 180 мың, кредиттік үй. Коммерциялық үй – 240 мың және одан жоғары. Шамамен осы деңгейде мемлекеттік құрылыс бойынша ары қарай да баға сақталады. «Нұрлы жер» бағдарламасында да біз осындай баға болады деп ойлап отырмыз, себебі құрылыс материалдарының шамамен 80-90%-ы бізде шығарылады. Сондықтан баға қымбаттамау керек», – деп санайды комитет басшысы.
М. Жайымбетов атап өткендей, жыл сайын «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 100 мың пәтер салу жоспарлануда. Егер арзан баспана салу осы қарқыннан аспайтын болса, 2,3 миллион адамды қамтамасыз етуге енді 23 жыл керек екен. Еске сала кетейік, былтыр Қазақстанда 78 мың пәтер, немесе 9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«D»