Воскресенье , 20 апреля 2025

2017: ТАУЫҚСЫЗТАҢ АТА МА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №47 (364) от 22 декабря 2016 г.

 

ЖҰЛДЫЗ ЖОРАМАЛ

 

 


 

Түйе (тышқан) сеніп (сиыр) бойына (барыс),

Қалған (қоян) ұмыт (ұлу) жылдардан (жылан).

Жатпа (жылқы) қарап (қой), мойыма (мешін),

Тайма (тауық), именіп (ит) ділмардан (доңыз).

 

 

Қазақ халқының ұғымында әр жылдары қандай қиындық көрсе де, жылдың жаманы жоқ. «Тышқан жылы – тыныштық; Сиыр жылы – сыйлық; Барыс жылы – бірлік; Қоян жылы – қамбалы; Ұлу жылы – үлгілі; Жылан жылы – жайлы; Жылқы жылы – жұтсыз; Қой жылы – құтты; Мешін жылы – мерейлі; Тауық жылы – табысты; Ит жылы – игілік; Доңыз жылы – дүниелі», – деп, ежелден-ақ ұл-қызына жыл атауларын үйретіп, әр жылға осындай сипат, баға берген.

Әр жылдың мән-мағынасын терең ашып көрсетіп, барлық жылдың тұла бойы құт-береке, молшылыққа, бейбіт тыныштыққа толы деп сенген, ұрпақтарына да әр жылдың қадір-қасиетін осылай ұлықтап түсіндіріп отырған. Бұл адамдардың жан-дүниесінде ешбір жылдан қорықпау керектігі туралы сезім мен сенімді ұялатқан.

Қазақ халқының жыл қайыруы және Шығыс күнтізбесіне сәйкес Тауық жылы қаңтардың 28-інде кіреді. Халық Тауық жылын ауыр жылдардың бірі санайды. Өйткені бұл жылы қауіп-қатер аз болмаған, қазақ халқы бұл жылдары көп ауыртпалық көрген: 1920-21, 1932-33 Тауық жылдарында – жұт, аштық, 1968-69 жылы – Қазақ елінде құрғақшылық болған.

Бұл жылы әл-Фараби (870–950), Міржақып Дулатұлы (1885–1935), Мұхтар Әуезов (1897–1961) дүниеге келген.

Сонымен, 2017-нің Тауығы басқа жылдарға қалай әсер етуі мүмкін, әр жылдың иелерін қандай үміттер мен күдіктер күтіп тұр? – «DАТ»-тың сұрауы бойынша кәсіби жұлдызнамашылар дайындаған Жұлдыз-жорамалға бір сәт назар аударыңыз.

 

 

ТЫШҚАН

• Дәурен Бабамұратов, Арайлым Шакарова,

Владимир Козлов, Тагир Сейсенбаев.

Тышқан мен Тауықтың теріп жейтін тамағы бірдей болғандықтан ба, Тауық жылы Тышқандарға жомарттық танытатын сыңайы бар. Дегенмен, Тауық астыртын әрекет жасағандарды жек көреді. Тышқандар өзі туралы екіұдай пікір қалыптастырады, достарынан ештеңесін аямайтын сияқты көрінгенімен, айнала беріп, сыртынан «сөз тасиды».

Тышқанның адал достары аз, сондықтан жақындарымен жиі араласып, қиын сәттерде көмек қолын созуға дайын болуы тиіс. Бастаған шаруаны орта жолда қалдырмай, ойлаған мақсатына жетуге тырысқаны абзал. Мұндай тірлік Тауыққа ұнайды, сондықтан нәтижесі де көңіл көншітері сөзсіз. Оңай олжаға қарық боламын деп, жеңіл жол іздегенше, ащы тер төккен істің қайыры көп болатынын ескергені құба-құп.

Басы бос жүргендер, некеге тұруға асықпай, бір бірін сынап, бағдарлап барып, бір шешім қабылдауы керек. Әйтпесе опық жеп қалу қаупі бар. Жаңа жылдың басында қалтасына қомақты қаржы түсе қоймас, ал жыл ортасында пайдаға батады. Сол қаржыны орынсыз шашпай, отбасы мүшелерімен ақылдасып, жер учаскесін немесе жаңа көлік сатып алуға жұмсағаны абзал. Денсаулыққа да көңіл бөліп, жүйкені жұқартып, ашулана бермей, сабырлы болып, дәрігердің кеңесіне құлақ асуы керек. Алаңдайтын аса бір ауыр мәселе болмайды, спорттық жаттығулармен айналысып, пайдалы дәрумендерді қабылдауы тиіс.

 

СИЫР

• Қазбек Бейсебаев, Зәуреш Батталова,

Ахметбек Нұрсила, Мұхтар Тайжан.

Төзімді, салмақты, іскер, жақындарына тірек, адалдықты сүйетін Сиырлар жерден дән терген Тауықты табанына таптауға күші жетеді. Өйткені жағымды мінезімен қатар, өз дегені болмаса, ешкімге дес бермейтіні, өзгелердің ызасын келтіретіні бар. Сөйте тұра, Тауықпен тіл табысуға қабілеті мол, Тауықтың «тықылын» аңдап, сабырмен күйіс қайтарып, жағдайын оңдап алады.

Бұқалар (еркектер) үшін – қаржы табу мәселесі қиындық келтірмейді. Ал сиырлар (әйел қауымы) – орынсыз бір тиынын да шығындағысы келмейді, «сараңдығын» көрсете бермей, өзіне қарап, үйіне рең беретін бұйымдарды сатып алып, көңілін көтергені жөн. Басы бос қыз жігіттердің бағы жанып, некелері қиылады.

 

БАРЫС

• Досым Сатпаев, Ерлан Қалиев,

Баян Есентаева, Сұлтан-Хан Аққұлы.

Барыс – қашанда күрескер келеді. Әділетсіздікке қарсы майдан ашуға дайын. Жардың жағасында тұрса да, қорқуды білмейді. Тауықтар Барыс сияқты күресті бастап, елдің алдында жүреді. Бірақ екі «көсемнің» бір жылда көш бастуы «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтынының» керін келтіреді. Дегенмен, Барыс жылы туғандардың ой жоспары толығымен іске аса бермейді. Үнемі алға ұмтылатын Барыс ешкімге бой бермеуге тырысқанымен, қателесетін сәттері көп болады. Аптығын басып, ашуын ақылына жеңдірсе, дегеніне жетеді.

Еңбекқорлығы үшін ешкімнен ақы талап етпейтін қасиетке ие Барыстар күні- түні тыным таппай жұмыс істеуге әзір. Еңбегі де еш болмайды, қаржысы мол азаматтар демеп, қалтасы томпайып, туыстарға жәрдемдесетін мүмкіндік туады. Алайда қаржылық пирамидамен елді алдайтындардың арбауына түсіп қалудан сақтанған дұрыс, әйтпесе барынан айырылады. Шаршауды білмейтін Барысқа демалыс қажет, жүрекке салмақ түсірмес үшін, спортпен айналысып, тауға шығып, көкөніс пен жемістерді молынан пайдалануы керек. Тауық жылы – табысқа жетуге күші де, мүмкіндігі де мол!

 

ҚОЯН

• Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әбілязов,

Айдос Сарым, Меруерт Махмұтова.

Тауықтар басына «пәле» іздеп, көрші үйді де тіміскілеп жүргенде, Қояндар күнге бетін төсеп, қолайлы сәтті аңдиды. Қояндар қанша жауын жауса да, су болмай шығатын қабілетке ие.

Өзін арандатушыларға мән бермейді, достарына – адал, жауларына – қатал. Жыл иесі Тауықтардың ұрандатып, жалаулатып, мезгілсіз шақыра беретіні Қояндарға аса ұнамайды. Сақтықпен бақылап, көп ойланады. Күн жылына бастағанда іс қимылға көшіп, күзде атқарған жұмысының нәтижесін көреді. Өзін қолдайтын жақсы адамдармен қарым қатынасы нығайып, ортақ істе жақсы табысқа жетеді.

Жыл басында бұрыннан аралас құралас болған ескі таныстарынан бас тартады, оның да өз себебі бар: ешкім де Қоянға салмақ салып, еңбектерін бұлдамайды. Қаржыдан қиындық көрмейді, бұл жылы олардың жолы ерекше болғыш келеді. Біраз уақытқа дейін әріптестерімен арадағы үзіліп қалған қарым-қатынасты жөндеу оңайға түспейді. Жасқаншақ қояндар жалтақтағаннан жалығып, енді батыл іске көшуге ұмтылады. Оның үстіне мойнындағы міндеттің ауыр жүгі де тыныш ұйықтатпайды. Таныс тамыры көптігінің арқасында біраз шаруаны іске асырады. Қаржылық қыспақтан қорқудың қажеті жоқ, «тәуекел түбі – желқайық» деп, алға жүзеді.

 

ҰЛУ

• Әкежан Қажыгелдин, Мақпал Жүнісова,

Жұмабай Доспанов, Ерлан Карин.

Тауық жылы – Ұлу үшін қызығы мен шыжығы мол болады. Тауық сияқты Ұлу да елдің ортасында көзге түскенді жақсы көреді. Бойындағы талантын көрсетуге мүмкіндігі көп. Бірақ айласын ақылға жеңдірмесе, опық жеп қалуы мүмкін. Шалшық судан балық аулаймын деп, әуре болудың керегі жоқ. Жыл басы жайлы болады, ал жылдың ортасына қарай өзгерістің көкесін көреді: бір басқан қадамының өзі бар мәселені шешеді.

Сондықтан «Жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Айналасындағы адал достары қол ұшын беруге даяр, солардың ақылына құлақ асуды ұмытпаса екен. Өткен жылдан жинаған қорын үнемді жұмсаса, пайдасын көреді.

Отбасында айрандай ұйып тұрған береке бар, ағайын-тумалардың да көңілін қалдырмауға тырысуы қажет. Ұлу жылында туған еркектер әйелдердің көңілін аулағыш – серілер, ал әйелдер айналасын бауырына тарта алатын мінезімен ерекшеленеді.

Ескеретін бір жәйт, банктен немесе таныстардан несие мен қарыз алғанда, сақ болуы тиіс.

Керісінше, жақындарын қаржылай демеп жіберсе, қайтарымы мол болады. Ішкі түйсікке сеніп, материалдық жағдайды жақсартуға қауқары молынан жетеді. Ендеше, алға!

 

 

ЖЫЛАН

• Уәлихан Қайсаров, Әлия Дәулетбаева,

Қасым Аманжолұлы, Айман Сағидоллақызы.

Жылан жылы туғандар сырт көзге ұяң, маңызды істерден қашқақтап жүреді. Үн-түнсіз заһар уын шашып, шағып алудан тайсалмайды. Басына пәле болып жабысатын – тілі. Алайда Тауықтан абай болғаны жөн, екі көзін шоқып алуы мүмкін.

Бойдағы бар күш-жігерді сарқуға тырыспауы керек. Қай іске кіріссе де, түбінде одан жеңімпаз болып шығады.

Алайда шаруа деп, орынсыз шаршай берудің де пайдасы шамалы. Демалыс жағын да анда-санда ойлап қойғаны жөн. Күшін бағаламай, әрбір іске кірісе берудің қажеті не?

Сезім мәселесінде жолы болады, Тауық жылы «жұмыртқалаудың» реті келіп тұр. Шығармашылық жолындағы жандар мен білімге ұмтылғандар үшін бұл Тауық сәтті жыл деп санауға болады. Табиғатынан қызғаншақ Жыландар орынсыз күмәнмен күн кешеді, қызғанышты ақылға жеңдірсе, «көзіне ешкім шөп салмағанын» түсінер еді.

Қаржы мәселесі де оңынан шешіледі, иісшіл, секемшіл жандар ақшаның иісін алыстан сезіп, асығы алшысынан түспек. Қомақты қаржыны оңды-солды шашпай, орнымен жұмсағаны дұрыс.

 

ЖЫЛҚЫ

• Сейітқазы Матаев, Әділ Тойғанбаев,

Әсел Нұрғазиева, Дастан Қадыржанов.

Жылқылардың биылғы шабысы жақсы нәтижеге жетеді. Күйіп-піскен мінезі бар, өзі асау, әрі үркек, айналасындағылардың көңілін қалдырып қояды. Сол мінезін достары көтере біледі, өйткені Жылқының қарсы шыққандарды таптап өте шығатын адуындығы бар. Жер тарпыған тұлпар үшін бос шабыстың пайдасы шамалы.

Өткен жылы тапқан іскер таныстары белсенділігіне қызғана қарайды. Асаулық танытса, ұтылады. Тауық Жылқының еңбекқорлығын бағалайды, жай желіспен де алға шыққанын қолдайды. Жыл соңында сол желістің жеңісін көреді.

Уақытты уыстан шығарып алмаса болды.

Нағыз тұлпармын деп жүргендердің жұмысқа деген ынтасы әлсіреуі мүмкін. Қызмет бабы бір қалыпты, қиындық бола қалған жағдайдың өзінде дос-жарандары жалғыз қалдырмайды. Қаржы жағынан Тауық жылы табысты болады. Әрбір бастаған ісі оң нәтиже береді.

Махаббат майданы машақатқа толы. Алайда асқан ақылдылық танытса, бұл тығырықтан да оп-оңай құтылып кете алады. Отбасының берекесін сақтап қалуға тырысқаны абзал, «көрсеқызарлық» абырой әпермесі анық.

 

ҚОЙ

• Амангелді Керімтаев, Евгений Жовтис,

Баян Рамазанова, Құрал Медеуов.

Тауықтың шақырғанын естіген Қойлар өткен жылы ұтылған істерін есептеп, өзіне баға беріп, алдағы күнін мұқият жоспарлайды. Қой жайылымы жақсы болса, жаны тыныш болатынын біледі, ал басына аздаған қиындық түссе, жылап-еңіреп, үнемі шағым айтып, сары уайымға кіріп кететіні Тауық жылында кедергі келтіруі мүмкін. Соған қарамастан, қолы ашық, бір үзім нанын бөліп беретін қасиетінің арқасында достарының қамқорлығына бөленіп жүреді. Өзі де достыққа адал.

Тауыққа ілесе алмай, артта қалып қоймай, желдің ығына қарай жүруі керек. Белсенді еңбек пен табиғат берген таланттың жемісін тереді, отбасы сол игіліктің қызығын бірге көреді.

Мазалап жүрген қаржы мәселесін жыл басында реттеп алғаны жөн. Жұмыста жетістіктерге жету үшін көп еңбектену қажет болады.

Соның арқасында қазаны біраз майланып қалады. Жыл ортасында қолға алған шаруалары шешіледі. Жақындары жасамаған қолдауды достарынан көреді.

Мамандық пен мансап саласында айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Соған қарамастан қызметтес адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатудан аулақ болғаны дұрыс.

 

МЕШІН

• Меруерт Құсайынова, Сағат Жүсіп,

Ақберен Елгезек, Тазабек Сәмбетбай.

Мешін – өзгелерге қатысты пікірін ішінде сақтап жүреді, өзімшілдігі басым. Бірақ қалжыңбастығы жағымсыз қылықтарын көлегейлеп тұрады. Тауық еріншек Мешіндерді жақтырмайды. Белсенділік танытып жүрген жалған кейпі өзіне зиянын тигізеді. Елдің бәрін алдап-сулап, ыңғайына көндіру айласы да үнемі іске аса бермейді. Сондықтан бас пайдасы үшін керекті адамдарға жолығып, жағдайын оңдап алуға тырысады. Көктем айында көбірек еңбек етуіне тура келеді, әйтпесе жұмыссыз қалуы мүмкін.

Отбасымен бірге демалуда шетелге жол түсіп тұр. Бұл сапар әсіресе денсаулығы үшін пайдалы. Себебі келесі жылы тұмау, суық тию сынды жеңіл аурулар мазасын кетіруі мүмкін.

Тауықтың сынағы көп, соған қарай біраз шашылуға да тура келеді. Еңбегі жанып, соның жемісін көреді. Алайда бұл жетістікке тек асқан шыдамдылық пен төзімділіктің арқасында қол жеткізе алады. Қаражат жағы да бұл жылы аса жарқын жаңалығымен қуантпайды. Бірақ лотерея ұтысы сияқты кездейсоқ мүмкіндіктер қазынасын бос қалдырмайды.

 

ТАУЫҚ

• Тоқтар Рахметова, Ауыт Мұқибек,

Серікжан Мәмбеталин, Роза Әлқожа.

Жыл иесі – Тауықтың жолы болады. Өзіне сенімді Тауықтар өзім білемге салып, ешкімді тыңдағысы келмейтін мінезін тыйғаны жөн. Арманы көп, қиялға да берілгіш. Күннің кез келген мезгілінде шақырып, елдің ығырын шығарып жібереді. Биыл сол қасиеті қоғамды белсенділікке шақырып, нәтижесі мол өзгерістерге бастайды. Ашық шайқасқа шыға қоймады, бірақ айналасындағыларды ұйымдастыруға шебер.

Әріптестерді таңдау еркі өзіне бұйырады және одан қателеспейді. Отбасына қамқор болып, кез келген адаммен тез тіл табысады. Ақыл-ойы бір басына жетерлік, «тауықтай миы» – түйедей үлкен. Отбасында оны-мұны жағдайлар орын алса, аса көп уайымдаудың қажеті жоқ. Қай іске кіріссе де, түбінде одан жеңімпаз болып шығады.

Жыл басынан айналасына тыныштық орнап, мақсат-мұратын саралап, іске асыруға мол мүмкіндік бар. Сары күзде тыныштықты бұзып, жан-жағына қарап, белсенді әрекетке көшеді. Қандай істі қолға алса да, нәтижелі болады. Жаңа таныстарымен бірге пайдалы іспен айналысып, қалтасын қаржыға толтырады.

 

ИТ

• Айдар Әлібаев, Айгүл Өтепова,

Қуат Күнболатов, Ерлан Сайыров.

«Итті – иесімен қинайды» дегендей, қоғамда болып жатқан әділетсіздікке жаны ауырады. Қабаған Иттер дау дамайға төзе алмайды, әсіресе әлсізге күштінің жасаған озбырлығына шыдамы жетпейді. Мезгілсіз шақырған Тауықты ести сала, кімге көмек керек деп, орнынан атылады. Елдің бәріне бірдей қамқоршы болу мүмкін емес, ең алдымен отбасына керексіз, соны ұмытпағаны жөн. Тәуекелге бел буу – Тауық жылында опа бермейді, жылы ұяда, жан жақты бақылап, көрші көлемге де жаға білсе, оңды болар еді.

Мансаптың да, махаббаттың да қадірін біліп, ойға да, бойға да көңіл бөліңіз. Білімге құштарлық, әдемілікке әуестік қатар жүрсе, Тауық та қуана қанатын қағып, тілектес болады. Ал ерлі зайыптылардың арасындағы кикілжіңге тұрмыс тауқыметі әсер еткенімен, тез тіл табысады. Себепсіз «үре бермей», отбасының қарасын көбейтуді қолға алса, сәби дауысы шаңырағын қуанышқа бөлейді.

Қаржылық жағдайға алаң болмауы керек: Ит қашан ашқұрсақ қалушы еді – «қарны тоқ» болады!

 

 

ДОҢЫЗ

• Жармахан Тұяқбай, Ермұрат Бапи,

Берік Әбдіғалиев, Расул Жұмалы.

Доңыздың мінезі ауыр, ешкімге салмақ салмайтын қасиеті бар. Өзін сыйлайтындарды қорғауға әзір, еңбекқор. Сенгіш Доңыздарды алдап-арбайтындар көп, кейде осы аңқаулығы өзіне сор болатын кезі көп. Дегенмен, күш-жігері мықты, діттеген мақсатына жетпей қоймайды.

Тауық жылы шындап кіріскен шаруасы өз нәтижесін бере бастайды. Қаржылық мүмкіндіктері молаяды. Сөйтіп, бұрыннан бері көздеп жүрген мақсатқа қол жеткізуге қадам жасайды. Шамасы жеткенше шынайылық таныта білсе ғана ойлағаны орындалады. Тауық жылы абайлап атқаратын істері көп, арандатушының айтағынан сақтанғаны дұрыс. Шаруасы дөңгелеп, жан-жақтан ұсыныстар түсіп, табысы молаяды. Тауық Доңыздың өжет болғанын, жұлынып тұрғандарды қолдайды.

Алға қойған мақсаттары ойдағыдай жүзеге ассын десе, айналасындғылардың ақыл-кеңесіне құлақ түруі керек. Отбасының да қам-қарекетін қамдап қоюды ұмытпағаны дұрыс. Сондай-ақ талпақ танаудың өзіне қатысы жоқ жұмыстардан аулақ жүргені жөн болар еді.

Танымдық жобаларға жолы ашылып, ісі ілгері басуына әсер етеді. Доңыздар бойындағы бар күш жігер, бірбеткейлігімен алға
ұмтылып, үлкен
өзгерістер жасайды. Артқа шегінбей, үрке
қарайтындарға ашуланып, жүйкені жұқартпаған да дұрыс. Осы жылы шетелге саяхатқа шығып, таныстарының санын толықтырады. Яғни, бұл жыл Доңыз
үшін жемісті әрі табысты жыл болғалы тұр. Әсіресе жыл соңында мол табысқа кенеледі.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн