«Общественная позиция»
(проект «DAT» №1 (365) от 12 января 2017 г.
Жоралғы
Міне, жаңа – 2017 жылдың да мұрты мұқала бастады. Ақпарат әлеміндегі жыл жаңалықтары тағы сол жемқорлық, парақорлық, ұстау, қамау, атыс, жарылыс хабарлармен басталды. Құлаққа жағымды, халыққа қарайлас хабар-ошар там-тұм ғана.
Сонымен, бұл жыл қазаққа не береді? Біздің былығы мол қоғамды, соғыс оты ойнап тұрған әлем қауымдастығын не күтіп тұр?
Осындай сұрақтардың жауабын жорта жорамалдап айтар құмалақшы іздеп, «ДАТ» жорналшысы жас сәуегей Арай Сейтқазыға (суретте) жолыққан еді. Арайдың құмалағы қалай «сөйледі»? Назар аударыңыз.
Арай балгердің алғашқы тартқан құмалағына біз мынадай сұрақтар ұсындық: Дүние жүзінде қандай жаңалықтар болуы мүмкін? Үшінші ғаламдық соғыс қаупі сейіле ме? АҚШ пен Ресейдің арасындағы кикілжің қалай өрбуі мүмкін?
«Бисмилла рахман рахим, құмалағым, ақ сөйле! – деп бастады сөзін Арай Сейтқазы 41 құмалағын үшке бөлген соң. – Бір бүйірге дұшпан басы құмалақ дара түсті ғой. Шашылған құмалақтың бәріне осы «дұшпан құмалақ» тыныштық бермейді. Мұрты түстікке қарай түскеніне қарағанда, бұл ел Ресей болуы мүмкін. Бірақ сол жамбасы мен тақымына тақау түскен қос-қостан төрт құмалақ «дұшпан басын» тырп еткізбейді. Бұл төртеу дара құмалақтан сан жағынан ғана емес, күш жағынан да басым – құйысқандары берік тұр. Бұл – бірлікті, мығымдықты білдіреді. Сондықтан Ресей «мығым төртеумен» таласпайды – биыл «дара құмалақтың» беті бері қарайды. Бұрыштағы бес құмалақтың арасынан тұтанған от көріп тұрған жоқпын: үлкен соғыс болмайды. Қос қапталдағы жұп құмалақтар дараның жолын түсіріп тұрған жоқ. Бір бүйір үмітке түсіп тұр, яғни жамандықтың беті аулақ болады».
«Қазақстанды не күтіп тұр? Қандай өзгерістер болуы мүмкін? Биылғы жылы халықтың билікке қарсы наразылық толқуы бола ма?» – дегенімізде, Арай асықпай құмалағын екінші рет тартты.
«Жол түсіп тұр… – деп, Арай құмалақшы біраз ойланды. – Есіктен төрге дейін сүйінші құмалақ тарады. Құмалақтың осы әлпетіне қарағанда, қазақ халқының алдында көптен күткен куаныш бар…».
«Ол қандай қуаныш болуы мүмкін? – дедік біз де тағатсызданып. – Үлкен өзгерістер көріп тұрғам жоқ, бірақ бір қуаныш бар. Бір бүйірі толық болғанына қарағанда, жалпы елге ортақ бір сүйінші түсіп тұр… Ал наразылық… ашу… толқу бар. Бірақ ол ашу тез тарайды, наразылық тез туып, тез тарайды. Үлкен өзгерістер бір белестің астында жатқан сияқты», – деді Арай құмалақшы.
«Ол қандай бір белес?».
«Бір жыл ма екен, бір толқу ма екен… дәл айта алмаймын. Соңғы қатарға кілең тақ құмалақтар түсті…» – деп, Арай құмалағын екінші рет тартты.
«Құмалақтың оң бүйірі толық, ал сол бүйірі тақ болды – бұл теңсіздіктің, аумалы-төкпелі жағдайдың белгісі. Құмалақтың басында ауыс-түйістің белгісі бар: билікте өзгеріс болуы мүмкін… Бұл бір белестен кейін болады… бір жыл ғой деймін, шамасы… Қалған екі қатар жұптан тарады, яғни көпшілікке қорқынышы көп болмайды. Бірінші қатардың сол бүйіріне жалғыз құмалақ түскеніне қарағанда, билік басына ел сенетін басқа тұлға келеді… Бұның бәрі бір белестің астында жатыр… Бір жыл…».
«Сонда бір белестен кейін дегеніңіз – 2018 жыл болғаны ма?».
«Солай-ау, шамасы… Құмалақ жақын уақытты меңземейді, жол алыстан түсіп тұр…».
«Ендеше Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы мен саясаты қалай болады? Президенттің орнын басатын адам бола ма?» – деп, құмалақшы қызға Назарбаевтың фотосуретін көрсеттік.
«Бұл сурет қашан түсірілген?» – деп сұрады Арай Сейтқазы.
«Кім білсін, интернеттен алдық, жиналыс жүргізіп отыр ғой…» – дедік біз.
«Егер бұл суретте жуық маңдағы кейпі түсірілсе, түрінде бір алаңдаушылық бар… – деп, Арай құмалағын қайтадан тартты. – Президенттің денсаулығына келер болсам, күтімі жақсы адам ғой, анау мынау дерттен аман: құмалақтың оң бүйірі толық, құйысқаны берік. Бірақ адамның тағдыры – Алланың қолында дегендей, қас қағым сәтте аяқ астынан анау-мынау болып кетуді ешкім де алдын ала болжаған емес…
Ортаға түскен үш құмалақ бір қатерді сездіреді. Соңына түскен үш құмалақ маңдайы жабық дейді… Бұл алдағы қатерді растайды. Алты құмалақтың қатар келуі болашағын шайтан байлап тұр, маңдайына сор бітеді дегенді білдіреді… Бірақ оның орнына «анау келеді екен, мынау президент болады екен…» деген долбарға сенудің қажеті жоқ… Құмалақтың соңы таласқа түсіп тұр… Ол таластың соңы не боларын кім білсін?..» – деп, Арай құмалағын қос алақанымен өзіне қарай сырып тартты.
«Президенттің орнына Дариға Назарбаева келеді деп жүр, құмалағыңыз бұған не дер екен?» – деп, Арай сәуегейді келесі сөзге тарттық.
«Құмалағым жайылып түсті… – деді Арай үш қатарды теңеп шыққан соң. – Қос босағаға бір-бір талдың түсуі… – «бұл құмалақ ауру адамға түссе, ол адамның жаны көп ұзамай көкке ұшады, сау адамға ашылса, ол кісі көз көріп, құлақ естімеген жаққа ұшып кетеді» деген еді менің ұстазым. Дариға – сап-сау адам ғой… көріп жүрмін… Оған түскен бүйірдегі құмалақ алаң көңіл… өмірінде уайымсыз қалып жоқ, жаны тыныш емес…
Бүгінгі отырған орны біреудің айтқанымен, нұсқауымен бұйырған… Қатардағы үш құмалақ «маңдайы жабық» дейді… Үсті мен астына түскен қос-қос құмалақ сары уайымды білдіреді… Елдің көз алдынан бір күннің ішінде таса болып, аты ұмытыла бастайды…».
«Биыл ма?» – деп сұрадық біз.
«Жоқ, биыл екенін білмеймін, болашаққа тартқан жолы түспей тұр… Көп күттірмейтін сияқты… Қоныс аударуы мүмкін…».
«Иманғали Тасмағамбетовтің болашағы қалай болуы мүмкін? Оны қызметінен алып тастау немесе сотқа тарту қаупі жоқ па? Осыған да бір құмалақ ашып берсеңіз», – дедік Арай балгерге.
«Құйысқаны берік екен… Сол бүйірге үш тал құмалақтың келуі… – дұшпаны мықты, айтысса жеңіп, күрессе – жығатын күшті көріп тұрмын. Жеке өмірінде жақсылықтың нышаны бар, отбасы толығады… Қызметі тыныш өтеді, бірақ біреудің «көрсетуімен» еркінен тыс бір адамның қыспағына ілініп, қызметінен кетуі мүмкін. Қатері күпті құмалақ соңғы қатарға түсті… Өзіне жайсыз кезең басталады… Жүрегі күпті құмалақ түсіп тұр… Бұл құмалақ жүйкесі жүн, жігері құм болып, алға басқан аяғы кері кетіп жүрген адамға түседі», – деді Арай Сейтқазы.
«Ал құмалағыңыз Кәрім Мәсімовке не дер екен?» – деп, Арай құмалақшыны тағы бір сөзге шақырдық.
«Бір бүйірінде «пустота» бар… Құмалақтың жүрегі берік емес… бір аяғы – алдыда, екіншісі – кері кеткен… Сол қанатында қорқыныш бар… екінші орынға қарай ығыстырылған күйді кешеді. Не қызмет атқарса да, бүгінгі жағдайды уысынан шығарып алатын кезеңді басынан өткізеді. Бұрышқа тығылған оқушының кейпін елестетеді. Қасында жүрген біраз адамның «артын ашады», тығырыққа келіп тірелген сәтте қызметінде бейберекетсіздік орын алады. Өзі сеніп жүргендер өзінен сырт айналады…».
Сөз соңында: «ДАТ» газетіне қатысты құмалағыңыз қандай болжам айтады?» – деп сұрадық Арай Сейтқазыдан.
«Оң босағасы берік құмалақ түсті, мінеки! Бірақ бір белгісіздік басым, келер жылы не істейміз деп алаңдап тұрсыздар… Олжа түспейді… Жыл ортасына таман орын ауыстырып, көшесіздер. Бірақ барған жерлеріңіз олжалы, майлы болады. Жүрек ашық… Сөз берік… Қос табан қатар тұр – бұл мығымдықтың белгісі…» – деген Арай Сейтқазы құмалақшының қолына бес мың теңге ұстатып, біз редакцияға қарай асықтық.
Димаш АЗАМАТОВ,
«D»