«Общественная позиция»
(проект «DAT» №3 (367) от 26 января 2017 г.
Қазақстандық жігіт Қазыбек Ермегияев АҚШ-та президент Дональд Трампты ұлықтау рәсіміне қатысты. Ол – атышулы «ЭКСПО ісі» бойынша сотталып, қылмыскер атанған Талғат Ермегияевтің ұлы. Бұл орайда «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі «Қазыбек – АҚШ президентін ұлықтау рәсіміне қатысқан ең алғашқы қазақ» деп жазады.
Белгілі болғандай, осыдан үш жыл бұрын АҚШ әскери академиясына оқуға түскен Қазыбек ұлықтау рәсімінде атпен жүріп өткен 50 кадеттің бірі екен. Сонымен бірге ол вице-президент Майкл Пенстің бал рәсімінде АҚШ пен Индиана штатының туларын күзеткен төрт кадеттің бірі болған.
Қазыбек Ермегияев грант негізінде әскери академияға түскен соң, жақсы оқу үлгірімі үшін құрамында 15 кадет бар Color Guard элиталық тобына қабылданған. Кейіннен үздік оқуы мен спорттық жетістіктері бағаланып, 120 жылдық тарихы бар Black Horse Troop кавалериялық отрядына ену мүмкіндігіне ие болған екен.
Қазыбектің әлем көз тіккен осындай рәсімге өз отандасының қатысуына ризашылық танытқан танымал тележүргізуші Айгүл Мүкей өзінің инста-парақшасында:
«АҚШ президентін ұлықтау рәсіміне арналған салтанатты шеруге Қазақстан Республикасының азаматы – өз отбасы мен біздің елдің лайықты ұлы Қазыбек Ермегияев қатысты. Үздік студент және мықты спортшы ретінде әскери парадқа қатысқан жалғыз қазақ. Алған бетіңнен қайтпа, Қазыбек!» деп жазды.
«D»