Маңғыстау мұнайшыларын ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРА БАСТАДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №4 (368) от 2 февраля 2017 г.

 

Ереуілдеген ел бар

 


 

 

Тәуелсіз кәсіподақты сақтау үшін аштық жариялап, сотқа тартылған маңғыстаулық мұнайшылар шетінен жұмыстан шығарылып жатқандарына шағымданады. Жұмыс беруші компания комментарийден бас тартады.

 

Маңғыстау облысында биліктен тәуелсіз кәсіподақтарын жаппауды, оны қайта тіркеуді талап етіп, аштық жариялаған «Oil Construction Company» (OCC) мұнайшылары әуелі әкімшілік және азаматтық жазалауға тартылып, енді жұмыстарынан айырылып жатқандарын хабарлады. Қаңтардың 23–24 күндері Маңғыстау облысының Шетпе ауылы мен Қарақия және Мұнайлы аудандарында өткен сот отырысы тағы 36 адамға қатысты істі қарады. Митинг өткізу заңдылығын бұзғаны үшін 14 мұнайшыға 20 АЕК (1 айлық есептік көрсеткіш – 2269 теңге) айыппұл салынып, 19-ы аштық жариялағандары үшін компания шеккен 500 276 мың теңге шығынды өндіруге міндеттелді.

Сот шешімдері шыққаннан бері үш мұнайшы – Құсайын Жылқышиев, Жамбыл Бегешев және Қайрат Ерекешов жұмыстан босатылған. Мұнайшылар өздерін құқық қорғау органдарына шақырып, қысымның жалғасып жатқанын айтады.

Соттағы айыптаулардан соң алғашқы болып жұмыстан шығарылғандардың бірі – 49 жастағы Құсайын Жылқышиев OCC мекемесінде 2003 жылдан бері электргаз дәнекерлеушісі болып еңбек еткен. Алтыншы разрядқа ие Құсайын Жылқышиев өзіне еңбек шартының бұзылғаны туралы жұмыс беруші бұйрығының қаңтардың 25-і күні кешкі сағат 20.00-де тапсырылғанын айтады. ОСС компаниясының директоры Серік Әбденовтің қолы қойылып, Еңбек кодексінің 52-бабына сілтеме жасалған бұйрықта қаңтардың 23-і күнгі Маңғыстау аудандық сотының шешімі негізге алынып, жұмысшының «тамақтан бас тартып, еңбек қағидаларын бұзғаны» айтылған.

«Менен бірден жұмыс орнын босатуды талап етті. Бұйрықта мені Қаламқас кенішінен дереу шығару тиістілігі жазылған. Мені түнгі сағат 22.00-де алып кетті, – дейді Жылқышиев. – Түсіндірмемде тамақтан бас тартқаныммен, өндіріске зиян тигізбегенімді, жоспарымды орындағанымды жазып бердім», – деді ол «Азаттыққа».

Құсайын Жылқышиев – қаңтардың 5-інен бастап екі апта бойы аштық жариялап, Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жұмыс істеуін талап еткен ОСС мұнайшыларының арасында өткір пікірлерімен көзге түскендердің бірі. Қаңтардың 19-ында ОСС компаниясының талап арызын қанағаттандырған Ақтау қалалық №2 соты аштық жариялау акциясын заңсыз деп тауып, мұнайшыларды аштық жариялап отырған кәсіподақ кеңсесін шұғыл түрде босатуға міндеттеген еді. Құсайын Жылқышиев сот үкімін орындап, қаңтардың 20-сынан бастап Ақтау қаласындағы кәсіподақ кеңсесіне келген жоқ. Қаңтардың 21-інде Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен оны «митинг өткізу заңдылығын бұзды» деп айыптап, 45 382 теңге айыппұл салған.

Құсайын Жылқышиевтің отбасында бір қыз, екі ұлы бар. Балалары кәмелеттік жасқа толғанымен, отбасында жұмыс істейтін тек жалғыз өзі екенін айтады. «Енді мен де жұмыссыз қалдым. Сөз жоқ, әділет іздегенім үшін жұмыссыз қалдым. Оған өкінбеймін де. Бірақ балаларымның болашағы барған сайын бұлыңғыр болып барады. Аузын аша алмаса, құл болып өмір сүрді деген сөз ғой», – дейді Құсайын Жылқышиев.

Ол өзіне қатысты үш сот шешіміне де апелляциялық шағым түсіретінін айтты. ОСС компаниясы директорының орынбасары Дүйсен Атшыбаев «Азаттыққа» Жылқышиевті жұмыстан шығару туралы комментарий беруден бас тартты.

Azattyq.org

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн