«Общественная позиция»
(проект «DAT» №4 (368) от 2 февраля 2017 г.
Желідегі жазбалар
Ринат ЗАЙЫТОВ:
Бір елде бір «Мырза» бар уайымы жоқ,
Сөзінің шындығы аз, ойыны көп.
Көзінің дүниеге тойымы жоқ –
Өзінің қауымына қайыры жоқ.
Бір елде бір «Мырза» бар тайраңдаған,
Елінің ертеңі үшін ойланбаған.
Табаны тиген жерді ойрандаған –
Ешқашан әділдікпен сайланбаған.
Бір елде бір «Мырза» бар қала салғыш,
Тарихты қолдан жасап ала салғыш.
Жан болса ағат кеткен жерін айтқан –
Аямай абақтыға сала салғыш.
Бір елде бір «Мырза» бар той тойлағыш,
Өз-өзіне тамсанып пай-пайлағыш.
Орайы келмесе де ұрандатып –
Маңайы атын айтып айқайлағыш.
Бір елде бір «Мырза» бар қажымаған,
Туысы – ұры-қары, уәзірі арам.
Жұлып жеуді жұмысқа айналдырған –
Ұлтына құдай берген қазынадан.
Бір елде бір «Мырза» бар ақын, батыр,
Ешкімнің дәті жетпес қатуға тіл.
Пайдаға өлшемі жоқ батып жатыр –
Себебі Елін, Жерін сатып жатыр.
Бір елде бір «Мырза» бар сарайы көп,
Сарайларда қол сүйгіш малайы көп.
Жалпының сүйіктісі көрінгенмен –
Халқының оңалатын орайы жоқ.
Бір елде бір «Мырза» бар төсек құмар,
Алу мен көбейтуден есеп құрар.
Өзінің қорасында тұрмаса егер –
Ат түгілі пырақты да есек қылар.
Бір елде бір «Мырза» бар көзі жүйрік,
Баршаға әрбір айтқан сөзі бұйрық.
Ол кісінің атымен қатар қойып,
Алланың атағының өзі «ширік».
Мырза жоқ ешбір елде ғажап мұндай,
Момын жұртын тоздырған қажып тынбай.
Жаратқаным сол бір елді мазақ қылмай,
Мейірімсіз мырзасынан азат қылғай.
Ержан Тәліп:
Халық айлықтан айлыққа дейін ілдебайлап зорға өмір сүріп жүрсе, билік үндеуден үндеуге дейін жырғап өмір сүруде, ә?
Ардақ Әшімова:
Президенттің жолдауына қатысты Конституцияға өзгертулер мен толықтырудың парламентке ұсынылған жобасын оқып шықтым. Артық қылам деп, тыртық қылыпты. Бұл өзгерістер мемлекетіміз бен халыққа орасан зиян әкелмесе, түк пайдасы жоқ.
Көзіме мынандай елес келді: Тақта отырған бір кісі асқан қулықпен сүйекті тесіп, онша көзге көрінбейтін жіпті байлап, алыңдар «мә» деп сүйекті лақтырып жібереді де, сүйектің артынан қуған иттер енді сүйекке жақындап жапа-тармағай таласып жатқанда, анау жіпті тартып қалғанда, сүйек оның табанының астына тұрады. Ал сүйектен дәмелілер барлығы қайта сүйектің артынан куған күйі қожайынның аяғына тұмсықтары тіреліп, олардың төпли жалаудан басқа ешқандай амалдары қалмайды.
Сырт көзбен қарағанда, барлығы демократияға сай болып көрінгенімен, ең бастысы көрінбейтін жіптің қожайыны кім? Мәселе – сонда. Келісуге болар еді, егер ең алғашқы Конституциямызды өзгермеген күйінде сол қалпында қайтарса, онда мәселе басқа.
Сондай-ақ халық талаптары ескеріліп, жаңаша өзгертулер еніп жатса, нұр үстіне нұр болар еді, бірақ, өкінішке орай, ондай нәрсенің болуы екіталай?..
Сондықтан жолдауға байланысты Конституциямызға өзгертулер мен толықтыруларды қолдамаймын! Пайдасынан зияны орасан зор!
Мен ол өзгертулер мен толықтыруларға:
«Бойкот! Бойкот, тек Бойкот!» деп қолдамас едім!