«Общественная позиция»
(проект «DAT» №6 (370) от 16 февраля 2017 г.
ДАТ!
«Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайдың нақақ жаламен қамалуы жөніндегі хабар қоғамды дүр сілкіндіріп қана қоймай, қазіргі биліктің «өзгеше ойлайтын» азаматтарға қарсы жүргізіп отырған қудалау саясатының күшейіп бара жатқандығын көрсетті. Тәуелсіз журналистке саяси қудалаудағы банкир Мұхтар Әбілязов құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың («ОПГ») құрамында «БТА Банктің» қаржысын «Трибуна» газеті арқылы «тазалауға» қатысқан деген нақақ айып тағылып отыр. Ендігі кезекте қазақстандық билік бүкіл әлемге «Жанболаттың ісі» деген айқаймен танылатынын еске сала отырып, журналистке қатысты мән-жайды әріптесі Инга Иманбайдан анықтауды жөн көрдік. Сөз басында ескерте кетейік, қайсар да инабатты Инга ханым біздің газетке берген сұхбатында өзін Жанболаттың жұбайы екенін және екеуінің бір қыздары барын мәлімдеді.
– Инга, Жанболаттың ұсталуы мен оған тағылып отырған айыптар жөнінде айтып өтсеңіз, бұл істе қандай себептер мен астар бар деп ойлайсыз?
– Жанболат үнемі аңду мен бақылауда жүргеніне етіміз әбден үйренген еді. Сондықтан бұл қылмыстық істің пайда болуы бізге тіпті де таңсық емес. Қазір оппозициялық алаң әбден тазартылған, тәуелсіз БАҚ ішіндегі қалғаны – екі-үш газет пен оларды жанқиярлықпен шығарып жатқан редакторлар. Олар халықтың да, биліктің де жіті назарында. Солардың бірі – Жанболат. Өзіңіз білесіз, бүгінгі Қазақстанда біздің «Трибуна» мен сіздердің «ДАТ» жобасы, «Жас Алаш» газеті тәуелсіз басылымдардың соңғы «тұяғы» болып қалдық. Сондықтан Жанболат та, мен де азаматтық ұстанымның демократиясыз Қазақстанда немен бітуі мүмкін екенін әрқашан есте сақтап жүрдік, әрі оған дайын да болдық.
Соңғы кездері жиілеп кеткен арандатушылықтар мен ескерту есебінде болып жатқан жағдайлар Жанболаттың ұстанымын шайқалтқан жоқ, содан да болар, моральдық тұрғыда өзіне бекем болып жүрді. Сондықтан бұл жерде қандай қылмыстық бап, қандай айып тағылатыны аса маңызды емес. Қазіргі қалыптасып отырған қоғамның жағдайында Жанболаттың келешек тағдырын жақсылыққа жору аса қиын. Ол өзінің саяси және өткір журналистік көзқарастары үшін қудаланып отыр – оны мен жасырмай ашық айта аламын.
Дегенмен, мен билік өкілдерінің әрекеттерін еш түсіне алмай отырмын: қайдағы қаржылық алаяқтық туралы айтып отыр?! Жанболатқа қандай айып тағылса да, жұртшылықтың бәрі бұл жағдайдың астарында не бар екенін түсініп отыр ғой. Астары айқын – ол «Трибуна» газетінің өткір әрі оппозициялық ұстанымына жасалған қысым. Басқадай ешбір мәселе жоқ.
– Биліктің бақылауындағы бірқатар БАҚ Жанболаттың «БТА Банктен» жымқырылған ақшаға қатысы бар деген айып тағылып отырғандығын хабарлады. Көпшіліктің айтуынша, Жанболат та, сіз де, Төлеген Жүкеев те экс-банкир Мұхтар Әбілязовтың көзқарастарын бөліспеген екенсіздер. Сонда қалай? Осы жөнінде не дейсіз?
– Соңғы бірнеше күнде нешетүрлі пікірлер естіп жатырмын. Шындығында, бізді білетін адамдардың бәрі таңырқап отыр: кім – кім, ал Төлеген аға мен Жанболатты Әбілязовтың қаржысымен байланастыру – ешбір ақылға сыймайтын жағдай. Логикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, Әбілязовтан банкті тартып алған кезде және ол өз қаржысын шетелге шығарып жатқан-мыс шақта Жанболат студент болатын. 2012 жылы біздің газеттің бірінші саны жарық көрді, ал 2013 жылы Әбілязовты қамауға алып, ол тек 2016 жылдың соңында түрмеден шықты. Егер біздің газетіміз Әбілязовтың қолдауымен жұмыс жасады десек, онда ол түрмеде отырған жылдары біздің басылым күнін қалай көрді деген сұрақ туады ғой.
– Олай болса, әңгімені ашық айтайық. 2012 жылы газеттеріңіздің бірінші санын кімнің қолдауымен шығардыңыздар және оны шығаруға нендей жағдай түрткі болды?
– Жоғарыда айтып өткендей, тәуелсіз басылымдардың жабылуы, оларға қысым көрсетілуі бізді қатты алаңдатты. Оның үсітіне біз сол жылдары жұмыссыз жүрдік, бірақ журналистикада жинақтаған тәжіребеміз әлдебір журналистік жобаны жүзеге асыруға сенім берді. Өздеріңіз білесіз, сол жылдары Жаңаөзен оқиғасының буы қайтпаған еді. Осы мәселені көтеру, мұнайшыларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында біздің ең бірінші жобамыз – «Жаңаөзен.nеt» сайты пайда болды.
Ал жеке өзім туралы айтар болсам, Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі болашағымды тек тәуелсіз журналистикамен байланыстырдым. Өйткені Жаңаөзен маған қатты әсер етті. Алғашқы сайтымызды өз күшімізбен жасадық, қазіргі таңда, өздеріңіз білесіз, сайт ашу үлкен қаражатты қажет етпейді. Ол сайтымызға Әбілязовтың ешқандай да қатысы болған жоқ. Біз ол сайтты өз бастамамызбен жасадық. Егер бізге сырттан қаржы келіп жатқан болса, біз сол сайтпен-ақ отыра бермейміз бе? Арада біраз ай өткеннен кейін тіпті журналистердің айлығын төлеуге мүмкіндік болмайтынына, әрі өзіміздің жағдайдың қиындап бара жатқанына көзіміз жетті. Себебі сайтымыздың оқырманы көп болғанымен, кәсіпкерлер жарнама беруден қорықты. Сондықтан да басқа амалдар қарастыруға мәжбүр болдық. Нарықты сараптай келе, сол уақытта тәуелсіз басылымға оқырмандардың сұранысын байқап, «Трибуна» газетін шығаруға бел будық. Негізгі көздеген мақсатымыз – газеттің сатылымы арқылы ешкімге тәуелді болмай, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді көтеру болды. Сондай сеніммен газетіміздің алғашқы санын 2012 жылы басып шығардық. Газетіміз бірінші санынан бастап оқырмандардың көңілінен шығып, тәуелсіз БАҚ-тар арасында өзінің орнын таба білді. Алғашқы кезде біздің газеттің тиражы 30 мыңға дейін жеткен кездер болды. Сондықтан газетіміздің түсімі алғашқы нөмірінен бастап, өз-өзін қаржыландыруға еркін жетіп тұрды.
– Жанболатқа «Трибуна» газеті арқылы «БТА Банкің» «ақшасын жуды» (отмывание) деген айып тағылып отыр. Банктің қыруар қаржысын жұмсау үшін, қаржылық операциялары ірі көлемдегі, көптеген есепшоттары бар үлкен мекеме болу қажет қой. Сіздердің редакцияларыңызда қанша қызметкер бар? Жалпы, редакцияларыңыздың ішкі жағдайы туралы айтып өтсеңіз.
– Егер ақшаға шылқып жүрсек, үлкен қызметтік штат ұстар едік. Оларға журналистік тапсырма беріп қойып, өзіміз бастық болып, еркін жүрер едік қой. Ондай жағдай бізде жоқ болғандықтан, редакцияда үш-ақ адам жұмыс жасадық. Жанболат газеттің 24 бетін басынан аяғына дейін өзі оқып шығады. Барлық сұхбат пен сауалнамаларды мен аламын. Онымен қоса газеттің әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстары да болады. Ол – газетті тарату, сатылған газеттің қаржысын жинау, баспаханаға тапсыру деген мәселелер. Онымен де мен айналыстым, өйткені ол жұмыстарға арнайы штат ұстап, жалақысын төлейтін қаражатымыз болған жоқ. Біздің редакциялық жағдайымыздан-ақ күніміз тек газеттің сатылымымен ғана байланысты екені көрініп тұр.
Бір керемет бизнес-орталықтан ешқашан кеңсе жалдаған емеспіз, себебі бізде ондай қаражат болған жоқ. Тергеу орындары жағдайымыздың бәрін біліп отыр. Мысалы, олар менің телефонымды тыңдаса, сейсенбіден бастап баспаханамен де, газетті таратушылармен де сөйлесіп, не істеп, не қойып жүргенімді біліп отыр емес пе?
Мен ойлаймын, тергеушілер бізге тағып отырған айыптарының жалған екендігін біліп отыр. Бірақ өздеріне сондай тапсырыс түскен соң, амал жоқ, орындайды. Біздің жағдай сол: аптадан – аптаға, газеттің алғашқы сатылымының ақшасына келесі нөмірді шығарып отырған жағдайымыз бар. Кейде таратушылар ақшаны кешіктіріп беретін кездер болады. Ол жағдайда мүлде қиналып қаламыз, баспахана болса, қызмет ақысын талап етеді. Сондай кезде қарызданатын да жағдайлар жиі болады. Егер біздің шашылып жатқан ақшамыз болса, біз сондай күн кешеміз бе? Бұл жағдай сіздердің де газеттеріңізге таныс екенін мен өте жақсы түсінемін. Өйткені біздің басылымдарға кәсіпкерлер жарнама бермейді, қудаланудан қорқады.
– «Біреу біледі, біреу білмейді» дегендей, Жанболаттың отбасы туралы айтып өтсеңіз.
– Жанболат – бір үйдің жалғыз баласы. Ата-анасы – зейнеркерлер. Бар өмірін ұстаздыққа арнаған. Атамыздың жасы 80-ге келіп қалды, апамыз 60-тан асты. Жанболаттан басқа олардың тіреуі де, өздеріне қарайтын адамы да жоқ. Жанболат екеуіміздің екі жасқа толмаған қызымыз бар. Олардың барлығының асыраушысы – Жанболат. Сондықтан бұлтартпау шараларын қарастырған кезде үйқамаққа қалдыру үшін өтініш жазып, осының бәрін сотқа уәж ретінде ұсындық. Бірақ бұл іс таза саяси іс болғаннан кейін, Жанболатқа моральдық қысым жасау үшін, біздің келтірген дәйектердің ешқайсысы еленбеді.
– Тергеушілер үйлеріңіз бен редакцияны тінту кезінде өздеріне керекті, тағылып отырған айыпқа қатысы бар айғақтар тапты деп ойлайсыз ба?
– Жоқ, айтып өткендей, біздің редакциямыз да, үйіміз де бір мекен-жайда болды. Ол – аңдушыларға белгілі жағдай. Жанболаттың да, менің де ата-анамның үйінде тінтулер болды. Қай үйде болса да, біздің өте қарапайым тұратынымызды көрді. Тінтуге қатысқан адамдардың ұяттары болса, түсінген шығар: Әбілязовтан ақша алған адамдардың үйіне ұқсамайтынын. Ешқандай алып бара жатқан дүние де, жағдай да жоқ екенін олар көрді. Біздер – көптің күйін кешкен қарапайым қазақтың отбасымыз. Өзіміздің газетімізді жасап, күнімізді көріп жүрміз. Шындығы керек, тінту жүргізілген қай үйден де ешқандай дорба-дорба доллар шыққан жоқ. Ең болмаса, доллар емес, қомақты теңге де табылмады. Сондықтан біздерді миллионердің сыбайласы деп айту – далбаса дәлел.
– Жанболаттың абақтыға қамалуына байланысты «Трибуна» газетінің ендігі жағдайы қалай болмақ?
– Бұл сұраққа менің әзірше нақты жауабым жоқ. Өйткені қолымызға сот шешімімен газет жабылды деген құжат ұстатқан жоқ. Оның үстіне біздің газеттің нөмірін дайындауға қажетті техникамыздың барлығын алып кеткен. Тіпті интернет-модем мен ұялы телефондарымызды да алып кетті. Айдалада қалғандай болдық. Жаңалықтарды да оқи алмай қалдық. Бірақ Жанболатты қамады деп, газет те жабылатын болды деп айтуға аузым бармайды. Сондықтан газетті жабуға жол бермеуге бар күш-жігерімді саламын. Оқырмандарымыздың үмітін үзбеуге тырысамын.
– Дегенмен, Инга ханым, Жанболатты аяқ асты неге қамауға алғанын жорамалдап көрейікші: сізде қандай жоралғылар болуы мүмкін?
– Былтырғы көктемдегі жер дауы басталғаннан бері Жанболат ерекше көзге түсті. Және осы жер мәселесі бойынша бас көтергені үшін қамалған Макс пен Талғатқа да ерекше қолдау көрсетіп, оларды батыр деп, бірінші болып мойындаған адамдардың арасында Жанболат та болды. Макс пен Талғатқа «Халық Батыры» деген атақ беру де – Жанболаттың бастамасы еді. Шындығы керек, қазақ жерінен айырылады деген мәселе бойынша Жанболат өте қатты қиналды. Ол бұрыннан да биліктің халыққа қарсы әрекеттеріне қатал сыншы болды. Жер мәселесіне келгенде, «мұнайды тонасын, ақшаны тонасын, оған да келістік, бірақ қасиетті қазақ жерін сатуға мүмкіндік бермейміз» деген азаматтық ұстанымы берік болды және оны ашық түрде айтты. Билік қылмыскер деп тапқан Макс пен Талғатты батыр деп мойындады. Қолынан келгенше оларға жақтасып, қолдау көрсетті. Оның барлығы Жанболаттың жерге қатысты жанының күйінгенін, еліміздің болашағы үшін толғанысын білдіреді. Қазақ айтады ғой, «Батырды тек батыр ғана мойындайды» деп. Сондықтан мен өзім Жанболатты батыр деп танимын.
Мен тергеушілерге айттым: «Сендер білесіңдер ме, бізге қазір не істесеңдер де, оның барлығы – біздің де, сендердің де балаларыңның басқа елдің боданында болмасын, қазақтың балалары өз жерінде еркін жүрсін деген ниетпен жасалған істер. Заман бір орында тұрып қалмайды, алда өзгерістер болады, бірақ сол өзгерістер болған кезде Қазақстан қай күйде қалады? Біз жерсіз қаламыз ба, мемлекетсіз қаламыз ба? Жанболаттың бар мақсаты да, жазып жүргені де – осы мәселелер төңірегінде ғана», – дедім.
Бұған қоса Жанболат әлеуметтік желілерде де белсенділік танытып жүрді. Жанболаттың жер мен ұлт болашағына қатысты жазбалары бес мыңдап лайк, үш-төрт мыңдап перепост жинайтын. Мына жаңа жылдан кейінгі қысымның күшейіп кеткені – билік Жер кодексі арқылы жер сатуды заңдастыра алмай, енді Конституцияның 26-бабы арқылы жерді өзге елдің азаматтарына сатуды заңдастырамын деп жатыр. Сол кезде де ең алғашқылардың бірі болып өре түрегелген Жанболат. «Қазақ жерден айырылмайды! Біз қайтсек те жерді қорғаймыз!» деп шыққан алғашқы азаматтардың қатарында болды. Биліктің көзі Жанболатқа баяғыда түскен. Оны Жанболаттың өзі де біліп жүрді. Бүгін болмаса, ертең билік тарапынан әрекеттер болатынын сезді. Дегенмен, қазақ жерінің, оның болашағының, мемлекеттілігінің мәселесіне келгенде, жалтарған жоқ. Жер мен қазақ балаларының болашағы үшін күресуге дайынмын деп айтты. Меніңше, Жанболатты қудалаудың, оны абақтыға қамаудың астарында оның осы жерді саудалауға қарсы позициясы себеп болып отыр.
– «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегенде, егер Жанболат бас бостандығынан айырылатындай жағдай болып жатса, ол бұл қиянатқа моральдық тұрғыда дайын деп ойлайсыз ба?
– Жанболат оған да дайын. Өзінің азаматтық ұстанымы үшін демократиясы жоқ Қазақстанда қандай жауапкершілік күтіп тұрғанын біліп, сезініп, соған қарамастан, өз көзқарасынан бас тартпаған азаматтардың бірі. Ешкім Жанболатты халықты революцияға шақырды деп айта алмайды. Жанболат сауатты азамат ретінде заң шеңберінде Қазақстанның мемлекеттілігін сақтаймыз деп жүрді. Жанболаттың сауаттылығын айтар болсам, ол қазақша мектепте, кейіннен қазақша жоғары оқу орнында оқыған. Жанболаттың қазақшасын оның «Жас Алаш» газетіндегі мақалаларынан байқауға болады. Қазір 24-беттік қоғамдық-саяси газетті орыс тілінде шығарып отырғанынан, оның орыс тілін де тең алып жүргенін көреміз. Сонымен қатар Жанболат Шет тілдері институтын бітіргендіктен, ағылшынша да еркін сөйлеп, жаза алады. Кітапты да үш тілде оқиды. Сондықтан сауатты, білімді, өздерінің азаматтық позициясына берік адамдар қазір некен-саяқ.
– Сіздің де, біздің де газетті апта сайын биліктегі атқамінерлер үзбей оқып отырады. Бүгінгі сұхбатымызды пайдаланып, оларға айтарыңыз бар ма?
– Қайталап айтайын, Жанболат – зейнет жасындағы ата-ананың жалғыз ұлы. Бүлдіршін қызы бар. Нан тауып отырған газетімізді қудалап жатыр, ол менің де жұмыс орным еді. Бірақ негізгі айтқым келіп отырған бұл емес. Біз бүгінгі биліктен жанашырлық күтпейміз. Бар сұрайтыным, осындай саяси қудалауға қатысты шешімдерді қабылдап отырған адамдар ойланса екен деймін. Жанболат – халықтың жауы емес, керісінше, қазақ мемлекеттілігінің бірден-бір қолдаушыларының бірі екенін түсінсе деймін. Біз елімізде төңкеріс болып кетпесін, халықты ашындырып алмаңдар деп, шындық пен әділеттіліктің сойылын соғып жүрміз ғой. Жанболат – мемлекетіміздің өсіп-өркендеуін аңсаған және оған қатысты өз сынын ашық айтатын, еліне тек жақсылық ойлайтын азамат екенін түсінер деген үмітім бар.
– Үмітіңіз ақталсын, Инга ханым! Жанболат нақақ жалаға тап болса да, өз оқырмандары – қазақ қоғамы алдында адал азамат екені даусыз.
Сұхбаттасқан –
Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,
«D»