«Общественная позиция»
(проект «DAT» №6 (370) от 16 февраля 2017 г.
Саяси қудалау жалғасуда
Ақпанның 14-інде қоғам белсендісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Айдын Егеубаев Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жеке сот орындаушысы Ынтымақ Жәнібековтің ұсынысы бойынша сот шешімін орындамады деген айыппен 5 тәулікке қамалды.
Өткен жылы қазан айында Астана қаласының әкімшілік соты Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың шағымы бойынша Айдын Егеубаевтың үстінен жазған арызын қанағаттандырып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабына сәйкес, 5 тәулікке қамауға шешім шығарыпты. Сот белсендіні 100 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеген еді.
Еске салсақ, қазақ жері үшін жанталасқан азамат Айдын Егеубаев әлеуметтік желі арқылы «Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде Үржар ауданының 85 гектар жерін қытайлықтарға сатты» деп айыптаған еді. Сот бұл мәлімет шындыққа жанаспайды деп шешім шығарған болатын.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы жер телімдері қытайлық кәсіпкерлерге берілгені жөнінде Айдын Егеубаев газетіміздің өткен жылғы бірнеше санында сұхбат беріп, айғақ-құжаттарын жариялаған еді. Үржар ауданында 91 443,1 га жерлерді Қытай компаниялары өз үлестері бар қазақстандық бірлескен серіктестіктер арқылы алып алғаны туралы іс ШҚО азаматтық істерді қарау жөніндегі сотында қаралып, қытайлықтар алған жерлер заңсыз рәсімделгені сотпен дәлелденіп, облыс әкімінің пәрменімен «қолды болған» жерлерді мемлекетке қайтару туралы шешім биылғы қаңтар айының 27-сі күні шығып, шешім күшіне енді.
Жария болған мәліметтер сотта дәлелденсе, әкімшілік сот Айдынды абақтыға сүйрегені несі деген сұраққа жауапты кім берерін газетіміздің алдағы сандарында анықтап жазатын боламыз.