КЕСІЛГЕН ТІЛ, ШЫҚҚАН КӨЗ…

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №8 (372) от 2 марта 2017 г.

Астар

 


 

О тоба, көзінің орны үңірейіп тұр. Не балқытып қорғасын құйған, не көмірдің шоғына қақталған қып-қызыл істікті бырш еткізіп сұғып алған. Әлде автогеннің жалынымен күйдірді ме екен?! Әйтеуір қос жанардың орны – үңірейген қуыс. Жүрегім атқақтап, аузыма тығылды. Бар күшімді жиып, соңғы рет қарадым: тұла бойында бұрынғы дегдар болмыстан тұлдыр да жоқ. Сүле-сопа біреу. Оның кім екенінен хабар беретін жалғыз белгі – басындағы көзтаныс қалпағы ғана.

Мен Алаш ақсақалды бала күнімнен білемін. Әкемнің сырласы еді. Жалғыз әкем емес, бүкіл ауыл оны пір тұтатын. Оның сөзі – сөз еді. Оның айтқанын халық ақиқаттың шыңы санайтын. Кейін біліп жатырмын ғой – Алаш ақсақалды бүкіл қазақ дәл осылай бағалапты. Айтқанына ұйыпты, пайымына наныпты.

Өзі де бір өзгеше жаратылған жан еді-ау! Жасы жүзге жуықтаса да, бойынан жастықтың жалыны есіп тұратын. Ел мен жердің бүтіндігіне қауіп-қатер төнсе, Алаш ақсақал айғай салып алдыңғы шепке шығатын. Қазақтың намысы үшін, әділеттілік үшін кіммен болса да айқаса кететін әдеті – қанына сіңіп кеткен.

Өзгеге қайдам, маған осы кісі өлмейтіндей, мәңгі жас көрінуші еді. Мен оны күн сөнгенше өмір сүретін шығар деп ойлайтынмын.

…Өлмепті. Бірақ біз оны жоғалттық. Ақсақал іңірде ізім-ғайым болды. Бір топ қызметші таңертең бөлмесіне кірсек, іші астаң-кестең, киім-кешегі шашылып жатыр. Әлдебіреулер төсекте жатқан жерінен байлап әкеткен тәрізді. Телпегі аяққа тапталыпты. Күштеп, сүйреп әкеткені – шұбатыла созылып, жартысы босағаның сыртына шығып кеткен белбеуінен аңдалады.

Біз оның қолына су құйып, иығына шапанын ілгенімізді бақыт санайтынбыз. Қолтығынан демеп, мәсісін кигізгенімізді мәртебе көрдік. Енді ол жоқ. Қайда? Кім әкетті? Қайда әкетті?

Мен оны осыдан бір апта бұрын көрдім. Алдымен дауысын естірмін деп үміттенгем. Өйткені оның қаһарлы дауысындай дауыс бұл әлемде жоқ. Қазақтың намысына тиетін сөз естісе, қазақтың несібесіне өзгелер көз алартса, Алаштың дауысы аспанды қақ айырардай гүр ете түсетін.

Саңырау болғыр құлағым оның бұл үнін ести алмады. Мен оны топ кісінің арасынан көрдім.

Сенейін бе, сенбейін бе – ақсақал өзі жек көретін, жиіркене қарайтын жағымпаз шал-шабырдың, олардың өрен-жарандарының арасында тұр. Мені байқар ма екен деген дәмемен айналсоқтап біраз жүрдім. Назарын бұрмады. Әлде көрмеді, әлде көрмегенсіді.

Екі күннен соң қайыра соқтым. Тура кешегі қалпы. Қаққан қазықтай қақайған күйі тұр. Мына әлемде не болып жатқаны оған бәрібір сияқты. Айналасы мәз-мәйрам. Кеше ғана маңына жуудан қаймығатындар енді онымен сырлас-пікірлес жандардай қасына топталып алыпты. Жүздерінен өзін Алашпен тең санайтын астамшылық байқалады. Әлде аузын айға білеген Алашың да біздің қатарымызға өтті деп масайрап тұр ма?!

Шыдай алмадым, көптің арасынан кимелеп, сүріне-қабына ұмтылып, тура алдына келіп тоқтадым. О қу Құдай, мынау – біздің ақсақал емес. Кешегі қасқыр ішігінің қайда қалғанын кім білсін, үстіне Қытайдың арзанқол жұқалтым, жылтырақ плащын киіп алыпты. Онысының жеңі шынтағынан сәл ғана асып тұр. Өңірі алқам-салқам. Сонша уақыт қасында жүріп, ақсақалдың жас бала құсап, қара көзілдірік таққанын көріп тұрғаным – осы.

«Ататай-ау, мына жүрісің не сенің?!».

Аяғын құшып, өкіре құладым. Мені таныды. Танығанын иығыма тиген қолының жылуынан сездім. Өңінде абыржу ма, ашыну ма – әйтеуір бірдеңе бар. Бірақ оны ажыратарлық қауқар менде жоқ еді.

Сұмдық содан кейін болды. Ақсақал көзілдірігін көтерген… О тоба, көзінің орны үңірейіп тұр… Көзім тұманданып, қою қараңғылыққа сүңгіп бара жаттым.

Бір қарасам, қаумалаған көптің ортасында тұр екенмін. Дұрысы, әлдебіреулер ақсақалды қаумалап алыпты. Мен оның жанындамын. Екі-үш еркек, бірер әйел ерекше белсенді. «Е-е, байғұс ақсақалды түн ортасында сүйреп әкеткен жаңа қызметшілері – осылар екен ғой!» деп топшыладым.

Бәрінің көзінде – қара көзілдірік. Әлде көзілдірік емес, көздерінің өзі сондай ма?! Әйтеуір қап-қара, әйтеуір жып-жылтыр. Сырын алдырмайтын, ойын оқытпайтын баданадай-баданадай кілең таскөз. Біреуінің белінде шумақталған арқан жүр. Бірі қолтығына кетпектей кемпірауыз қысып алыпты. Енді бірі ұялы телефон арқылы алыстағы әлдекіммен сөйлесіп тұр. Басын қайта-қайта шұлғып, ләббайлап жатқанына қарағанда, тапсырма алып тұрған жайы бар. Әңгімесі бітті білем, енді ол бұйрық беруге көшті. Дауысынан тау қопарған кісінің зорсынуы байқалады: «Әй, ана неменің басын бері бұрыңдар, біз енді былай қарай жүреміз!».

Серіктері ақсақалға ұмтылды. Қимылдары жетектегеннен гөрі, жұлқылағанға жақын. Құдды, Алаштың қызметшілері емес, оған бишікештің итаршылары сияқты. Анау бейшара әлдене айтқысы келгендей, «а-а» деп, аузын ашқан…

Астапыралла! Тілін кесіп алыпты. Кескенде де қылпылдаған ұстарамен осып жібермеген. Жүзі майырылған әлденемен қидалаған. Тілінің кесілген бөлігінен қалған тұқылы ескі араның жүзіндей кедір-бұдыр.

Ақсақал бірдеңе айтқысы келеді. Бірақ бұрынғы дауыс жоқ, үні жер астынан шыққандай, құмығып естіледі. Кедір-бұдыр тілден шыққан дыбыс – былдыр-былдыр. Мұны жағымпаз-жандайшаптар өз ыңғайына қарай тәпсірлеп бара жатыр: «Былдыр-былдыр» – «бәрі жақсы», «былдыр-былдыр» – «бәрі дұрыс».

«Бәрі жақсы», «бәрі дұрыс» деген лепірме сөзді енді «Алға, Қазақстан!» деген көпірме ұран басты. Улаған-шулаған топ Алаш ақсақалды ортаға алған күйі ұзап бара жатыр. «Олар өтірік айтады, оларға сенбеңдер! Алаштың көзін ағызып жіберген! Ол ештеңе көріп тұрған жоқ! Ол мылқау. Оның тілін кесіп тастаған! Бейшараны мұндай қорлыққа қалай қиясыңдар? Одан да өлтіріңдер!».

Менің бұл шырқыраған дауысым алқалаған әңгі топтың айқайына көміліп кетті. Еріксіз, өз ықтиярынан тыс, толассыз түртпектен кейін ғана аяғын әрең басып бара жатқан ақсақалға қарай алмай, теріс айналдым.

Жүзім бұрылған жақ – нөпір халық екен. Баяғы бейқам, топан су тобығынан келмейтін қазақ. Олар Алаштан айырылғанын сезбейтін де сияқты. Көздерінде не болып, не қойғанын аңғара алмаған таңданыс қана бар.

Алашты ортаға алған тобыр өзеннің арғы жағына өтіп бара жатқанын сезіп, жүрегім шымыр етті. Бар күшімді жиып, ақсақалға ту сыртынан болса да, соңғы рет қарағым келген… Дәтім жетпеді.

Сансызбай НҰРБАБА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн