«Общественная позиция»
(проект «DAT» №9 (373) от 8 марта 2017 г.
Qamshy.kz порталының Алаштың 100 жылдығына арнап берген асынан аспандап қайтқан көңілге академик Мұрат Жұрынов бастаған жала жабушылар кірбің салды. 365info.kz сайтында «Алаңдамаңыз, Айгүл ханым. Академиктерді арандатып отырған кім?» атты нағыз арандатушы мақала кеше түн жамылып жарияланыпты. Онда өзіме қатысты, жала жабылған жерлерін келтіре кетейін.
«… ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері – Ә. Хайдар, Р. Сыздықова, С. Қирабаев, Ө. Айтбаев, Ш. Сарыбаев және М. Қойгелді бастаған ғалымдар да осы мәселеге қатысты (классификаторға – Ред.) үкімет басшысы Б .Ә. Сағынтаевқа, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықоваға, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М. Тәжинге хат жазып, ол баспасөздерде жарияланған еді.
Алайда Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың айтуынша, «Қазақ үні» порталының президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және Әлия есімді келіншек С. Қирабаев, Ө. Айтбаев және т.б. ғалымдарға өздері дайындап жатқан хаттың мазмұнын басқаша түсіндіріп, жалған тізім көрсетіп, әдейі ұйымдастырған көрінеді, – деп соғады.
Одан соң менің атыма «арандатушы» деген «атақты» тіркеп қойып, басы жеткенше аузына келгенін айтыпты «автор» – «Әділет Елеусізұлы» деген жалған ат жамылған біреу.
Дәл осы сөздері үшін «365инфо.кз» сайты да, академик Мұрат Жұрынов та, жалған ат жамылған авторсымақ «Әділет Елеусізұлы» да заң алдында жауап береді. Өйткені менің бұл алты академиктің хатына мүлдем қатысым жоқ, бұл хат туралы олардың бірімен де сөйлескен жоқпын, ешкімге қол қойдырған жоқпын.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев енді маңдыта алмаған білім-ғылым мәселесін жиып қойып, осындай лас әрекетке кірісіп кеткен бе, әлде министрге жағынып қалайық деген министрліктің кеңсесін жағалап жүргендердің «кеңесі» мен «тірлігі» ме – ол жағын біле алмадық. Бірден «дәл солай» деп жазсақ, ұлт мүддесі үшін жүгіріп жүрген біз пақырды «арандатушы» етіп, керісінше, өзі арандатып отырған «атағынан ат үркетін» академиктен айырмамыз шамалы болып қалар…
Бірден академик Өмірзақ Айтбайұлы ағама хабарластым.
– Аға, мен сізбен ЖОО-дан қазақ тілі, әдебиеті пәндерінің алынып қалуына байланысты Ашық хат жазған алты академиктің хаты туралы сөйлестім бе?
– Жоқ, мен Мұрат Жұрыновқа мемлекеттік тілдің рөлін арттыру туралы зиялылардың Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға жолдаған Ашық хаты бойынша сенің хабарласқаныңды айттым. Соны сұрап отыр екен деп ойладым. Ол алты академиктің хаты бойынша маған белгілі ғалым (атын атады – Қ.И.) хабарласып, мен ол мәселені қолдап, қолымды қойып бердім ғой.
365info.kz сайтында «Академия президенті есімдері аталған академиктер үшін келеңсіз, тіпті заң бұзушылық әрекет болды деп есептейді» , – дейді Әділет Елеусізұлы деген біреу. Ал әйгілі ғалым, ҰҒА академигі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы өзіне «мен емес, басқа адамның хабарласқанын» айтып және «Иә, мен өз қолымды қойдым» деп отыр…
Әрине, менің бұл хатқа қатысым жоқ болғандықтан, әрі қарай тарқатпай-ақ қояйын. Ертең-ақ ақиқат айтылады. Ұлт мүддесін ұмытып, мәселеге қатысы болмаса да, жанамалай шауып, түгел Білім министрлігінің адвокаттарына айналып кеткен «ғалымдардың» да бет пердесі ашылады…
Академик-ғалым Серік Қирабаев ағамыз өмірі телефон соғып, сөйлесіп көрмеген адамым болғандықтан, телефонын тауып алып, қоңырау соқтым. Бірақ хабарласа алмадым.
Дәлел-дәйексіз сөзі арқылы бәріне кінәлі болып отырған Мұрат Жұрынов ағама да телефон шалып, ала алмадым.
Сондықтан мен ҚР Ұлттық ғылым академиясын басқарып отырған академик Мұрат Жұрынов ағамызға мынадай сауалдар қойғым келеді. :
– Сізді академик басыңызбен дәлелсіз, жаңылыс айтылған жалған сөзді жаныңызды салып, таратып отыруыңызға не мәжбүр етті?
«Анау айтты-мынау айтты» деген қарабазарда ғана болатын қарабайырлық Ұлттық ғылым академиясын басқарып отырған академик ағамызға лайық деп ойлайсыз ба?
Мен шетел асып кеткем жоқ, Аллаға шүкір, аман-есен жүріп жатырмын, бір ауыз хабарласып, біліп алуыңызға не кедергі болды?
…Қайран, қазақтың маңдайына біткен қайсар ғұлама Қаныш Сәтбаевтар қазығын қаққан қасиетті Ұлттық академиямыз кімдердің қолына түскен? Мұрат Жұрынов ағамыз жасы келіп, жаңылыс естіп, жаңсақ сөйлей бастаса, Ұлттық академия секілді аса жауапты ғылым ордасына жабысып қалмай, жастау ғалымдарға тізгінді тапсыратын кезі әлдеқашан жеткен екен-ау деп ойладық…
• P.S. Бүгін біздің «Қазақ үні» ұлттық порталымызға хакерлік шабуылдар жасалып, күндіз жабылып қалды. Дауылдың қайдан соққанын сезіп отырсақ та, дәлеліміз болмаған соң, үндемей отырмыз. Әйтпесе дәлелсіз соға беретін академик пен «Әділетсіз» «автордан» айырмамыз не?
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz
Жөн-ау!
БАЗАРДАҒЫ ҰРЫСҚАҚ әйелдердің сөзі кімге керек?
Біз мәдениетті, дәлелді пікірталасқа қашан жетеміз?
Кешегі бір топ қазақ филологтарының жанайқайынан соң, әуелі білім министрі (үш күннен соң) әлеуметтік жүйеге шықты, ал одан соң бірнеше облыстың жоғары оқу орындарының декандары мен кафедра меңгерушілері, т.б. «халықты тыныштандыруға кірісті».
Меніңше, бұлардың барлығы дүрліккен жұртты басудан гөрі, отқа май құйған сияқты әсер қалдырды. Теледидардан бюджеттік оқу орындарының жауапты басшыларының «ол ақпарат шындыққа жанаспайды», «сенбеулеріңізді өтінемін», «бізде әзірше бәрі орынша» деген сөздері жауаптан гөрі, сұрақтарды көбірек тудырған сияқты.
Осы «халықты тыныштандыруды» ұйымдастырған жандар – бұрынғы Кеңес жүйесінің жұмыс істеу тәсілінен шыға алмай жүргендер деп білемін. Ол уақытта да біреулерді «халық жауы» қылатын болса, немесе енді біреулерді мадақтайтын болса, адамдардың аузына сөз салып, қолына қалам беретін. Газет беттерінде біреулерді «иттей талап», енді біреулерді әулие дәрежесіне жеткізетін.
Қазір уақыт өзгерді. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі халықты одан әрі дүрліктірмей, хатты жазып, бастама көтерген азаматтарды қолдарындағы құжаттармен, нақты деректермен министрлікке шақырып, олардың деректерін тексеріп, жалғандығын не дұрыстығын дәлелдеулері қажет. Мүйізі қарағайдай академик ағаларымыз, апаларымыз біреудің айтағына еретін азаматтар емес қой, демек (олардың қолындағы құжаттар жалған болса) сол құжатты дайындаған, оған қолдарын қойған, оны таратқан жандар анықталуы шарт.
Министр мырза «ондай болмайды, бұл өтірік» деудің орнына, осы мәселені тексеріп, анықтап, содан кейін ғана қоғамға жауап беруі керек. Ал қазір бір жағы «аттан» десе, екінші жағы «олардың айтқаны жалған» деуден аса алмай тұр. Бұл базардағы ұрысқақ әйелдердің бір-біріне «өзің ақымақсың» дегеніне ұқсайды.
Өткен жылы мәдениет министрі Арыстанбек інімізді жамандау науқаны «қызу» жүргенін бәріміз білеміз (60-тан асқан кезекші әйелдің өзі отыз жылдан кейін Арекеңнің қырындағанын есіне түсіріп, ұятқа қалды). Министр мырза осының бәрін жала деді де, сол жаланы таратқан жандарды сотқа берді. Алып-қашпа, арзан сөздер сонда ғана тоқтады.
Қысқасы, былшыл сөздерді тоқтатайық! Білемін, ертең министрлік газет беттерінде жүздеген мамандардың сөзін беріп, теледидардан көздерін жұмып, «министрдікі дұрыс» дейтін басқа академиктердің пікірін ұйымдастыруы ғажап емес. Оған қарсы қазақ тілінің жанашырлары да қарап қалмайтыны анық.
Бұл айқай кімге керек? Оның орнына жұртты атқа мінгізген құжаттың дұрыс, бұрыстығын анықтап, не жалған құжатты жасаған адамдарды сотқа беріңдер, не (егер сол құжатты қазақ филологтарының өздері жасағаны дәлелденсе) жалған ақпаратты таратқандарды жауапқа тартыңдар.
Дос Көшім
Abai.kz