МЕН СОҒЫСТЫҢ ТҮЛЕГІМІН

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №18 (382) от 12 мая 2017 г.

 

Естелік


 

(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)

 

Білім соқпағы

Бірінші сыныпты 1945 жылы жартылай оқып бітірген соң, екінші сыныпқа барар кезде Тілежан апамның (бауырына басқан шешесі – Ред.) көңілі бұзыла бастағанын сездім. Бір күні қос сыртында ойнап отырып, көрші әйелге: «Мен баламды былтыр оқыған жеріне жібермеймін. Ол – Әнге (Әнуар – туған анасы – Ред.) бауыр басып кетеді. Осы күзде Ақжайлау жақтағы қыстаққа сұранып, сондағы Нұрақ ағамның қолына оқуға беремін» деген әңгімесін естіп: «Апа, мен сенен алыс кетпеймін, Нұрақ атамның үйінде тұрып оқуға барамын», – дедім. Нұрақ Боқанов апамның туған ағасы еді, оның да баласы болмай, бір жақындарының қызын бауырына салып алған.

Сонымен, оқу жылын «Ақжайлау» колхозының Үштөбе деген орталығындағы бастауыш мектепте екінші кластан бастадым. Нағашы атам мен нағашы апам маған жылы ниетпен қарады, мен де «арамтамақ» болмайын деген оймен қолғанат болдым. Малға шөп салу, оның астын тазалау, ат суғарып, жем беру қолымнан келетін. Мектептен келіп, жайдақ атқа қарғып мініп, бұлақтан суарып келу мен үшін жұмыс емес, серуен сияқты болатын. Жыл өткен сайын мен туған-туысқандар бас қосқан жиындарда тек ұл бала емес, қолғанат, қолынан бәрі келетін, елгезек бала атандым.

Соғыс аяқталған соң, атамның інілері Мұхаметжан, Тәлімжан және ұлдары Әшім, Қырықбай бірінен соң бірі елге орала бастады. Жалпы, майданға атам Әлімжанның екі інісі, бір немере інісі, бес ұлы қатысты. Соның үшеуі (Төлеубай, Әбділда, Шалабай) ұрыста қаза тауып, қалған бесеуі жеңіл желпі жараланып, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдарында қызу еңбекке араласты.

Бір есімде қалған күн – Тәлімжан ағамыздың хабарсыз кетіп, 1946 жылы тұтқыннан (Ұлыбританияда болыпты) келген күні еді. Әңгіме үстінде ағамызды «Тарғыбатай» (қазір Қырықжылдық) колхозына есепші қызметіне жіберетіні, ал мені қолғанат ретінде, әрі бастауыш мектептің үшінші сыныбында оқытатыны сөз болды. Бұл жерде апам жоқ еді, мен сыр білдірмей отыра бердім, ал атам мен нағашымның үйінде тұрып оқығанымнан гөрі інісінің қолында жүргенімді құптағаны сезілді. Сөздің қысқасы, мен сол жылдары Ақсуат ауданының бір колхозы болып саналатын Аягөзге таяу «Тарғыбатай» колхозындағы бастауыш мектептің үшінші сыныбына тіркелдім.

Жылдар өте колхоздағы жылқы саны көбейіп, колхоз басқармасы атама Төлеубай деген жас жігітпен Тәуірше деген оның жесір жеңгесін көмекші ретінде қосымша табындарды бағуға шешім қабылдады. Бұл шешім бұрынғыдай емес, атама күзеуден орталыққа ертерек келуге мүмкіндік берді. Сондықтан да маған «Егіндібұлақ» колхозының бастауыш мектебіне қыркүйек айынан бастап, төртінші сыныпқа тіркелуіме жол ашты.

Ауылда оқу мүмкіндігі төртжылдық мектеппен аяқталды, ал бесінші сыныпты аудан орталығындағы онжылдық мектепте жалғастыруға тура келді. Сол жылдары Кішіағам Ақсуат аудандық жер бөлімінің есепшісі болып қызмет істеді. Бірақ дәл Ақсуаттың орталығында үй болмаса керек, бұрынғы бас есепші болған «Жаңақұрал» колхозының берген үйінен барып келіп жүрді. «Жаңақұралдың» іргесі Ақсуатқа тиіп тұрған, 2-3 шақырымдай ғана алыстығы болатын. Қазір ешқандай арақашықтығы жоқ, аудан орталығымен қосылып кетті.

Сонымен, Тәтемнің (Ән шешемнің) қолына қайтып оралдым. Осы ауылдан мектепке барып келіп оқитын апайым Зағыш, қарындасым Сайрамхан, тағы басқа 5-6 оқушы болды. Мен Тоқтар Нұрекенов деген баламен бір класта болып, бірге жүрдім. Ақсуат орталығында туып-өскен құрдастарымыз мен сияқты ауылдан қосылғандарға үдірейе қарайтын. Себебін тауып, «ананы, мынаны істе, тіл алмасаң, таяқ жейсің» дегендей мінез көрсеткендері де болатын. Үзілістерде мені де ары-бері итеріп, үстемдік жасағысы келетін. Бірақ мен оларға қарсылық жасауға шамам болды да, кейде жекпе жекке барып, қаншама кеудесін көтергендерге тойтарыс бере алдым. Біздің бала кезімізде жекпе жектің бір шарты – күресу еді. Кім жығады – сол жеңеді. Сол жылдары Ақсуатта Байғабыл атты палуан жас жігіт болды. Тойларда оған ешкім тең келмейтін. Алып та, шалып та жыға беретін. Тіпті Семейден де жүлде алып қайтатын. Біз сол ағамызға қатты еліктедік.

Кейбір жағдайда жығылған құрдастарым екі үшеуден жабылатын болды. Бірақ аудан орталығы шағын ғой – жеке кездесіп қалған сәттерде біразымен «есеп айырысып» жүрдім. Біздің заманымыздағы төбелес – білек пен жүректің күші болатын, шоқпар, темір-терсек пайдаланбайтынбыз.

Бір жылдан кейін, 6-сыныпта мені үздік оқушылардың қатарында есептеп, қоғамдық жұмысқа қосты. Ол заманда мектепте «пионер дружинасы», «комсомол комитеті», «оқушылар комитеті» деген ұйымдар болатын. Мен алтыншы сыныптағылардың өкілі ретінде оқушылар комитетінің құрамына сайландым. Оның бастығы 8-сынып оқушысы еді, сол жылдардың өзінде аса қабілетті жас Нүкен Насиров болды. Оның бізден бір сынып төмен оқитын Нұрахмет деген інісі болды, осы азаматтармен ағалы-інілі туыстай болып едік. Өкінішке қарай, ол екеуі де бүгін арамызда жоқ.

1950-51 оқу жылында менің мектепке қайда тұрып, баратыным сөз бола бастады. Себебі 1950 жылы бүкіл одақ бойынша ұсақ колхоздарды ірілету саясаты жүргізілді. Ақсуат ауданынағы 36 колхоздан оншақты ірі шаруашылық құрылды. Кішіағаны іріленген «Екпін» колхозына бас бухгалтерлікке жіберіп, үйіміз Жаңақұралдан Екпінге қоныс аударды. Екпін Ақсуаттан 8 шақырым болатын. Әрине, мектепке жаяу барып-келіп оқу күрделі болды да, мені Мұхамеджан ағамыз қолына алды. Ол ағамыз (атамның інісі) ауданда соғыстан кейінгі жылдары көрнекті қызметкер болды. Сахи атты жеңешеміз бастауыш кластарға сабақ беретін.

Жеңеше шешеміз жиі құрсақ көтерді. Соғыстан кейінгі 4-5 жылда Баян, Бақытбек, Зейнегүл, Әдина есімді үш қыз, бір ұлды болды. Сахи тәтеміз он бала туып, өсіріп «Алтын алқа» тақты. Мен осы үйде тұрып оқыған жылы үш бөлмелі шағын саманнан салынған қоныста үлкен әжеміз – Күмісжан, аға-жеңгеміз, олардың төрт баласы, менен үлкен атамның қызы – Кенжесары және ағаммен қызметтес, бірақ Қызылкесікте жұмыс істейтін бір азаматтың Рая атты қызы тұрды. Жиыны он адам 30 шаршы метр үйде тұрдық. Бұл мекенді соғыстан бұрын менің Шалабай әкем салған екен, соңғы жылдары төбесін ашып, шамалы биіктетіп, қосымша бір бөлме жалғап, кеңейту жұмысына мен де қатыстым. Кейбір күндері ауылдан сау етіп туысқан туғандар келіп жатады. Жалпы, үйде сабақ дайындайтын жағдай жоқтың қасы, сондықтан да мен мектепте мұғалімдер не айтады, соны мұқият тыңдап, ертеңінде сұрай қалса, бұлжытпай қайта айтып беруге дағдыландым. Әрине, үйге берген есеп шығару, шығарма жазу сияқты тапсырмаларды тіземе дәптерді қойып жазсам да, орындап жүретінмін. Осылай жүріп, Ақсуатта «ВЛКСМ ның 30 жылдығы» атты орта мектепте 5–7-сыныптарды бітірдім.

Ал 1953-54 оқу жылы басталардан бұрын, іріленген «Ленин жолы» колхозының орталығынан 10 жылдық мектеп ашылды. Қызылкесік-Қызылтас ауданы құрылған (кейінірек Ақсуат) отызыншы жылдары аудан орталығы болып, онда Киров атындағы мектеп салынған екен. Соны жаңғыртып, ауданда ашылатын екінші орта мектепті Қызылкесікке орналастыру халыққа қуаныш әкелді. Ол мектептің директоры болып, Ақсуат орта мектебінің оқу ісінің жетекшісі (завуч) Ғаббас Жүнісов деген математика физика пәндерінің маманы тағайындалды. Ол кісі біздің 7-сыныпқа сабақ беретін, мені жақсы танитын, ол мұғалімнің сабағында Тоқтар екеуміз көбірек дауласатынбыз. Себебі Ғаббас ағамыз оқушыларды ойландыратындай есептердің әрқилы шығару жолдарын ұсынып, бізді жарыстырып, өзі де қызып кететін.

 

Бір күні завуч шақырады деп, маған бір мұғалима хабар берді. Мен тағы да не бүлдіріп қойдым екен деп келсем, Ғаббас ағамыз: «Киров атындағы орта мектепке мені директор тағайындағанын білесің ғой. Ол мектепті ашу үшін 8-сыныпқа бір топ оқушы жинау керек. Осы жерде оқып жүрген қыр жақтан (ауданның солтүстік батысындағы шаруашылықтардың атауы) келген балаларды білесің ғой, солардың тізімін жасауымыз керек. Тізімнің басына өзіңді жазып отырмын, тағы кімдер бар?» – деді. Бірінші аузыма түскені Бөкеш Ибраев болды да, тағы біраз балаларды айттым. Бірақ Бөкеш Киров мектебіне бара алмады, себебі аудан орталығында аурухана бар, дәрігерлердің көмегіне зәру еді. Тағы бір себеп – тұрған пәтері соғыстан келген біздің аталас туысымыз, аудан орталығында тұтынушылар кооперациясын (потребкооперация) басқаратын Сапышев Мажит ағамыздың үйі еді. Бөкештің бұл үйде жағдайы жақсы, өзі ағамызға қолқанат болды.

1953-54 оқу жылын Киров атындағы орта мектепте 16 оқушысы бар 8-кластан бастап, 1955 жылы бәріміз ыдырамай бітірдік. Осы жылдары менің білім алуыма жақсы жағдай болды. Біріншіден, атам зейнетке шығып, Әшім, Рамазан, Мәзен атты ұлдарымен Егіндібұлақтан іріленген колхоз орталығы Қызылкесікке көшіп келді. Үй-жайлары сол заманның мүмкіндігінше жақсы болды. Әшаға колхоздың бас бухгалтері еді. Мектепке баратын атамның кенже қызы Гүлсарамен мен ғана едім.

Қызылкесік аудан орталығы болған мезгілде, орта мектепте (соғыс жылдарында жеті жылдық Киров атындағы мектеп болып қайта құрылған) он жылдықты біз бітірерде, жаңадан бірінші аттестат алатындардан оқу озаты болса, медальға ұсынылсын деген сыбыс болды. Бұл бұрынғы дәстүрі бар Киров мектебінің дәрежесін көтеру мақсатымен жасалған болар. Ол заманда «Еңбек Ері» атағын беру және басқа марапаттау жүйесі сияқты медалистердің де санын реттеп беретін «ВЛКСМ-ның 30 жылдығы» атындағы мектепке – екі орын, Киров атындағы орта мектепке – бір орын бөлініпті деген сыбыстарды естідім. Оныншы класты бітерер емтиханы басталмас бұрын, мектептің мұғалімдер алқасы (педсовет) мені медальға ұсынуға лайық деп шешім қабылдаған. Емтиханның қортындысы бойынша алтын медальға жіберген құжат орыс тілінен «төрт» деп бағаланып, маған күміс медальды бекітіпті. Өкінішке орай, «ВЛКСМ 30 жылдығынан» жіберген екі жұмысты да (біреуі – орыс мектебінен, біреуі – қазақ мектебінен) бір шикіліктері бар деп бекітпепті. Сонымен, Ақсуат өңірінде 1955 жылы 10-класты алты мектептің қабырғасынан өтіп, медалист атағымен бітірдім.

Серікболсын ӘБДІЛДИН

 

(Жалғасы газеттің келесі санында)

 

Редакциядан: Серікболсын Әбділдин ағамыздың осы естелігі толық жазылған «Тұңғыш төраға – Первый председатель» деп аталатын кітабын мына мекен-жайдан сатып алуға болады: Алматы қ-сы, Сейфуллин көшесі, 288. Тел. 382-72-33, 382-72-30.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн