«Общественная позиция»
(проект «DAT» №20 (384) от 25 мая 2017 г.
ДАТ!
Газетіміздің өткен санында белгілі театр режиссері, Гёте медалінің кавалері, қайтпас қайсар қайраткер Болат Атабаевтың сұхбаты жарияланған еді («В Акморде не держат вольнодумцев» – 18.05.17ж.). Сонда біз өзінің «көңілі қалып жүрген қазақтарына» арнап, тағы бір сұхбат беруін сұраған едік. Бөкең сол уәдесінде тұрды: төменде әлеуметтік желі арқылы болған сол сұхбатты жариялап отырмыз. Осып-осып өтер ойы алмас қылыштың жүзіндей азаматтың пікірін оқып көріңіз.
– Болат Манашұлы, «ДВК»-ның алғашқы ұйымдастыру жұмыстары негізінен әлеуметтік желі арқылы жүріп жатқаны байқалады. Бұл әрине саясат технологиясындағы жаңа қадам болса да, коммуникациялық тұрғыда кенделеп қалған Қазақстанда желі арқылы жұмыстың тиімділігі бола қояр ма екен? Осы орайда сіздер желіге жүргізіп отырған мониторинг қандай нәтижелер көрсетуде?
– Рас. Ұйымдастыру жұмыстары, негізінен, әлеуметтік желілерде жүріп жатыр. Басқа мүмкіншіліктер де бар. Есіңде болса, «ДВК» деген брендті Қазақстанда қолдануға заң бойынша тиым салынған (әрине, абсурд), кейін ол қозғалысты «Алға» деген атпен ресми тіркеуге бірнеше жыл бойы әрекеттендік. Тіркемеді. Кейін партия жетекшісі Козлов сотталды, Алматы және облыс орталықтарындағы офистеріміз тәркіленді, өзіміз қуғынға ұшырап, ақыры, экстремист болып шықтық.
Себеп?
Басқалар, «КНБ»-ның нұсқауымен, «общым который» билікті кінәлап жүргенде, біз назарбайға кет дедік. Елде болып жатқан келеңсіздіктер иесінің аты жөнін атадық. Бұның қорытындысын білесің – елдегі жүйелі оппозициялық қозғалыс толығымен тұралап тынды. Сондықтан біз әзірге «ДВК»-ға деген жаңа ниеттің тамырын әлеуметтік желі арқылы басып көрудеміз. Қазіргі беталысы жаман емес.
– Жалпы, бұл қозғалысты басқаша атауға болмас па еді? «Бір суға екі рет түсуге болмайды» деген тұрғыдан айтар болсақ, кезінде белгілі тұлғалар арасындағы саяси ауызбіршілік болмауы салдарынан тарап тынған «ДВК»-ны қайтадан «тірілту» мақсаты қандай болашақ саяси мүмкіндікке негізделген деп айта аласыз?
– Білетін жұрттың есінде болуы керек: «Алға» партиясы – «ДВК»-ның тікелей мұрагері. Қаншама жыл күрестік, тәжірибе жиналды. «Нұр Отан» съездерінде ешқашан болмайтын уғында-шуғын, «қызылкөтен» қырғын Алға /ДВК/-ның жиналыстарында үйреншікті көрініс болатын. Кімнің – кім екенін таныдық! «ДВК» үшін Әбілязов пен Жақиянов түрмеге түсті. Бәйменов бастаған, Ерғалиева қоштаған топ сатты. Кезінде мыңдаған белсенділердің үміті болған «ДВК»-ны қисық заңмен қағаздан өшірсе де, санадан өшіре алмады. Ел-жұрттың жадында «ДВК» шындық үшін, әділет үшін күрескен ұйым болып қалған!
«Бір суға екі рет…»? Мың рет! Мәселе суда емес. Сол суға кім және қандай мүддемен кірді – мәселе сонда. «ДАТ»-қа тыйым салынғанда, сен де «СолДАТ» деп қайтадан түледің. Біз де, сол «ДВК»-ны тірілтуге шықтық. Атымызды да, затымызды да сақтауды дұрыс көрдік.
– Өте жөн екен, Бөке! Ал желіге жүргізілген зерттеу бойынша, қозғалысқа қосылуға ниет білдіріп жатқандардың дені кімдер?
– «ДВК»-ны қолдаймын! Мені де тіркеңіз», – деген мыңдаған адам аттарын ашық жазуда. Көбісі 35-50 жас арасындағы азаматтар, жастар да баршылық. Жұмыс енді басталды, сондықтан толық зерттеу әлі алда.
– Қазақстан демократиялық таңдау қозғалысының құрылтайшысы ретінде жұмысты неден бастадыңыз?
– Бастаған жоқпын, басталған істі жалғастырудамын. «ДВК» – аЗаМаТТыҚ қозғалыс. «А» әрпін әдейі кішірейтіп отырмын, мысал үшін. Дауысты жалғыз «а» дыбысы көп дауыссыз дыбыстардың ортасында көрінбейді. Өмірде де осы жағдай.
Ендігі МАҚСАТ: дауыстылардың санын көбейтіп, дауыссыздардың санасын өсіру… Жанашырларды «Общымкоторый» халық, ел, жұрт ұғымынан биіктетіп, нақты АЗАМАТ деңгейіне жеткізу, ТҰЛҒА дәрежесіне көтерілу! Назарбайдың зәресін зәр түбіне келтіретін АЗАМАТТЫҚ қоғам қалыптастыру. Қорықпайтындардың саны мен сапасын арттыру.
Назарқұлдар да қамданып отыр. Поштамызды істен шығару үшін кей күндері 500 дейін спам жібереді.
– Дегенмен, Бөке, желідегі кейбір жазбаларыңызда самарқау қазаққа өкпе-реніш білдірген сыңай танытасыз. Бірақ, қалай болғанда да, қазақстандық қоғамды қазақтан басқа ешкім өзгертуге құштар емес екенін білесіз ғой?
– Этносқа саналы адам ренжімейді. Мен қазақты көне гректер сияқты екіге бөлем: idiotis және politis! «Идиоттар» мен «Политтер». Сол идиоттар маған ренжиді.
(Еске салу үшін: В древней Греции людей, которые добровольно отказывались от участия в политической жизни, называли idiotai — «частные люди», неучаствующие в политической жизни. Это не одобрялось обществом. Человек, которому все равно, как живет его государство, которому все равно, какие законы принимаются в этом государстве, является более опасным, чем даже политический противник.
Полис (город) — особая форма социально-экономической и политической организации общества, типичная для Древней Греции и Древней Италии. Активный гражданин полиса назывался polit (отсюда происходит термин «политика» — наука о государственном управлении).
Халық және азаматтық қоғам – екі дүние. Әлеуметтану ғылымы айтады: халықтың 2-3% ғана азаматтық белсенділік көрсетеді. Қалғандары ішкен-жегенге, киген-сигенге мәз идиоттар. Әрі кетсе, өткен-кеткенге тамсанады, бабалардың өмірін аңсайды.
«Осы шақ, келер шақты не істейміз, қазақтар?!» – десең, «өткенге – салауат, келешекке – аманат» – дей салады. Сонда, ұрпақтың көтерер жүгін зіл қара тас қылып, жұлынын үзіп, жүре берсек, кім болдық?! Миллиардтаған қарызды кім төлейд?! Шын тәуелсіз болу үшін уланған санаға деколонизацияны кім жасайды?
Азаматтық қоғам тумай тұншығуда. Нағыз өркениет және демократия жолындағы билік ең алдымен, азаматтық мәдениет қалыптастыруға күш салады. Билік мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп, қоғамның өзекті мәселелерін шешеді.
Біз болсақ, әлі сол, Шаханов бастап берген «шала қазақ, таза қазақ, нағыз қазақ» деп бөліп, бір-бірімізбен жауласып жүрміз. Үміттері үзілген оралмандар: «Қайтамыз» десе, оларға: «Сатқындар! Тәубе, шүкірлерің қайда?!» деп, өктемдік көрсетеміз. «Әбілязов елім десе, жерім десе, қазақша жазсын, қазақша сөйлесін!» деп, етістіктің бұйрық райымен дікіңдейтіндер көбейді. Өзге емес, өзіміздің қазақ жау іздеп, дау қуып отырған. Мұхтарды қаралау үдерісі күшейіп келеді. Саналы қазақ кімнің – кім екенін түсінді. Назарбайдың «бөліп ал да, билей бер» деген принципіне қызмет жасап жүрген назарқұлдарды /агенты влияния/ танып отырмыз.
– Болат аға, сізді тіліңізден тартқаным жоқ – өзіңіз бастадыңыз: расында, сізді Әбілязовтың қорғаушысы деп жүргендер көп…
– Қорғаймын! Әбілязовты қорғағаным – өзімнің өмірлік принципімді қорғағаным, шындық пен әділдікті қорғағаным және жүйелі түрде. Болмаса, сұрағанын беріп, туған-туыстары мен балаларының қасында ақар да, шақар күй кешіп, отырмай ма – назарбай деген төбешіктің етегінде көп малдың бірі болып. Жоқ! «Мен бастаймын, қосылыңыздар!» деп қайсымыз суырылып шықтық?
Оппозиция қатарында болайыншы деген ой менде мүлде болмаған. Билік – менен оппозиционер жасаған. Өзімді өзім өртемедім. Асылмадым. Ешкімді атпадым. Өзім сияқтыларды іздедім.
Бұл қылмыстық саяси жүйе құрымай, тыныштық жоқ маған! «Мұхтар, бізді құтқар!» деген ұран /слоган/ оқыдым фейсбукте. Демек, оған деген сенім бар.
– «Әр қазақ менің жалғызым» деген, екінің бірі айтып жүрген тұжырымға қалай қарайсыз?!
– Никак қарамаймын!
Жақсы ақынның сол сәттегі поэзиялық сезімі! Он минуттан кейін сол ақын: «Өрісте оттап жүрген мал – қазақ!» – деуі әбден мүмкін. Поэзия – это состояние души. «Душа» құбылады да тұрады, тем более ақынның душасы! Құлаққа жағымды болған соң, басқалар оны өмірлік принцип етіп алған. Астарында «либой» қылмысты кешіре сал, қазақпыз ғой, өзіміз ғой деген пасық ой жатыр. Әрине, бүгінгі күннің контексінде.
Мысалы, Жаңаөзен мұнайшыларына қарсы оқ атқызған назарбай да қазақ.
Оқ атқан сүмелектері де – қазақ.
Жерді сатып отырған жемқорлар да қазақ.
Әбілязовты, Жақияновты, Козловты, Курмашинды, Саят Ыбраевты, Макс пен Талғатты, Жанболатты түрмеге жапқан соттар мен прокурорлар да қазақтар.
Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі өлтірді деп, теледидардан жалған хабар таратқан министр де қазақ.
Алтынбек пен көмекшілерін өлтіргендер де қазақтар.
Ал! Не болды сонда!
«Жалғыздарың» ғой, басыбайлы бердім, алыңдар меншіктеп!
Адамды бағалаудың өлшемі оның этностық ерекшелігі /руы, ұлты/ емес!
Ақыл-парасаты /интеллект/, кәсібилігі, таным-талғам биігі, рухани ұстанымы!
– Ал ендеше, жалпы қазаққа қазақ ретінде айтарыңыз бар ма?
– Жалған пафосқа ұрынып, өзімізді-өзіміз қоптырғанды қояйықшы. Өзіміз үшін!
«Ұлы», «қасиетті», «киелі», «құтты», «дана», «асқақ», «кемеңгер»… деп, алтынмен аптап, күміспен күптеп, сакральдік қасиеттермен матап тасталған «Халық», «Қазақ», «Тіл», «Тарих» деген төртем бар. Шар сияқты, жіңішке жіпке байланып, өткен күннің еншісінде қалып, уақыттың даты басқан, иесін күтіп, ілулі тұр. Жел соққан сайын төртемнің аттарын атап: «Үзілді! Өлді!» деп, айқайға басамыз. Ол төртемді жерге түсіріп, сілкіп-қағып, киелісін аршып алып, қасиетсізінің атын атап, бүгінгі күннің құндылығына айналдырсақ, қанеки?
Дәстүрді сақтау дегеніміз – сөніп қалған күлді қызғыштай қорғау емес! Сөнген күлдің жұртында қалған жадыны ояту. Отты қайта маздату!
Ұнау үшін, халықтың көңілінен шығу үшін, атүсті, бардым-келдім айтылған ұран емес, күнделікті жүйелі ғылыми жұмысқа зәруміз. Тек соған жағдай жасалмай жатыр. Президенттің саяси еркі, қалауы ғана керек! Халықтың назарын өз қылмысынан басқа жаққа бұрып, бізді ырылдастырып қойды.
«Тіл», «қазақ» деп, өзімізден-өзіміз қозып жүргенімізге де 25 жылдан асты, қасыған сайын ләззат алатын бір қышыма болды!
Егер біз қасиетті, ұлы ел болсақ, қылмыскер жүйені басқарып отырған жүз шақты адамның илеуіне неге көніп отырмыз?!
Сосын, қазақты тек қазақ болғаны үшін жақсы көру, орысты тек орыс болғаны үшін даттау НАДАНДЫҚ емей, не енді?! Путиннің пасық саясатын сол Путиннен зардап шегіп отырған орыс халқына теліп, орысты құбыжық ету – оның тілін кемсіту ақыл ма?! Қазақты сүю үшін мен неге Ресейді, Европаны немесе АҚШ-ты жек көруім керек?! Қазақтың жерін талан-таржыға салған, қазақты жемқорлыққа батырған, жолдарын быт-шыт қылған, ауылдарын судың астында қалдырған, подъездерін ластап, түкіріп, сиіп кеткен орыстар ма? Европалықтар ма? Тілге, ұлтқа, халыққа «ұлы», «дана», «қасиетті», «киелі», «құтты», «кемеңгер», «асқақ»… деген сын есімдерді тізбелеп телудің астында өзін кем сезіну комплексі жатыр.
Орыстың бір сайтынан: «Хватит себя возвеличивать! Весь мир нас уже ненавидит!», деген коммент оқып едім. Рас!
От-басы, интернет қасында даңғойланып, іштегі запыранды шығарғансып, үлкен іс тындырғандай, ұйқыға кетеміз. Айтылмаған сөз қалмады.
– Оңаша қалғанда, өзіңіз айтпақшы, поэзиялық сәттерде сізге қандай ойлар, сезімдер келеді? Қазір «ДВК»-дан басқа не тындырып жүрсіз, Бөке?
– «Мен көрдім дүние деген иттің көтін», – дейді Абай. Жаманды да, жақсыны да көрдім. Елде маған сенген, соңымнан ерген әріптестерім қалып еді… Әлі күтіп жүр. Мың өліп, мың тірілген тағдырлас Жаңаөзен мұнайшыларымен көріскім келеді… Қазақша… құшақтасып… кеудедегі зіл қара тас жібігенше. Таңғы асы – макарон, түскі тамағы – макарон, кешкі жегені – макарон болса да, маған арнайы түйенің өркешінен қуырылған дәмдісін ұсынған қазағым есіме түссе, босап кетем… Қартайғандықтың белгісі…
Жұмыспен уақыт өтеді – актер шеберлігінен дәріс берем. Қазақша баламасын таба алмадым: «Немцы живут, чтобы работать, казахи работают, чтобы жить». Айырмашылығын сезесің бе? Бұл жердегі студенттер жалмаңдап тұрады ғой, үлесінен айрылғылары жоқ! Білімнің қадірін біледі.
Дәстүрге де, инновацияға да, экспериментке де, табысқа да, сәтсіздікке де сабырмен қарайды. Қасиетті неміс халқының дәстүріне пышақ салынды! – деген әңгіме мүлде жоқ! «Халқым», «тілім», «дінім» деп еміренген бір немісті көрсем көзім шықсын! Ешқандай идеологияны керек етпейді, себебі конституция – ата заң толыққанды жұмыс істейді. Соңғы өзгеріс 1994 жылы енгізілген.
Қазақ деген елдің саяси, әлеуметтік, экологиялық белсенді тұлғалары өздерінің ішкі қажеттілігінен азаматтық топ болып ұйымдаспай, ерлердің ісі бітпес! Өзімшілдер бізге ере қоймас, сондықтан бар сенімім мемлекетшіл азаматтарда.
Ешкімге міндетсінбей, абыр-дабырсыз алаңға шығып, шындық айтқан адамдарды қолдап жүрген «Политтер» жоқ емес! Бар!
2011 жылы әлеуметтік желіде назарбайды сынайтындардың саны аз болатын. Қазір менің сөзім әдірәм қалды. Мені он орап алатын қазақтар шықты.
«Сайтан және оның сапалақтары!» – десең болды, атын атап, түсін түстеп береді.
Кухнядан шыққаныма талай жыл болды. «Все мы родом из кухни!». Көшеге де шығатын күн келді!
Ендігі мақсат: көшеге шығуды, шындық, әділеттілік үшін күресуді азаматтың ішкі қажеттілігіне айналдыру. Орысша айтқанда, быть справедливым и правдивым по совести, а не по ситуациям. Тек, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдарға» еріп кетпейік!
– Сұхбатыңызға рахмет, Болат аға! Аман-саулығыңызды тілеймін!
Ермурат БАПИ