«Общественная позиция»
(проект «DAT» №23 (387) от 15 июня 2017 г.
Ойдан-қырдан Сап-сап, көңілім…
«ДАТ» газетінің соңғы санында Бибігүл Төлегенова апамыз Димаш пен Қайрат балаларымызға қатысты ой қозғапты. Әрине, қазіргі таңда қазақ эстрадасында инкубатордың балапандарына ұқсас әншілер де, топтар да қаптап кетті. Өкінішті-ақ!
Ал Димаш – құбылыс! Оны әлемдік эстрада өнері мойындай бастады.
Бірақ Қайрат баланың да өнерде өз орны бар. Еңбекқор әнші.
Ендеше осы балалардың арасына от жағудың қажеті жоқ-ақ. Жаратқан ие Димаш баламызды тіл-көзден сақтасын! 1925 жылы Париждегі көрмеде Әміре Қашаубаев атасы ән шырқаса, Димаш, амандық болса, Астана көрмесінде, әлемдік сахналарда ән шырқайды. Рух сабақтастығы дегеніміз осындай-ақ болар.
Ал Қайрат… Қайрат Нұртас анау бір жылы Омбы қаласында концертін өткізіп жатқанда, қазіргі таңда қазаққа жетпей тұрған мінез көрсетті! «Омбы – қазақтың жері! Омбы – менің қалам!» деп шырқыраған жоқ па еді?!
Концертінде тек қазақ әндері шырқалды!
Димаш та, Қайрат та – халықтың ұлдары, өнердің ұландары. Біз екеуін де елдің ерен балалары ретінде бағалай білейік! Дүлдүлдерді дүрдараз қылмайық!
Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
ҚР Халыққа білім беру
ісінің озық қызметкері,
Астана қаласы