ПОСТМОДЕРНИЗМ УАҚЫТЫ: МӘДЕНИЕТ, ӨНЕР, ТАЛҒАМ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №25 (389) от 29 июня 2017 г.

 

Пайым патшалығы

 


 

 

Посмодернизм бе, әлде постмодерн бе?

Бұл философиялық сауалдарға жауап беру мақсатында әуелі терминдерімізді анықтап, категорияларымызды реттеп алайық. Содан кейін дефиницияларымызды бекітіп, ғылыми-категориялық аппарат жүйесін қалыптастырамыз, жалпыға ортақ ойлау тәртібін орнатамыз, ұғым-түсініктердің өмір сүру ережесін жария етеміз.

Постмодернизм дегеніміз – біз өмір сүріп отырған ЗАМАН.

Постмодерн – сол біз өмір сүріп отырған ЗАМАННЫҢ МӘДЕНИЕТІ.

Яғни, постмодернизм – көз алдымыздағы қоғамның кескін-келбеті, Ницше айтып, Энгельс қостаған метафора тәрізді, көше кезіп жүрген уақыттың санамызда қалыптасқан образы, еншіміздегі мезгіл, осы шақ, басымыздағы тұрмыс, жағдай, дәурен, ой-санамыз қабылдаған модуль, былайша айтқанда, кезең көрінісі, дәуіріміздің кейпі. Ал постмодерн – сол қалыптасқан образдың мәдениеті, өнері, қандай формада, қалай өмір сүретіндігі.

Жалпы, француз философтары Мишель Фуко, Жак Деррида, Жан Бодрийар постиндустриалдық өркениет тұрғындары санасын қорқыныш пен мазасыздық билеп-төстейтіні туралы жазады. Постмодернист ойшылдар постиндустриалдық заманда, қоғамда төрт нәрсе үстемдік құратынын алға тартып отыр:

Біріншісі, АГНОСТИЦИЗМ. Ақиқат – лингвистика туындысы, сөзде ғана өмір сүретін құбылыс; білім кеңістігі – тілдің ойын алаңы, ақиқаттарымыз – жалпы, интеллектуалдар бекітіп, қоғам қабылдаған көзқарас, түйін, толғам, ешқандай да болмыстың не өмірдің бейнесі емес.

Екіншісі, ПРАГМАТИЗМ. Интеллект белгісі – табыс, ал табыстың қазіргі капиталистік қоғамдағы көрінісі – байлық, дәулет.

Үшіншісі, ЭКЛЕКТИЗМ. Ақиқатқа емес, табысқа ұмтылыс, бұл жолда – жекелеген немесе аралас-құралас күйінде – барлық айла-амал, іс-әрекет, құлық-сұмдық, әдіс-тәсіл қолданылады, сондықтан дүниенің бейнесі, көрінісі – коллаж, мұражай коллекциясы.

Төртіншісі, АНОРХО-ДЕМОКРАТИЗМ. Ақиқаттың жоқтығы, ақиқатқа жете алмау, әлемде ақиқат туралы бұлдыр түсініктің қалыптасуы түрлі ұйымдарды (мемлекетті де) тұлғаларды езіп-жаншитын қиянатшыл күшке айналдыруы.

Модерннің гуманизм идеалдарына сенім артқан оптимистік сарыны бар еді. Ол антропоцентризмге де, рационализмге де, ғылымға да сенді. Иосиф Бродский тамаша бір эссесінде: «Модернизм тек логикалық салдар, классиканың нығыздалған ықшам түрі» – деген ой айтқан еді.

Сондықтан ақпараттық қоғам дегеніміз – постмодернистік қоғамның нұсқаланған бір вариациясы. Бүгінгі мәдениетке бұқаралық ақпарат құралдары қатты әсер ететіні жөнінде кезінде пікір айтып, аталмыш маңызды тақырыпқа бірнеше рет қалам тарттық, тіпті БАҚ мәдениеттің модустарын қалыптастыратыны туралы да мәселе көтерілді. Қазіргі заманда өскелең ұрпақ поп-жұлдыздарды өнеге тұтатыны рас, еліктейді, солықтайды, өнерпаз қауым, теле-тұлғалар жүріп-тұрудың үлгісіне айналады, артистердің мойнында осындай үлкен әлеуметтік жауапкершілік, ауыр жүк бар…

Постмодернистік кезеңде мәдениет, өнер және әдебиет эстрадалық сипат алады. Таным қабілетіне шәк келтірген ізденістер өнердің шын мұратынан пайда көрмей, тез арада табысқа қол жеткізе алатын жайдарман түрлеріне ауысады.

Әнге сөз жазатын қаламгер нағыз шайырдан гөрі, әлдеқайда ақынырақ көрінеді. Негіз бар, өлшемі де анық, ол – табыс.

Бүгінгі халық шығармашылықта жүрген қайраткерді сіңірген еңбегіне қарай емес, көпшілік таныған табысына қарай, яғни бірнеше критерий немесе еңбектің өзі емес, еңбектің нәтижесі бойынша бағалайды.

Менің ойымша, қазіргі қоғамда қалыптасқан постмодернистік табыс түрлері:

1. Танымалдылық;

2. Байлық;

3. Ықпалды топтармен таныстығы;

4. Жоғары оқу орнын бітіргендігі жөнінде бір емес, бірнеше дипломға ие болуы;

5. Жоғары қызмет;

6. Топқа кіру;

7. Епті парақорлық немесе коррупциялық жетістік;

8. Ұлт мұраты мен топтық мүдде диалектикасын меңгеру: жариялылық пен құпиялылық.

Постмодернизм – ғаламзаттық құбылыс, цивилизация дамуындағы белгілі бір кезең. Ол Батысқа ғана тән емес. Адамзатқа – бір, өркениеттерге тең дүние. Сонымен қатар постмодернизмді құбыжыққа айналдырудың да қажеті жоқ, бір басына бүкіл жақсы-жаманды үйіп-төгудің де керегі шамалы. Біздің мақсатымыз – мәнін ашып, шындыққа жету, сәті түсіп, жолымыз болса, ақиқатын тану.

Посмодернизм деген тұтас бір құбылыс жоқ. Ол туралы түсінік – әртүрлі цивилизациялық көрінісінен, қоғамдағы белгілерінен жинақталған қасиеттер жиынтығы, оқшау категория, жеке мән, ескі де жаңа мазмұн, содан біз қолданып жүрген жалпы ұғым қалыптасқан.

Менің ойымша, өнер тарихы дегеніміз – стиль немесе стильдердің тарихы. Әдебиет – машық биографиясы. Кинематография – бейнелеу тілінің ғұмырнамасы.

Әдебиеттегі постмодерн дегеніміз не?

Тегінде өнердегі посмодерн стильді білдірмейді. Постмодерн – стиль емес, кино тіліне жатпайды, қойылым формасына келмейді.

Постмодерн – мәдениет, өнердегі қалыптасқан ситуация. Басымызға туған күн немесе қонған бақ.

Модерн стиль болды. Көп стиль, бірақ ортақ белгілері бар стиль. Дүниені қайта жаңғыртуға, ойды, құбылысты қайта түсіндіруге ұмтылған стиль: Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Джеймс Джойс, Гертруда Стайн, Марсель Пруст, Франц Кафка…

Ертеңге асыққан, ізденістері сөздің жаңа мүмкіндіктерін көрген, жаңа қабілетін ашқан, қысқа да жазған, ұзақ та тербеген стильдер.

Ал постмодерн – стильдің өзі емес, стильдердің араласуы. Бір шығармада бірнеше жазу тәсілі көрініс табуы мүмкін. Тіпті қаламгер романына басқа жазушы не ойшылдың мәтіндерін енгізуі де мүмкін. Енгізбеуі де мүмкін. Демократия. Қатаң тәртіп жоқ.

Бастан-аяқ өзі жазып шыққан туынды неліктен постмодерн болады?

Жазу тәсілі түрлі, не тақырыбы қалжың, епті боксшы тәрізді біресе солға шығады, біресе жылдам секіріп билеп, оң жақтан көрінеді. Виртуоз. Интеллектуал. Эрудит.

Кітаптың соңын жырлаған ақырғы алыптар. Гиганттардың құлауы.

Тарих та бітті. Өнер де солды. Әдебиет те ақырына келді. Сөз таусылды, ой сарқылды. Бір қарағанда.

Бірақ үміт бар.

Оқырмандардың оралуын күтіп жүрміз.

Бұрын кітапты ақиқатты табамын деп оқитын еді, қазір кітаптан баюдың жолдарын іздейді.

Бірақ талғам өзгерген емес.

Талғамның көрінісі – стиль.

Мода – стильдің салтанаты. Сәнде уайым-қайғы болмайды. Стиль қашан да салтанатты. Асқақ.

Стильдің Отаны – талғам.

Талғамда жағрафиялық шекара жоқ. Әдемілік бір-ақ модуста өмір сүреді. Мәдени талғам Оңтүстікте бір басқа, Солтүстікте бір басқа емес. Шығыстық не Батыстық деп бөлінбейді. Ғаламдық аяда адамзат мәдениеттері түрлі нұсқаларға бөлінеді, бірақ талғамның қай орта, қандай қоғам болмасын, талабы бір, ол талап – өмірдегі құбылыстарды, философиялық-метафизикалық ойды көркемдік шындыққа айналдырғанда, үйлесімділік пен үндестікті – ең қысқа, ең ықшам, ең төте – жолмен немесе көрініс, әлде белгі арқылы бейнелеп жеткізе білу.

Яғни, көркем шығармаңыз арқылы белгілі бір түйген ойды не қалыптасқан атмосфераны жұртқа жеткізгенде, тіл қатқан туындыңыз ашпақ сырын неғұрлым аз ашса, онда жаныңыз өнерден соғұрлым көп рақат кешеді, көңіліңіз қанағат табады, талғамыңыз да жоғары болады.

Жақсы талғам – көркемдік тұрғыдан үйлесімін тапқан, артық-кемі жоқ, фальштен таза, пафостан арылған дүние.

Біз Батыстың не Шығыстың үздік прозасын қолымызға алғанда, жазу тәсіліне елтіп, жақсы стильден қуанып отырамыз.

Талғам үшін таласпайды деген аса бір кең тараған, аса бір асқақ айтылған қанатты сөз бар, жаңсақ түсінік, теріс мәтел, талғам үшін таласпақ түгілі, тартысу керек, тіпті күресу де қажет болады. Біз қоғамда жақсы талғам үшін күресе білгеніміз жөн, күресіміздің түрі – жақсы балама жасап, жұрт назарына ұсыну.

Дидар АМАНТАЙ

 

 

 

Айтпақшы

 

Түнгі студияның» бенефисінде қартайса да, қайраты бекем қунақ шал постмодерн көпшіліктің көңілін қалдырмай, билеп те беретін еді, әттең, елге жолы түспей тұр… Бірақ модерннің қадіріне жетпеген қазақ постмодерн келмеді деп қайғырып та жүрген жоқ, қазақ әдебиеті модернсіз де күн көрген, ештеңе етпейді.

Ең бастысы, мылжыңдар кетпесін деңіз, әсіресе көке мылжыңдар құрымасын деп тілек айтыңыз, дұға оқыңыз. Қазір бәрі мылжың: тамада мылжың жерде – той да мылжың, сөзі көп жерде – ой да мылжың, өздеріне айтсаң, халқыма ұнайды деп сызылып қарап тұрады…

Демек, ш(о)у тоқтамайды, Шу деп тебініп, шулатып жүре бересіз.

Келесі станция – Шу!

 

Гламур – жалған образ. Бүгінде жеке адам түгілі, қоғам жаппай гламурланып жатыр. Жалған әсер үшін күрес сұлулық салондарына деген сұранысты күшейтті.

Гламур бейнелердің өмір сүру уақыты – бір тойдың мезгілі. Бір той – байлықтың да, бақыттың да өлшемі. Яғни, бір той дегеніміз – өлшем бірлігі. Бір қымбат гламур кейде бес тойдың құнына жетеді.

Гламурдың бағасы әсерден қалыптасады. Тойшыл қауымға әсері күшейген сайын образдың құны да, қадірі де артады.

Дидар Амантайдың ФБ-парақшасынан

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн