ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТӨРТ ГЕКТАРДЫҢ ЗАҢДЫ АҚИҚАТЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №27 (391) от 12 июля 2017 г.

 

Жазылған жайға жауап


 

Жуырда 8-ші маусымда «Общественная позиция» газетінде жарияланған «Түркістандағы төрт гектардың жемқорлық жыры» (автор Ордабек Шаяхметов) мақаласының өзегіне айналған Түркістан қаласына қарасты Сауран ауылдық округінің «Қаражон» елді мекеніндегі 4 гектар жердің заңды иесінің кім екенін біліп, ақиқатын анықтау үшін жер қатынастары бөлімінің мұрағатын көтеруімізге тура келді.

 

Әңгімесін әріден бастаған мақала авторының өзін жердің «қожайынымын» деп айтуына не түрткі болғаны түсініксіз. Себебі, қай уақытта да болмасын, жердің иесі заңды құжатпен рәсімделетіні белгілі. Ал уақытында туып-өскен жерін көркейткісі келген жомарт жанның осынша бейнеттенгені рас болса, «совхоз директорынан алған жерді құжаттандыруға неге мән бермеген?!». Яғни мұнда мақала авторы өз тарапынан аталған 4,0 га жер телімін белгілемеген және жерге орналастыру жобасын жасатып, мемлекеттік актісін рәсімдемеген. Егер өзінің, әу-бастан, алма бауына деген еңбегі мен иесі екенін дәлелдегісі келсе, заңды түрде Кодекстің 167-бабы бойынша Жер даулары, жер құқығы қатынастарынан туындайтын дауларды қарайтын сот тәртібіне жүгінуіне болатын еді.

Ал, аталмыш жерге қатысты конкурс мәселесіне келер болсақ, ҚР Жер кодексінің 48-бабында Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сауда-саттықта (конкурстарды, аукциондарда) алу және ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 13 қарашадағы №1140 қаулысымен бекітілген Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықта (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру және өткізу ережесі (Ереже) негізінде Түркістан қаласы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі тарапынан Ереженің 4 тармағына сәйкес жергілікті «Түркістан» газетінің 2015 жылғы 13 ақпандағы №7 (9241) санында ауыл шаруашылығына қатысты конкурс ұйымдастырылатыны туралы хабарландыру жарияланған. Ал, конкурс туралы хабарлама шыққаннан кейін 30 күнтізбелік күннен кейін 2015 жылы 16-наурызда ұйымдастырылған конкурстың жеңімпазының тізімі «Түркістан» газетінің 30. 04. 2015 ж. №18 (9252) жарияланған болатын.

Конкурс талаптары бойынша үміткерлерден талап етілетін құжаттар тізбесі факспен емес, «конкурстық өтінімдер ұйымдастырушыға соңғы қабылдау мерзіміне дейін қолма-қол немесе пошта арқылы табыс етіледі» – деп арнайы ереженің 16-пункітінде көрсетілген.

Бүгінде сол конкурстың заңды жеңімпазы, жердің заңды иесі А.Иманбеков (Түркістан қаласы әкімінің 18. 08. 2015 жылғы №1198 қаулысы негізінде 280 га жайылымдық жер және 7 га суармалы жер 10 жылдық мерзімге жалға беріліп, мемлекеттік актісі №19-31-122-1103 рәсімделген) өзіне тиесілі жайылымдық жерге «Нұрбек» шаруа қожалығын құрып, шаруасын дөңгелетіп отырса, ал суармалы жерге алма бауының болашағын қолға алып, жерді өңдеп, қоршауын қайта жасап, көркейтіп жатыр. Яғни «Қаражон» елді мекеніндегі 280 га жайылымдық жер мен 7 га суармалы жердің тағдыры мен болашағы бүгінде қуантарлықтай деп толық айта аламыз.

Т. МҰСАЕВ,

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн