ТЕМІРХАНДЫ ТОНАУШЫЛАР СОТТЫ БОЛДЫ

Темірхан Досмұхамбетов

Сот бұрынғы министр Темірхан Досмұхамбетовтың тоналу ісіне қатысты шешім шығарды. Оқиғаға қатысты күдіктелгендердің үшеуі де кінәлі деп танылды. Бұл туралы «31 арнаға» сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

«Тергеу амалдары барынша мұқият, жоғары деңгейде жүргізілді. Тергеу арқылы аталған қылмысқа қатысы бар адамдар анықталып, тұтқындалды. Және тергеу барысында олардың кінәлі екені дәлелденді», – дейді Қадыр Оразбаев пен Темірхан Досмұхамбетовтың қорғаушысы Дәурен Әбітақын.

Естеріңзге сала кетсек, өткен жылдың наурыз айында қылмыскерлер Алматыдағы зәулім үйден түнгі уақытта 3 миллион доллар (978 млн теңгеден аса), 50 мың еуро (20 млн теңгеден аса) және бағалы заттарды ұрлаған. Аталған іс бойынша жәбірленушілер – ағайынды Қадыр Оразбаев пен Темірхан Досмұхамбетов. Іс материалдары бойынша, қолды болған ақшаның бір бөлігі Досмұхамбетовқа тиесілі. Ал тонау ісі бойынша сот қаралымы ақпан айында басталған. Басты күдікті ретінде кәсіпкер Азамат Жақып көрсетілген. Ал оған Елдос Мағауянов пен Дидар Зәденов көмектескен.

Сот шешімі бойынша, Азамат Жақып пен Ержан Мағауяновқа 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесілді. Ал үшінші айыпталушы Дидар Зәденов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ кінәлілер мемлекетке 2 миллион теңге көлемінде баж салығын төлеуі тиіс. Сонымен қатар сот Азамат Жақыповтың 400 мың доллар болатын мүлкін жәбірленушілер Оразбаев пен Досмұхамбетовке тапсыруды міндеттеді.

Өз кезегінде айыпталушылардың қорғаушылары сот шешіміне шағымданбақ. «Бұл жайтты рейдерлік тартып алу деп атауға болады. Анасына тиесілі мүлік те жәбірленушіге берілмек. Ал тонау фактісі дәлелденген жоқ. Ол қашан болды? Себебі тексеру тек 4 күннен кейін жүргізілді. Ал сол 4 күнде онда жұмысшылар тұрған», – дейді Азамат Жақыптың қорғаушысы Адай Өскенбаев.

Stan.kz

(медиа-проект «DAT» №26 (438) от 5 июля 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн