МҰҒАЛІМ-ӨГІЗДІҢ МҰРЫНЫН жұдырықпен тескенді қою керек

Президент жолдауынан кейін мұғалімнің мәртебесі туралы әртүрлі әңгімелер, ұсыныстар талқылана бастады. Дегенмен әлеуметтік желіде және де «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінде талқыланып жатқан тақырыптардың ең бастыларына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Ең бірінші орында тұрған – мұғалімдердің зейнет жасы. Расында, қазір білім саласындағы реформа, жергілікті органдардың жауапсыздығы мен заңды орындамауы, «цифрлы Қазақстан» жобасы «аясында» өткізіліп жатқан, әсіресе kundelik.kz, яғни электронды журнал толтыру мәселесі жүйкені жұқартып жіберді. Мұғалімдердің ішінде зейнет жасына жетпей, зейнетке шығып, бір-екі жылдан кейін өмірден өткен ұстаздардың тағдырына қарағанда, мұғалімнің зейнет жасын қысқарту кезек күттірмейтін мәселе.

Мұғалімдердің барлығы зейнет жасы туралы мәселе Білім және ғылым министрлігі дайындап жатқан мұғалім мәртебесі туралы заңда қарастырығаны дұрыс. Бірақ, біз білетіндей, мұғалімдердің зейнет жасын қайта қарау мәселесі Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында. Бұл екі ведомство бір мәселені тартыспаққа салмай, мұғалімдер қауымы үшін ортақ мәселені мәмілемен шешсе екен дейміз.

Екінші мәселе материалдық техникалық база туралы. Білім туралы заң бойынша, мектептерді керек-жарақпен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органның еншісінде. Мектептерге кеңсе тауарлары, принтер, компьютер жөндеу, картридждарын ауыстыру, оған сия құю, т.б. ұсақ-түйек мұқтаждықтың барлығы да жергілікті атқарушы орган ҚР Білім туралы заңының 6-бабына сәйкес атқаруы тиіс. Бірақ бұл заң көп жерлерде орындалмайды. Бәлкім, сотқа беріп заңды құқығымызды талап ету керек шығар.

Үшінші орында тұрған сұрақ – мұғалімдерді баспасөзге күштеп жаздыру туралы. Бұл туралы да бұрыннан айтып келеміз. Мұғалімді газеттер мен журналдарға ешкім мәжбүрлеп жаздыра алмайды. Егер мәжбүрлеу болса, тиісті лауазымгер заң алдында жауапты. Бұл еліміздің конституциясы бойынша жеке азаматтардың құқықтарына қол сұғу және кемсітушілік сипатта қарастырылып, Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылады. Мәжбүрлеген адам сол үшін бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Өкінішке орай біз заңға жүгіне бермейміз. Баспасөзге жазылу мәселесі тікелей мұғалімнің өзіне байланысты.

Төртінші орында тұрған – сенбіліктер. Бұл Совет одағынан қалған сарқыншақ әдеттердің бірі. Ол кезде бұны ақша үнемдеу үшін жасайтын. Қазіргісі жетпейтін ақшаның орнын жабу ма дейсің. Қарсылық жоқ – көшені тазалығысы келгендер бара берсін, бірақ сабақтан тыс уақыттарда. Жұмыс беруші мен мұғалімнің арасында жасалған келісім шартта көрсетілмеген жұмысқа ұстаздарды жегуге ешкімнің құқығы жоқ. Сонымен қатар ол туралы ата заңымызда және білім туралы заңда көрсетілген. Педагогтарды өз қызметімен байланысы жоқ жұмыстарға салуға тиым салынған.

Енді осыған мұғалімнің өзі талап қойып, қарсы шыға алмаса, оған кім кінәлі? Мереке (демалыс) күндері мұғалімдерді кезекшілікке қою да заңға томпақ келеді. Жұмысқа жегілген адамға қосымша ақша төлену керек немесе басқа күндер есебінен демалыс берілуі керек.

Бесінші орында – қағазбастылық. Министрлік қағазбастылық азаяды дегенімен, жаңартылған мазмұндағы білім беру реформасы қағазды жазуды керісінше көбейтіп жіберді. Бұрынғыдан екі еселенді десек те болады. Сабақ сайынғы формативті бағалау, бөлімдік жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау т.б. қағазды көбейте түспесе азайтқан жоқ. Жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесі қағазға көміп қойды. Бас көтертпейді. Керексіз жақтарын алып тастауды талап етуіміз керек. Осылай жалғаса берсе, таяу уақытта мектептен мұғалім таппай қалуымыз да ықтимал. Білім және ғылым министрлігінің құлағына алтын сырға.

Алтыншы орын – kundelik.kz сайты арқылы толтырылатын электронды журнал мәселесі. Кейбір жерлер екеуін де толтырып отыр. Бұл жоба тікелей мұғалімнің қалтасын қағу үшін жасалған ба дерсің. Шеткері аймақтардағы аудандар түгілі, қаланың іргесінде тұрып, интернет мәселесі шешілмеген жерлер бар. Сондай жағдайда мұғалімдер интернет іздеп сабылуда. Кейбірі өзінің қалта телефонынан кіріп, кейбірі басқа жақтан әріптестерін көмекке шақыруға мәжбүр.

Оның үстіне рейтинг қуалау деген тағы бар. Неге мұғалім күнделікке кіргісі келмейтін ата-ана мен оқушының (жағдайы келмеуі де мүмкін) орнына интернетке кіріп, клоун болуы керек?! Электронды күнделікке кірмейтін ата-ана үшін журналға түсіндірме жазуы керек. Бұрыннан айтып келеміз, алдымен жағдайын жасау керек мектептердің. Өгіздің мұрнын жұдырықпен тескенді қою керек.
Жетінші орын – жұмыс аптасы туралы. Қазір мектептерде бес күндік жұмыс аптасы. Мұғалімдер үшін алты күндік жұмыс аптасы. Бұған заң не дейді?

Мұғалімнің ақша төленіп отырған сағаты – 18 сағат. Басқа ештеңеге төленбейді (қосымша жұмысы болмаса). Аптасына 40 сағат жұмыс уақыты делік. 18 сағат астраномиялық сағатқа толмайды. Осы уақыттың ішіне мұғалімнің мектепте жүрген уақыты (үзіліс) жиналыстарға қатысуы, дәптер тексеру, шараларға қатысы, үйде сабаққа дайындалғаны, түннің ортасына дейін ұйқы көрмей, электронды журналды толтыруы – барлығы осы 40 сағаттың ішіне кіреді. Сонда мұғалімнің жұмыс уақыты 40 сағаттан асып кетеді. Ал директорлар болса, сенбі күні де мұғалімдердің мектепте жүргенін қалайды. 5 күндік сабақ деп, 8 сағат сабақты 5 күнде «қылқынып» өткеннен гөрі, 6 күн өткен әлдеқайда жеңіл. Сондықтан мектеп директорлары да ойлану керек. БжҒМ де ойланар.

БжҒМ мектептерді әкімдіктерден бөліп алса деген де ұсыныс жиі көтеріліп жүр. Ондайда БжҒМ барлығын әкімдікке ысыра салып отырмас еді. Әкімдік те мектепке қарап, тегін жұмысшы іздеп «ұлымас» еді.

Сонымен қатар биылдан бастап, мектеп директорларын сайлау бастамасы да көтеріліп жатыр. Дұрыс! Дегенмен мектеп директорын мұғалімдерге сайлату керек. Мұғалім сайлаған директор әкімдерден гөрі, мұғалімдердің жағдайын ойлайды.

Енді бір мәселе аттестациялық тест мәселесі. Тестпен мұғалімнің дәрежесін өлшейтіндей, мұғалім ақпарат тасымалдаушы емес, ол – оқытушы! Көрінген «данышпанның» мұрынын шұқып отырып жазған жобасы мен құжатында көрсетілген шатпақ дүниесін мұғалімнің білуі міндетті емес. Әркімнің өз методикасы, негізге алып отырған ақпарат көздері бар. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі – өзінің жасап жүрген жұмыстарын, өз методикасын дәлелдеуі керек. Сондықтан біліктілікті тестпен өлшеген дұрыс емес! Қазіргі заманда ақпарат күнде өзгереді. Кез-келген ақпаратты әркім әр жерден алады. Мұғалімнен теробайттық флешка жасағанды доғаратын уақыт жетті.

Мейіржан ТЕМІРБЕК,
«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы

(медиа-проект «DAT» №38 (450) от 25 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн