КАРАНТИН

«Жаңа адым» ауданында осы уақытқа дейін ғылымға беймәлім қауіпті ауру табылып, карантинге жабылды! Астанадан арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, тікұшаққа тіркеліп, ұшып кетті. Енді халықаралық зерттеушілерді күтіп отыр», – деп, нешетүрлі тілде шатаспай сөйлейтін тілбезер таң атқалы қақсап жатыр. Түсінбей қалдыңыздар-ау деймін… Басынан бастайын.

Дәрігер Сват Блатовичтің қабылдауында еңірегенде итальянский етігі жасқа толып, жол полициясының қызметкері Көрдім Демегеновтың қат… келіншегі Ылдым Жылдымова отыр.

– Түк түсінсем бұйырмасын! Сонда, сәбсім алмай ма? – дейді Сват.

– Алмайды! Алмақ түгіл, жоламайды!

– О, боже! Қандай ақшаны алмайды сонда?

– Қандайы несі, кәдімгі ел беретін ақшаны. Одан басқа қандай ақша бар дейсіз біз сорлыда! – деп Ылдым тағы еңірейді. – Азанмен мұнтаздай киініп, төрде тұрған әкеден қалған ала таяққа бір сиынып алып, аман-есен шығып кеткен байым, кешке үйге бос қайтты! Өміріңізде жол полициясының үйге құр келгенін көріп пе едіңіз?!

– …Енді… беретін ешкім кездеспеген шығар…

– Бұларға беретіндер өзі келіп кездеспейді, кездестіреді бұлар! Кездеспесіне қоймайды!

Тасада тұрып, тарпа бас салатындардың талайын көрген Сват мұнымен келіспесе болмады. Дімкәстің өзін шақыртты. Сүлдері суға кетіп, сүмірейіп, Көрдім Демегенов кірді.

– Ал, не болды өзі? – деген тәуіптің тәуір сұрағы естілді.

Анау өксікке булығып, әзер сөйледі.

– Біп … білмейім… біп … береді… ап … ала алмаймын!

– О, сорлатқан құдай! Не жаздық ойбай! – Қымбат етікті Ылдымның жан айғайы шықты.

 Сват Блатович көпті көрген кісі екенін танытқысы келіп, ақырын қалтасынан мың теңгені алып, Көрдімнің алақанына қыстыра қойып еді, анау тоқ соққандай селт етіп, лақтырып жіберді. Сосын тартпасында жатқан доллардың біреуін байқамай түсіріп алғансып еді, анау «Сват Блатовыш, түсіп қалды!» – деп тақ ете түсті!

– Ойбой, құрғанымыз-ай! Шиеттей бала-шағаны кім асырайды енді, ойбай! – деп итальян етігінің жоғары жағынан жоқтау шықты.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Жұдырық Ұрдажықұлы келіп, куәлардың көзінше тергеу жүргізді.

– Қалай тап болдың бұл кеселге? Түнде не ішіп едің? Қайда түнедің? Кіммен жатып, кіммен тұрдың?

– Бұрылмадан айнала бере үнемі тұратын тасада тұрдым… Тоқтатам, тоқтайды. Береді… ала алмаймын! – деп кемсеңдеп анау тұр. Тергеу мұнымен бітпеді. Көшеден көлденең біреуді алдырып, Көрдім Демегеновке жүргізуші күәлігімен бірге байқатпай екі мың теңге ұсынып еді, анау жағасынан ала түсті.

– Пара алатын мені кім деп тұрсың, оңбаған?! – деп, жазықсыз бейшараны сабап тастады. Асқынған ауру екеніне жұрттың көзі сонда жетті. Қат… келіншегі күйеуін шаштан алды.

Жұдырық бәрін сыртқа шығарып жіберіп, аудан әкіміне ызбандады.

– Әлөу! – Үні сыбырдан төмен. – Әлөу, Асап Күйсегеновіш, тошно, алмайды! Ақша көрсе, албасты көргендей, қалтырап тұр. Дәрігер мұндай ауру ғылымға белгісіз дейд! Қауіпті дейд! 

Ар жақтағы үнсіздік үрейлі дауыспен үлкен сұрақ әкелді:

– Жұқпалы болса, қайтеміз?!

Әкімнің әулие аузынан шыққан бұл үрейлі сұрақ үнсіз тарады. Бүкіл мекеме басшылары, бөлім меңгерушілері меңдуана жегендей мең-зең болды.

Ақыры астарлап, Астанаға естіртіп, «біз жеткенше тырп еткізбеңдер» деген тапсырма алып, аудан карантинге жабылды. Суық хабар сұмаңдап тарап, Алматыда біраз жұрт өздерінің «Жаңа адым» ауданында туғандарынан бас тарта бастапты. «Жаңа адыммен» құда болғандар құрдымға кеткендей құлап, қыздарын қайта сұрап, келіннен «кешірім сұрап», төркініне қайтарып жатқанға ұқсайды. Ол жақтың қызын сүйіп қойғандар – өкініп, жігітіне күліп қойғандар – өкіріп жатса керек. 

Республика көлемінде соңғы үш айда «Жаңа адым» жақта болғандар мен сол жақтың тұрғындарымен араласқандар қамауға алына бастапты деген қауесет бар. Ендігі кезекте «Жаңа адымнан» соғым, қымыз алдырғандар тұр деседі. Базардағы «Жаңа адымның» кәртөшкісінен бастап, жеміс-жидегі, шемішкесінен түскен шаңына дейін сыпырып, өртеп жіберді. Осы ауданда дүниеге келген шенеуніктер орнынан алынып, туған жеріне жер аударылыпты.Тек бір жоғары лауазымды мырзасы сәмәлөтпен қашып үлгеріп, іздеу салып жатқан көрінеді. Бір-екі министр туған жері мен ұлтын өзгертіп, аман қалыпты! Соттың столын солқылдатып отырған бір келіншек «Жаңа адымдық» байдан да, баладан да бас тартып, өзінің шопырына тиіп алыпты.

Халықаралық кәмәсиә да бұл ауру бұрын еш жерде кездеспегенін айтып, бас шайқапты. Тіпті кәмәсиә құрамындағы Ресейдің бір ғұламасы сол жерде тіл тартпай кетіпті дейді!

Көрші мемлекеттер іштен тынып, біздермен кездесе қалса, қол беріп амандаспау жайлы шешім қабылдап жатса керек. Бергенді алмайтын ауру елімізге абырой әкелмейді екен!

Ал халықты «қауіпті кеселден» аман сақтау үшін, «Қараңғы сай» шатқалында жеке түрме салып, бейшара Көрдім Демегеновты ерекше бақылауда ұстайтын болыпты. Оны көктен, жерден, ылдидан, жазықтан, биіктен, құздан алты елдің әскері күзетеді екен. Түрмеге кететін қаржыны сол алты елдің өкімет мүшелері «құдайы садақа» ретінде өз қалталарынан шығарыпты. «Жаңа адым» ауданы құрсауға алынып, «Барса келмес» статусы беріліпті.

А-а-а, әйелі ме? Балаларына өзінің пәмилесін пәдәрит етіп, төркініне алып кетіпті деп жүр ғой. Біреулер аудан әкімімен көрдік дей ме…

Әзірше қауіптің беті қайтқан сияқты. «Жаңа адым» жақта таныстарың жоқ па еді?

Асқар

НАЙМАНТАЕВ

Республиканский еженедельник онлайн