Воскресенье , 20 апреля 2025

Мұғалім мәртебесі КҮҢГІРТ ҚАЛДЫ

Қазақстан президентінің былтырғы жолдауынан кейін, президент тапсырмасы бойынша, мұғалімдерді артық жұмыстан «арашалайтын»  «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдануы керек болған. Министрліктің вице-министрі Э. Суханбердиеваның мәлімдеуінше, заң жобасын дайындаушы жұмыс тобына 78 адам кірген.

Бірақ заң жобасында Қазақстан педагогтарының негізгі ұсыныстары ескерілмей қалды. Осыған орай біздің Білім және ғылым министріне (БжҒМ) ұсыныстарымыз:

  • 1. Білім басқармаларын жергілікті әкімшіліктен ҚР БжҒМ құзіретіне өткізу керек. Мектеп мұғалімдерін өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан осы қадам ғана құтқара алады. Заң жобасына «Мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмысқа жеккен шенеунік адамды құлдықта ұстаған қылмыскермен теңестіріліп, қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс» деп көрсету керек.
  • 2. Мектеп мұғалімінің орташа жалақысы Парламент Мәжілісінің депутаты мен министрдің жалақысының кем дегенде 70%-на тең болуы тиіс. (Жалақының жоғары болуы мамандыққа деген бәсекені күшейтеді. Бәсеке болған жерде сапа болады).
  • 3. Мұғалім қауіпті мамандық болып қалды. Сондықтан мұғалімге қол жұмсаған адамға құқық қорғау органы қызметкеріне қол көтерген адамға тағайындалатындай жаза қолданылуы тиіс.
  • 4. Педагог мамандарды дайындау жүйесін қайта қарап, мектепке ер азаматтарды көбірек тарту тетіктерін қарастыру керек.
  • 5. Оқулықтар мен әдістемелік құралдар жасауға практик мұғалімдерді де тарту қажет.
  • 6. Білім басқармасының ең төменгі қызметкері жетекші маман болу үшін, кемі 8 жыл, аудан/қала білім бөлімінің жетекші маманы қызметіне конкурсқа қатысу үшін, кемі 5 жыл педагогтық өтілі болуы міндетті деген талап қосу керек. Ал басшыларында – тиісінше, 8-10 жыл педөтіл болуы тиіс. Сонымен қатар мектеп директорларын тағайындауға арналған бұйрыққа мектеп директорларының мерзімін бекіту керек: әр бес жыл сайын мектеп директорлары конкурспен тағайындалуы қажет.
  • 7. Пара алған қылмысы дәлелденген педагогикалық қызметкер өмір бойы педагогикалық қызметтен аластатылуы тиіс.
  • 8. Бюджеттен мектептерді жөндеуге бөлінген қаражат БАҚ бетінде жариялануы тиіс (сонда мұғалімдер мен ата-аналардан мектепті жөндеуге ақша жинауын тиюға болады).
  • 9. Ер мұғалімдерді 55 жастан, әйел мұғалімдерді 50 жастан зейнетке шығару керек. (Мұғалімдерден ең көп түскен ұсыныс!)
  • 10.  Жаң жобасында мұғалімдердің әлеуметтік көмекті жергілікті атқарушы органдардың еншісіне қалдырған. Жергілікті органдар әлеуметтік көмекті әлі де шеше алмай жүр, сондықтан республикалық бюджетке қаратып, Қазақстан бойынша бірдей тариф белгілеу қажет.
  • 11. Жаңа заң жобасындағы әдеп жөніндегі кеңесті алып тастаған жөн. Өйткені мектеп басшылары, аудан/қала білім беру бөлімдерінің өкілдері, басшылары заңгер емес! Бұл жағдай мұғалімді жазалау құралына айналуы мүмкін!
  • 12. Мұғалімнің ата-ана мен оқушыны құрметтеуге заң жобасында міндеттегені сияқты, ата-ана мен оқушы тарапынан мұғалімнің де құқы мен ар-ожданы құрметтелуге тиіс екенін ұмытпаған жөн.
  • 13. Мұғалімдердің ұсыныстары бола тұра, заң жобасындағы қарама-қайшылықтар әлі жөнделген жоқ.
  • 14. Заң жобасына атсалысқан жұмыс тобы Қазақстан Республикасы БжҒМ-нің 2018 жылғы 16 қазандағы № 575 бұйрығымен бекітілген екен. Осы комиссия құрамымен таныстыруды, әлі де болса бұл құрамға «Қазақстан педагогтары қауымдастығының» ұстаздарын тартуды да ұсынамыз.
  • 15. Мұғалімдерден ұсынылған негізгі ұсыныстар көлеңкеде қалуда. Ұсыныстар ескерілмесе, бұл заң да «Білім туралы» заңның көшірмесі болып қала береді. Сізден нақты жауап пен ұсыныс күтеміз.

Қазақстан педагогтарының қауымдастығы атынан:

Мейіржан Темірбек –

«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;

Өмір Шыныбекұлы –

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері

Республиканский еженедельник онлайн