Билікте отырған жағымпаздар мен табанжалағыштардың Назарбаевты даңғаза мақтауы мен ұлықтауына бұл кісі лайық па? Назарбаевтың қандай еңбектері сөз болып отыр? Салиқалы сабырлы ақылға салып, Қазақстанға Назарбаев не жасады деп көрелікші!
Біріншіден, елдің тәуелсіздік алуына оның жанама ғана қатысы бар – керісінше, бұрынғы кеңестік басшылардың ішінде КСРО-мен ең соңғы уақытына дейін қимастықпен қоштаспады. Сонымен бірге Батыс демократиясына қарсы тұрудың бірден-бір жолы КСРО-ны қайтадан жаңғырту керек деген ойдан таймаған бірден-бір президент болды.
Иә, рас, Қазақстан Республикасы халықаралық қатынастардың нысаны болуына, еліміздің Конституциясы, Туы, Әнұраны, Елтаңбасы, Теңгесі сияқты тәуелсіздіктің атрибуттарын ендіруге қатысты. Бірақ бұл кез келген мемлекеттікті құрған басшының атқаруға тиісті бірінші міндеттері емес пе. Бұл міндеттерді атқаруға ерекше ерліктің, ерекше даналықтың қажеті де жоқ. Дәл осындай істерді посткеңестік уақытта барлық президенттер жасады. Сол еңбектері үшін олардың ешқайсысына елбасы атағы берілген жоқ, ескерткіштер қойылған жоқ, марапаттарды үйіп-төккен жоқ.
Тағы қандай еңбектері бар? Ұлтаралық татулық? Астананы салу? ЕҚЫҰ-на (ОБСЕ) төрағалық етуі, азиялық олимпиада мен ЭКСПО-ны өткізгені шығар? Бірақ бұл істерге Назарбаев пен оның кемеңгер саясатының қандай қатысы бар? Мұндай істерді басқа да елдер атқарып жатыр, одан да табысты атқарып жүр. Кәдімгі күнделікті істер. Бірақ олардың ешқайсысы президенттің ғана еңбегі деп санап, астаналарын президентінің құрметіне ауыстырып жатқан жоқ. Өткен уақытта түркиялықтар Стамбулды – Ататүрік қаласы деп, сингапурлықтар – Сингапурды Ли Куан Ю деп неге атамаған? Тіпті атышулы солтүстік кореялықтар мен кубалықтар Пхеньянды – Ким Ир Сен, Гавананы – Кастро деп атамағанына таң қаласың. Ақорданың шенеуніктері әлемдегі атышулы диктаторлардан да асып түсті. Олар елбасының жеке басына табынушылық бәсекесінде әлемде алдына жан салмай отыр.
Кейбіреулер американдықтар елінің астанасын президентінің атымен атағанын мысал етеді. Иә, атады! Ақылға салып, таразылап көріңізші – Америка үшін Вашнгтон кім болған еді, Назарбаев Қазақстан үшін кім болды? АҚШ Вашингтоннан кейін кімге айналды, Қазақстан Назарбаевтан кейін кім болады? Назарбаев Қазақстан үшін не істеді? Қазақстанды гүлденген ел етті ме, дамыған үстіне дамып келе жатыр ма, қарқынды дамуымен көрші елдерді таңдандырып отыр ма?
Олай болмай отыр. Бәрі керісінше. Бұл орайда оның еңбегі деп санайтын, іліп алатын күрделі ештеңе жоқ. Ол қарапайым халыққа не берді? Жоғары деңгейдегі тұрмыстық әл-ауқаттылық орнатты ма? Халықтың әлеуметтік теңділігі мен заң алдында бірдей құқылығын берді ме? Ертеңгі күнге деген сенімі бар ма? Жоқ! Қазақстандықтардың басым көпшілігі 400 доллармен күн көріп отыр. Міне, Назарбаевтың «еңбегі» қайсы деген сұраққа осы көрсеткіш айқын мысал бола алады.
Тағы да басқа мысалдар келтірейін. Назарбаевтың басқаруы кезінде оның халқы әділ сайлау өткізуден тіпті мақұрым қалды. Назарбаевтың кезінде Конституция қайта-қайта өзгертіліп, оның баптары Назарбаевтың билігін қымтауға бейімделді. Оның кезінде елімізде барлық тәуелсіз БАҚ-ы жабылды, оппозиция түгелімен жойылды. Сот орындары әділдіктен жұрдай болды. Мемшенеуніктер жемқорлық пен парақорлыққа белшесінен батты. Елде әлеуметтік теңсіздік орнады.
Иә, нағыз әлеуметтік теңсіздік. Байлар байыған үстіне байыды, кедейлер ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтты. Мұнайдан түсіп жатқан орасан зор табысқа қарамастан, бәсекеге шыдайтын өндіріс салаларын дамыта алмады. Назарбаев елді перманенттік (үздіксіз) әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа әкелгенін, тығырыққа тірегенін, бұл тығырықтан шығудың жолын ешкім таба алмай отырған жағдайда екенімізді мойындайықшы. Осындай жағдайға жеткізген басқарушыға ескерткіштер қоюға, даңғазалап, ұлықтау жасауға бола ма? Меніңше, болмайды.
Жалпы алғанда, өз басқарушыларына оның замандастарының баға беруі дұрыс емес. Бүгінгі Назарбаевтың тағының айналасындағы байлық пен биліктің астауынан жем жеп отырғандардың тарих үшін еш құны жоқтар. Сол себептен де бүгінгі қойылып жатқан ескерткіштер мен өзгертілген атаулардың құны қара бақыр. Олардың қоғамнан да, халықтан да қолдаулары жоқ. Бұлар бір күндік өзгерістер, ертең қоқыс ретінде жол жиегінде қалады, ешкім есіне де алмайды.
Президент Назарбаевтың ісіне баға беру – біздің келешек ұрпағымыздың ісі. Олар Назарбаевқа адал, әрі әділ баға беретін болады. Бұл істі солардың еншісіне қалдырайық.
Қазақшалаған –
Сағат Жүсіп