КАЛИНИН ескерткіші АЛЫНСЫН!

Кейде Талғар жаққа жол жүре қалсам, Тұздыбастау ауылының тұсында М.И.Калининге (1875–1960) орнатылған ескерткіш көзге шыққан сүйелдей боп көзге шалынады. Ескерткіш 1935 жылы 26 қазанда оның «Социалды» колхозына келіп, шаруаларға жерді мәңгілік пайдалану үшін акт берген жерінде орнатылған. Кейін ол шаруашылыққа Калинин аты берілді.

Сол ескерткіш 1966 жылы менің абитуриент кезімде тұрушы еді – жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Әлі тұр, көрген сайын ашуым келеді. Кеңес Одағы тарағалы, коммунистік идеологияның дәм-тұзы таусылғалы, «Калинин» колхозы тарап кеткені қашан?! Шаруаларға мәңгілік пайдалануға берген актісі 60 жылға да жетпей, заңдық күші жойылып, әкімшілік жерді жеке меншік үй салушыларға пышақ үстінен бөліп берген.

Саяси жүйенің құлауымен бірге ТМД елдерінің бәрінде декоммунизация жүрді, советтік символикалар жойылды, кітапханалар кеңестік идеологиялық қоқыстардан тазартылды, кеңестік-коммунистік көшелер мен алаңдар аты өзгертілді. Ал Калининнің ескерткішінің тұрғаны қалай?

Қалаларға өзінің бұрынғы тарихи атаулары қайтарылды, мәселен, Ресейде Горький қаласы – Нижний Новгород болып, Свердловск – Екатеринбург, Ленинград – Санкт-Петербург болып қайтадан қалпына келтірілді. Қазақстанда Ермак қаласы – Ақсу, Гурьев – Атырау, Семипалатинск – Семей болып өзгеріп жатыр. Ал батыр пионерлерге және Калининге қойылған ескерткіштер мызғымайды. 

Ал сол М.И.Калинин кім еді? 

Иосиф Сталин оны «всесоюзный козел похотливый» деген көрінеді. Замандастары оның Үлкен театрдың балериналарына қатты әуес болғанын жасырмай жазады. Сөйтіп, әуейіленіп жүріп, бес баласын өмірге әкелген әйелі Екатерина Ивановна Калининаны (Лоорберг) шпиондық жасады деген желеумен 15 жылға соттатып жібергені, балаларына анасымен жолығуына тыйым салғаны қандай моральға сыяды?

Адамгершіліктен жұрдай сондай адамға ескерткіш Қазақстанда неге тұруға тиіс! Бізде әзірше декоммунизацияға, отарсыздандыруға байланысты заң жоқ. Алайда Алматы облыстық мәслихаты бұл проблеманы өз қаулысымен-ақ шеше алады! Осы постты облыстық мәслихатқа жазылған ресми хат ретінде қарастыруды сұраймын!

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн