1.Мұхамеджан! Әркім өзінің табиғаты мен сана-сезіміне қарай әрекет етеді.
Адам не айтып, не істесе де – өзіне істейді. Бірақ өтініш, сасық саясатың мен жағымпаздығыңа асыл дінімізді араластырмашы! Ақсақалыңды сақалынан сүйреп, ақ орамалды әжеңнің құйымшағынан тебесің бе, ол сенің шаруаң, сенің жеткен жерің!
Қағбада адамдарға кедергі келтіріп, намаз оқығандарға полиция бір рет ескерткеннен кейін, құйымшағын сындыра жаздайтындай етіп, құйрығынан қатты тебеді депсің. Тепсе, адамгершіліктен айнып, патшасына табынып отырған Саудияңдағы кейбір полицияларың тебетін шығар. Бірақ мұндай айуандықты ислам тұрмақ, көкірегінде азғантай адамдығы бар кез келген адам жасамайды. Жасай да алмайды!
«Бұған бүкіл ислам ғұламалары пәтуа берген», – деп, айды аспаннан бір-ақ шығарыпсың. «Адамдарға кедергі келтіріп, намаз оқыған адамды құйымшағын сындыратындай етіп тебуге болады», – деген хайуани әрекетті қай ғұлама құптапты?! Бүкіл ислам әлемі ғұламаларын былай қойып, бір ғалымның атын аташы! Айта алмайсың. Өйткені бұл қып-қызыл өтірік. Ендеше діннің атын жамылып, өтірік айту, дінді саясатқа қолжаулық ету – ауыр күнә!
Дінімізді сүйкімсіз етіп көрсетуге, халықты діннен бездіруге сенің қандай хақың бар?! Сасық саясатыңа, жеркенішті жағымпаздығыңа дінді араластырмашы! Өтініш!
2. Мұхамеджан бауырымның ақталып жазған постын оқыдым. Мені қате ақпаратқа алданудың нәтижесінде эмоциямен өзіне қарсы пікір жазыпты деген сыңайда әңгіме айтыпты.
Оу, Мұхамеджан бауырым, сөздеріңе қарсы шығып, саған ренжіген мен ғана емес, бүкіл халық екенін жақсы білесің. Бұл екеуміздің арамыздағы жеке бастың дауы емес. Монтаждалған депсің. Ненің монтаж, ненің шантаж екенін ажырата алатындай жастамын деп ойлаймын. Кез келген ұзақ видео қысқартылып салынады. Егер қысқартқанда, мағына өзгеріп кетсе, онда өзіңмен толық келісемін. Тіпті өзіңді қорғаймын.
Бірақ не айтқың келгені ап-анық тұр ғой. «Меккеде намаз оқыған адамды жамбасынан оңдырмай тебуге рұқсат беріп қойған дін – қандай дін?» деген күдікті сауал әркімнің ойында қалды. Қасиетті Қағба алдында кейбір адамдардың Аллаға беріліп кетіп, қолайсыз жерге намаз оқығанын шешудің құйымшаққа қатты тебуден басқа өркениетті, адам қадірін кетірмейтін басқа мәдениетті жолы жоқ па сонда?
Міне, осы сөздермен діннің қадірін кетірдің, саясатқа қолжаулық еттің. Және бұл сөзіңді, яғни діни аргументті көшеге шыққан халықты жасына қарамастан аямай қамау үшін, полицияны қайрау мақсатында айтқаныңның қай жері монтаж?
Сосын, көшеге біреу алданып шығады, енді біреу тарығып шығады. Қайсыбірі әділдік іздеп, азаматтық позициясын білдіру үшін шығады. Полицияға: «Алаңдағы халық – біреуіңнің әкең, біреуіңнің – анаң, әпке-қарындасың. Мемлекеттің қауіпсіздігін дөрекілікке бармастан сақтаңыздар. Әсіресе жасы үлкен кісілерге қатты кетіп, жағдайды одан әрі ушықтырып, халықты ашындырып алмаңыздар» – десеңіз, нағыз жанашырлық, шынайы мемлекетшілдік болар еді.
Талай постымда да ашық айтып жүрмін: мен революцияны қолдамаймын. Бірақ әділетсіздікті айтуға, жеткізуге тиіспіз. Әділетсіздікті айтуға тиіс адамдар тек сарайды мадақтағанның нәтижесінде мемлекетімізде көптеген былықтар орын алып жатыр. Халық өзіңнен таразының басын тең ұстап, мемлекетіміздегі талан-таражды, жемқорлықты, ысырапшылдықты, әділетсіздікті де айтуыңды қалайды. Біржақты уағызға халық мезі болған.
Сосын, өзіңе ғана оңаша айтатын, екеуміздің арамыздағы жеке бастың мәселесі емес қой. Видеоң барлық әлеуметтік желіде кең тарап, халық менсіз де қызу талқылып жатқан болатын. Мен дін адамы ретінде өз позициямды білдірдім, қате сөздеріңді сынадым.
«Монтаж» деп ақталмай-ақ, «кейбір сөздерім мен мысалдарым орынсыз болыпты, эмоциямен айтылған қате әрі артық сөздер екен. Сол үшін халықтан кешірім сұраймын» – десең, халық басқаша қабылдар еді. Әрдайым халықтың жанында болуға тиіс өзің сияқты ақынға осы жарасар еді. «Асыл арнаны» жабуға қатысты пікірлерге қосылмаймын. Оны қадағалап отырған мемлекет пен ҚМДБ мамандары бар.
Жанболат МАМАЙ:
Халықтан
КЕШІРІМ
сұрасын!
Жаңаөзенде жазықсыз мұнайшыларға оқ атып, ресми түрде – 16 адамды, Шетпеде 1 адамды полиция мерт қылғанда, Мұхамеджан Тазабековтың «пәтуасы» қайда болыпты? Құранда «1 адамның қанын төксең, бүкіл адамзатты қырып салғанмен бірдей» деген қағиданы неге биліктің есіне салмады сонда?
Ал күні кеше Астанада бір үйдің бес бүлдіршіні өртеніп, ата-анасы, онымен бірге бүкіл қазақ жұрты қайғы жұтқанда, тазабековтер қайда қалды?
Жоқшылықтың тауқыметіне ұшырап, қарызға батып, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген отбасылардың проблемасы көтеріліп, биліктің алдына мәселе қойылғанда, жаңағы «данышпандар» неге көрінбеді?
Көп балалы аналар зар жылап, «баспанамыз жоқ, қаланың әр бұрышында сенделіп жүрміз» деп әлеуметтік әділдік сұрағын қойғанда, «жамбастан тебуге шақырғыштар» неге үнсіз қалады?
Мұхамеджан Тазабековке айтарым: егер әділдік, ашықтық десеңіз, ол мәселені ең бірінші мына биліктің өзіне қойыңыз! Кеше сіз қайрап отырған полиция қызметкерлерінің қолында автомат та, шоқпар да, бронежилет те, арнайы құралдардың бәрі бар. Олар үнемі жаттығудан өтіп, күштерін сынап отырады. Ал көшеге шығып, әділдік талап еткен азаматтың қайсысы полицияға қарсы күш қолданыпты? Қай полиция қызметкерінің басы жарылып, көзі шығыпты? Дұрыс, ешқайсысының! Себебі көшеге шыққандардың барлығы да бейбіт түрде әділеттілікті талап еткен саналы азаматтар! Олардың қолын қайырып, күш қолданып, ұрып-соғатындай, олар қылмыскер емес! Өз елінде, өз жерінде отырған халықтың өз пікірін ашық айтуға неге құқығы жоқ? Толық құқығы бар!
Сондықтан, Тазабеков мырза, сіз құдайдың атын жамылып, халыққа қарсы сөз айтпаңыз! Полиция қызметкерлерін өз халқына қарсы қойып, күш қолдануға үгіттеу – барып тұрған күнә, қылмыс!
Ресей билігі Украина жеріне барып, Донбасс пен Луганскіде соғысқа қатысып жатқан жалдамалы жауынгерлер мен сарбаздарға өздерінің діни қызметкерлері арқылы бата беріп, қайрап отырады. Тіпті зымырандарына дейін «қасиетті» суларын шашып, дұғаларын оқытады. Тазабековтерге де билік дәл осыны істеткендей әсер қалдырады. «Ұрыңдар, соғыңдар, аямаңдар!» дегізіп отыр ашықтан-ашық. Ал ертең осындайлардың уағызын тыңдап, ешкімді аямаймын деген қызметкер біреуді опат етсе, оның обалы кімде?
Полицияның алдына шығып: «Халыққа қарсы күш қолданудың керегі жоқ. Олар да сендер сияқты азаматтар. Қайта тіл табысып, талаптарын орындап, әділетсіздікті жеңу керек» десе, нағыз мұсылманның, құдай жолындағы адамның сөзі сол болар еді. Әлі де кеш емес. Халықтың алдына шығып, кешірім сұрасын!
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ,
журналист:
МЫНАУ КІМГЕ
ақыл айтып жүр?
Дікең-дікең етіп, /Тазабек/ өзінен үлкенге де ақыл айтып, көсемсиді екен. Саусақ шошайтып сөйлеу қазақта тексіздік саналады. Құдай салмасын, сонда бұл Мұхамеджан 15 рет не істеп жүр Меккеде? Не деген табыс десеңші!
Иә, құлшылығың тек өзің үшін! Оны жаһанға жар сап айту міндет емес. Ешкімнің бетінде адамның намаз оқитыны, садақа бергені, ораза тұтқаны, желпілдетіп сурет салмаса, мешіт пен Меккеге барғаны жазылып тұрған жоқ. Олай болса, адамдарды имансыз деп айтуға да ешкімнің құқы жоқ! Мұсылмандықты бетіне боқ жаққандай, мұртсыз сақал қойып, қылғынып хиджаб киіп, тұмшаланғанмен өлшемесін ешкім.
Мынау /Тазабек/ дүкеннен азық алып, үйіне велосипедпен өз жөніне кетіп бара жатқан жігітті сүйреп апарып ұстағанын да көрмеген бе? Жаңалық қарамаған ба сонда? Жиналғандар неғып сұрамаған? Алаңға бармай-ақ, көшеден ұстап, қойша сүйреп, тар көлікке тоғытқан қазақтарды да «ұр», «өлтір», «жаншы» деп, ақыл айтып тұр ма мынау сонда? Отырған орнынан тұрып, екілене сөйлеген бұған саусағыңды шошайтпа деген бір адам жоқ залда. Неткен бейшаралық! Бұған қай сыртқы күш арманын айтып, арызданып жүр екен? Рұқсат сұрамап па әйтеуір?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
ақын:
Бұлар исламға жау –
«ПРОВАКАТОРЛАР»!
Бұл Мұхамеджан мен Бекболат (Тілеухан) дегендерді дінімізді бөлшектеуге ҚР билігі ішінде жасырын жұмыс жасайтындар шығарып қойған «провокаторлар» екенін жұрт әлі түгел түсінген жоқ. Исламды халыққа жеккөрінішті етіп көрсетіп қою үшін, биліктегі жасырын жансыздар шығарып қойған өте қауіпті тіршілік иелері бұлар.
Қажылыққа 15 мәрте барып келуге қаражатты қайдан алып жүргенін ойланып көрмейсіңдер ме?! Ол қажылыққа 15 мәрте бардым дегенді де әдейі қажылықты мазақ қылу үшін жымысқы мыстандықпен айтып отыр.
Ардақ ӘШІМ,
диссидент (Украина):
БАСТЫ ИДЕОЛОГТАР
ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР?
Мұхамеджан Тазабек депутат емес немесе үкіметтің де адамы емес, демек ол ешкім емес деген сөз. Қайдағы бір діннің адамы полиция мен әскерилерге және студенттер мен оқушыларға неге уағыз айтып жүр?
Қазақстан Республикасы – зайырлы, демократиялық мемлекет. Өкімет дінге араласпау керек. Дін де мемлекеттік мәселелерге араласпауы керек. Егер діншілдер саясатқа араласатын болса, түбі Қазақстан теократиялық елге Иран, Ауғанстан немесе Сауд Арабиясы секілді халифатқа айналуы мүмкін.
«Асыл арна» (Сауд Арабиясы қаржыландырады) жетекшісі, елімізге вахаббизм мен салафизм дінінің негізін қалаған Мұхамеджан Тазабек неге мемлекеттік мекемелерге барып, әскерлерге, ЖОО, мектептерге, полицияға барып уағыз айтып жүр? Осындай мүмкіндікті оған кімдер беріп отыр? ҰҚК/КНБ ме? Мемлекеттің басты идеологтары Марат Тажин қайда қарап отыр? Дархан Калетаев неге осы сұраққа жауап бермейді? Әлде бұлар /салафиттер/ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен ауыз жаласқан ба? Әлде бұлардың басты идеологиясы вахаббит, салафиттермен бірігіп жұмыс жасап, Мұхамеджан сияқтыларға Назарбаевты «патшам, патшам» дегізіп қойып, халифат орнатып, елімізді монархияға айналдырмақшы ма?
Егер Мұхамеджан Тазабекке осылар рұқсат бермесе, ол мемлекеттік мекемелердің есігінен де сығалай алмас еді. Демек, бұлар салафиттердің қолтығына су бүркіп, полицияны бейбіт митингке шыққан халыққа қарсы айдап салып, қантөгіс жасағысы келіп отыр. Осы әрекеттер арқылы нағыз арандатушылық және бейбіт халық пен полицияның арасына от жағып, алауыздықты тудырғаны үшін неге Мұхамеджан Тазабекке қылмыстық іс қозғалмайды?
Демек, Мұхамеджан Тазабекке осындай мүмкіндікті беріп отырғандар, алауыздық тудыру мен арандатушылық қылмысын өкімет қолдап отыр деген сөз. Бейбіт митингтер мен акциялар және пикеттерді өткізу – бұл халықтың Конституциялық құқығы.
Президент әкімшілігінде Тоқаевтың идеология бойынша орынбасары Қалетаев Дархан неге осындай бассыздыққа жол беріп отыр? Президент Қ.Тоқаевтың осы сұраққа жауап беруін талап етемін!
Сондай-ақ бұдан кейін елімізде діни уағызшылардың мемлекеттік мекемелерге барып, уағыз айтуына қатал түрде тыйым салынуын да талап етуіміз керек. Елімізде 5 мыңнан астам мешіттер бар екен. Уағыздарын олар сол мешіттерге барып айтсын.
Құрметті бауырлар, достар, отандастар! Сіздер де бұдан былай діни уағызшыларды мемлекеттік мәкемелерге – мектептер, жоғары оқу орындары, полиция мен әскер орындарына баруына қарсылық көрсетулеріңізді сұраймын.
Сондай-ақ уағызшы Мұхамеджан Тазабектің және т.б. діни уағызшылардың қай қалаға, қай күні барып, уағыз өткізетін кесте-жоспарын мұқият қадағалап және осы жерге немесе өз парақшаларыңызға ашық жариялап отырыңыздар! Мұхамеджан Тазабек 7 қазан күні Талдықорған қаласында, 9 қазан күні Ақтөбеде, 10 қазан күні Шалқар қаласында жастарға уағыз жүргізеді екен.
Егер де жоспар бойынша кез келген қалада, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда уағыз жүргізілетінін біліп қалсаңыздар, онда сол қалалардың көшелері мен алаңдарында және «Облоно», «Гороно» мекемелерінің алдына барып, жастардың санасын улауға жол беріп отырған басты идеологтар Дархан Қалетаев пен Марат Тажиндердің отставкаға кетулерін талап етіп, акциялар мен митингтер ұйымдастырыңыздар!
Бізге орта ғасырдың идеологиясы керек емес деп, көшеге шығыңыздар! Жастар мен балаларымыздың санасының улануына жол жоқ! Сіздердің ұл-қыздарыңыздың санасының егесі Мұхамеджан Тазабек емес, сіздер – өздеріңізсіздер. Сондықтан балаларыңыздың санасын тек өздеріңіз ғана қорғай аласыздар!
Орта ғасырдың керітартпа/мракобес идеологиясына жол бермеңіздер, қарсылық көрсетіңіздер!
ТАЗАБЕК –
имандылықтың
ТАЖАЛЫ!
2007 жылы мешіттің жанынан бірнеше видеокассета сатып алғам. Біреуі «Шындық пен Сұмдық» деп аталады. Онда Яссауи және Арыстанбабқа автобуспен барғандарды жан-жақты әшкерелейді. Мүмкін, дұрыс шығар?!
Бірақ соңында Яссауи кесенесін көрсетіп тұрып, журналист қыз: «Дінге берік Саудияда мынадай кесенелерге келмек түгілі, әлдеқашан құлатып тастар еді» – деп тұр.
Шошып кеттім. Сонда бұлар ата-бабаларымыздың зиратын қиратпақ па?
Соңында титр кетіп жатыр: «Редакторы әрі жоба жетекшісі Мұхамеджан Тазабеков» дегенді көзім шалды.
Сол жылдары Мұхамеджанның қайнағасы, ең бастысы – идеяласы Бекболат Тілеуханның сұхбаты шықты. Онда шешенсінген Бекең «Абай адасты, Шәкәрім шатасты. Бұрын бізде шын таухид болған жоқ. Тек тәуелсіздік алған соң, Саудиядан келе бастады», – деп бөсті.
Сол жылдары Мұхамеджан мен Бекболат ата-бабамыздың дәстүрлі дініне күйе жаққандары аздай, мыңдаған қазақ балаларын алжастырып жіберді. Осыларға еріп, таухидты бағалайтын жер іздеген кей жастар Сириядан бір-ақ шықты.
Кейінгі үш-төрт жылдан бері бұл екеуі салафиліктен бас тартқан сияқты көрініп, бұрынғы «проколдарының» бәрін «удолять» етіп, тіпті ұстаздары әрі досы Дарын Мубаров та бағытынан қайтқан сыңай білдіреді.
Дарын демекші, 2011-12 жылдары болу керек, Қазақстан құқық қорғаушылары оған іздеу салған. Саудияны сағалаған.
2013 жылдары қайта оралды. Оны тыңдаған қаншама жігіт сотталып кетіп еді. Бекболат пен Мұхамеджан «крутой» ғой. Ұзтаздарын елге алып келді. Қылмыстық істері де жабылған сияқты. Енді өздері де салафилығын жасыратын қалге жетті. Бұған да шүкір. Бұрын «адасты» дейтін Абайдан цитата келтіретін дәрежеге жетті.
Кейінгі жылдары Мұхамеджан облыстарды аралап, жастарға лекция оқып жүр. Полициямен кездесуде сөйлегені тіпті масқара! Діни телеарнаның директоры бола тұра, қажылықта полицияның құйымшақтан тепкендігі туралы өтірікті соғып жіберді. Өзі сияқты Меккеге қажылыққа талай барғандар Мұқаңның жаласын әшкерелеп жүр.
Енді Мұқаңды да түсінуге болатын шығар?! Полицияны қазақтың ата-әжелеріне қарсы қайрауы керек қой… Мұхамеджан полицейлерге алаңға шыққандар туралы «өздері елу пайызын «жертва» жасап келіп тұр, приказбен бардыңыз ғой, жасаңыз шаруаңызды», – дейді.
Стоп! Қайдағы «жертва»? Өткен жылы Арменияда алаңда жүз мыңдаған адам митингіде тұрғанда, «жертва» түгілі жерге бір сіріңке құлаған жоқ қой. Жемқор билік толық отставкаға кетті.
Мұны айлакер Мұхамеджанның білмеуі мүмкін емес. Қазақстан билігінде 1986 жылы қазақ қыздарын шашынан сүйреуге бұйрық бергенін, 2011 жылы Жаңаөзенде халықты полицейлердің қуып жүріп атқанын жақсы біледі. Жоғарыдағы жиіркеніштілердің сол қылығын қайталау мүмкіндігін де ойластырған шығар?
Болмаса «50 пайызын «жертва» жасап келіп тұр» деу – жәй сандырақ емес, Тазабековтың арамзалығы. Жемқор биліктің жалбақайы Мұхамеджан Қазақстан әділетті мемлекетке айналады деп қорқатын тәрізді. Халықтың әл-ауқаты көтеріліп, екінің бірі Европаны аралап жүрсе, көпшіліктің көзі ашылып кетсе, аяр Тазабековке кім алданбақ?!
Жалпы Мұхамеджан ақылды жігіт. Бірақ өте арамза. Бұл әлі талай нәрсені ойлап тауып, халықты алдастыра беруі мүмкін.
Түсінгенге Тазабеков – имандылықтың, әділеттіліктің, зайырлылықтың тажалы!
Қазағымызды аңқау демеске шараң жоқ. Осындайлардың қаншама жылдан бері әрқилы алдастыруына алданып келеді. Кейбіреулер «әулие» көретін дәрежеге жеткен. Балаларыңыз бен іні-қарындастарыңыз осындайлардың қақпанына түспесін!
Қарлығаш САХ
Жарияланған пікірлер Фейсбук желісінен алынды