Воскресенье , 20 апреля 2025

Абақтыда отырғанына ӨКІНБЕЙТІН ЖАСТАР өзгеріс жасауға құштар

  • Алматыда «тыйым салынған ұйым ісіне қатысты» деген айып тағылған 13 азаматтық белсендінің соты өтіп жатыр. Сот процесіне бес айыпталушы Алматыдағы тергеу изоляторынан қатысып отыр. «Азаттық» тілшісі абақтыда отырған екі белсендімен – Диана Баймағамбетова және Асхат Жексебаевпен сөйлесіп, сұхбаттасқан екен. Біз сол сұхбатты редакциялап, ықшамдалған нұсқада жариялап отырмыз.

Бұл соттың басталғанына екі ай болды. Онлайн режимде өтіп жатқан сот процесіне (Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков жүргізуде) бес айыпталушы – қоғамның азаматтық белсенділері Диана Баймағамбетова, Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев және Ноян Рақымжанов тергеу изоляторы – ЛА-155/18 мекемесінен Zoom қосымшасы арқылы қатысуда.

Билік айып тағып отырған 13 белсендінің барлығы дерлік – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, Қазақстанда өтетін наразылық акцияларына қатысып жүрген азаматтар. Оларға Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағы («экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру») және сол баптың 2-тармағы бойынша («экстремистік ұйымның ісіне араласу») айып тағылған. Билік бұларды 2009 жылдан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әбілязов жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы мен «Көше партиясына» қатысы бар, солар ұйымдастырған заңсыз митингілер мен акцияларға, пикеттерге қатысты деп айыптайды.

405-баптың 1- және 2-тармағы бойынша айып тағылғандар:

  • Аспандиярова Дәметкен
  • Бегімбетов Абай
  • Жәукерова Гүлзипа
  • Жексебаев Асхат
  • Жұманиязова Нинагүл
  • Қозиев Ермек
  • Қылышев Қайрат
  • Рақымжанов Ноян
  • Уәлиев Дархан

405-баптың 1-тармағы бойынша айып тағылғандар:

  • Әлібеков Бақдәулет
  • Баймағамбетова Диана
  • Құрбанов Марат
  • Смағұлов Болат

Тергеушілер сотқа белсенділердің әлеуметтік желіде таратқан видеоүндеулері мен филология-психологиялық сараптама қорытындысы сияқты деректерді дәлел ретінде ұсынған. Прокурор бұл 13 азамат мемлекетке, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірді, тыйым салынған ұйымға бірігіп, «мемлекеттік билікті құлатуға әрекет жасады» дейді.

  • Қамаудағы белсенділер Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Ноян Рахымжанов және Қайрат Қылышев онлайн режимдегі сотқа тергеу абақтысынан қатысып отыр.

Тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген белсенділер сот барысында істі жүргізіп отырған судья мен прокурорға бірнеше рет сенімсіздік білдіріп, ауыстыруды сұраған. Сонымен бірге қайтадан тәуелсіз сараптама жасатуды, айыптаудың басты құралына айналған Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотының елде ресми тіркелмеген ҚДТ мен «Көше партиясына» тыйым салу жайлы шешімін іске тіркеуді талап еткен. Бірақ сот олардың талабын қанағаттандырмады.

«Азаттық» тілшісі тергеу абақтысында отырған Асхат Жексебаев және Диана Баймағаметовамен сөйлесіп, олардың хал-жағдайын сұрады.

Тергеу абақтысындағы жағдай, денсаулықтарыңыз қалай? Түрме тамағының сапасы қандай, тұтқынға жасалған жағдай жайлы не айтасыз?

Асхат Жексебаев: Түрмедегі [онда отырған азаматтарды] қамтамасыз етуге байланысты шағымымыз бар. Бірақ әуелі Диананың [Баймағамбетова] жағдайын айтқымыз келеді. Бүгінгі (сұхбат 24 қыркүйекте алынды – Авт.) кездесуде ол түрмедегі ер қызметкерлер өзіне психологиялық қысым көрсететінін бізге айтты. Бұл қамау мекемесінде отырған әйел адам жайлы нормаға қайшы. Әйелдер камерасына ер адам кіруге болмайды. Ал олар [түрме қызметкерлері] тек кіріп қана қоймайды, оған қыр көрсетеді екен.

Бізде, ерлер отыратын жақта жағдай қалыпты. Тек тамақ сапасына байланысты шағымымыз бар. Мысалы, әр адамға ресми түрде күніне 2000 теңге тамаққа бөлінетінін білемін. Яғни, ай сайын 62 мың теңге. Қазір мұнда 1500 адам отырса, соның ары кеткенде 500-дейі ғана түрме тамағын ішеді. Ал қалған тамақ әжетханаға төгіледі. Мен бұл туралы әкімшілікке де, прокуратураға да жаздым. Тамақ әкеле жатқанда камера есігін ашпаймыз. Аптасына бір рет піскен жұмыртқа әкеледі, картоп, кейде қуырылған, кейде тұздалған балық береді, соны аламыз. Ал таңғы асқа беретін ботқасы біраз тұрған соң, неге екенін қайдам, сағыздай созылған қоймалжыңға айналады. Бізге кейде екі аптаға, кейде одан да көп уақытқа жаңа адамдар әкеліп отырғызады. Олар алғашқы кезде түрме тамағын алады да, кейін әжетханаға төгеді.

Сіздер камерада бірге отырсыздар ма, әлде бөлек пе? Қазір күз түсіп, күн суытты, камераның іші суық емес пе?

Біз былтыр қыста осында жаттық. Үйреніп те алдық. Бәріміз 15-коридордамыз, бірақ бөлек камерада жатырмыз. Ондағы жағдай қанағаттанарлық деуге болады. Ал абақтының әйелдер отырған бөлігі қысы-жазы суық.

Сырттан келген сәлемдеме, азық-түлікті кедергісіз алып тұрасыздар ма?

Иә, оған байланысты кедергі жоқ. Себебі, ондай жағдай бола қалса, біздің тарапымыздан дереу реакция болады. Сондықтан әкімшілік те кедергіге жол бермейді. Бірақ бізде басқа проблема бар. Терезенің бәріне темір перде (жалюзи) қойылған, күн түспейді. Серуенге шығатын ауланың да төбесі жабық болғандықтан, күн көзі көрінбейді. Бір сөзбен айтқанда, күн сәулесіне зәруміз.

Серуенге шыққанда қамауда отырған басқа адамдармен тіл қатысуға мүмкіндік болатын шығар. Олардың қарым-қатынасы, көзқарасы қалай? Сіздердің неліктен қамауда отырғандарыңызды біле ме?

Мұнда отырғандарға «құқық бұзған» деп әртүрлі баппен айып тағылған. Олар бізді сырттай біледі. Кейбірі қолдау көрсетеді.

– Диана, бұған дейін денсаулығыңыз нашарлағаны айтылған еді. Қазір хал-жағдайыңыз қалай, камерада өзіңіз жалғыз отырсыз ба?

Диана Баймағамбетова: Біздегі, тергеу абақтысының әйелдер жақ бөлігіндегі проблема – орын жетіспейді. 15 минутта бүкіл камера жуынып үлгеруіміз керек. Жуынатын жер өте кір, лас. Қазір күн суытты, ал мұнда жел гулеп тұрады. Осы мәселе көтерілсе деймін. Біз, әйелдер, қиналып жүрміз.

Мені қамауға алғанда көктем-күзде киетін киіммен келген едім. Мұнда желтоқсанда, қаңтар мен ақпанда қатты суық болды. Төсеніш тозған, терезе жабылмайды. Камера ішіндегі температура даламен бірдей – 15-20 градус. Сол кезде қатты суық тигізіп алдым. Жақында емделіп шықтым. Қазір бұрынғыдан тәуірмін. Бірақ алда келе жатқан қысты ойласам, қорқамын.

Бір камерада кейде 6, кейде 8-10 адам жатамыз. Оларға тағылған айып та әртүрлі: кісі өлтіру, алаяқтық, есірткі, т.б. Әрқилы тағдыр, бірақ ешқайсы қылмыскер болуды мақсат еткен емес. Бір жылда түрмеде нешетүрлі адам көрдім. Не үшін отырғанымды сұрап, «Дулат Ағаділді жерлеуге барғаның үшін отырғызды ма? Интернетте пікір айтқаның үшін бе?» деп таңқалады.

Мен митингіге де барып үлгерген жоқпын, себебі оған жеткізбей ұстап әкетеді. Ендеше бізді Дулат Ағаділдің зиратына, үйіне барғанымыз үшін, пікірімізді айтқанымыз үшін жазалады. Әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салды. Осындай әңгімелерді естігенде, оларда үміт пайда болады. Көбірек білгісі келетінін, «қосылғымыз келеді» дегенді айтады. Олар да Қазақстанның болашағына алаңдайды, өз үлесін қосқысы келеді.

Абақтыда жатқан кезде өткенді саралап, іс-әрекетіңіз, ұстанымыңыз туралы ойлануға уақыт болды. Өткеніңізге өкінесіз бе? Ұстанымыңызда өзгеріс болуы мүмкін бе?

– Әрине, жоқ. Өкіну деген ешқашан болған емес. Бірақ біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз, кейде шаршаймыз. Алайда ол тез өтіп кетеді. Білесіз бе, керісінше, жүректе Қазақстанды жақсарту, елдің тұрмыс деңгейін арттыруды мақсат етіп, бірдеңе жасап жүргенімізге қанағаттану сезімі бар. Бұл бақыт, қуаныш сыйлайды. Біз Қазақстанды ары қарай дамытуға тырысатын боламыз.

Асхат Жексебаев: «Өкінемісіз» деген сұраққа қатысты айтарым: жоқ, өкінбеймін. Менің қазақстандық белсенділердің барлығына айтарым: халық арасында ағартушылық, қоғамды ақпараттандыру жұмысын көп жүргізу керек. Әсіресе азаматтық жауапкершілікке байланысты ақпаратты көптеп тарату керек. Адамдар заңды, Конституцияны білуі керек. Мұнда отырған көп адам заңды білмейді. Адамдарға әділетті заң үстемдігі орнаған, адам құқығы сақталатын, өркениетті Еуропа елдеріндегі жағдайды диктаторлық жүйедегі елдермен салыстыра отырып түсіндіру керек.

Елімізде отыз жыл бойы тамыр жайып, сіресіп бекіген жүйе егер демократиялық бағытта өзгермесе, оның аяғы неге апаратынын айту керек. Оған мысалды соттан да көруге болады. Процесс біржақты өтіп жатыр. Сот әділетті шешім шығаруға мүдделі емес.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн