
Арон ешқандай шартты түрде босатуға өтініш жазған жоқ, яғни өзіне тағылған айыпты мойындамады. Және соңғы болған – 1 қазандағы табан асты ұйымдастырылған онлайн сотқа да ол өзін мерзімінен бұрын босату жөніндегі шешімді мойындамайтынын айтты.
Мен интернет желісі арқылы жүргізген тікелей эфирде, өзі айтқанындай, соттан кейін Аронды алдап, ұшаққа әкеп салған. Сондықтан Арон Атабек өзінің толық ақтауын (реабилитациясын) талап етіп отыр. Анығында ол толық бостандыққа шыққан жоқ, пробацияда, яғни бостандығы шектелген.
Денсаулық жағдайын айтсам, аяқ-қолы «іске жарамсыз». Оның денсаулығын толық тексертіп, зерттеуден әлі де өткізуіміз керек. Себебі павлодардық аурухананың берген қағаздарында Аронның мойын омыртқасының ауруынан жұлынға зақым келгені жазылған. Аяқ-қолының қимылдамай, көтере алмайтыны сол жұлынның ауруынан деп көрсетеді. Жұлынның ауруы, омыртқаның зақымданғаны – ойнайтын нәрсе емес.
Бірақ бастысы, ең қуанарлығы – Арон Атабекті бұл саяси жүйе сындыра алмаған, ағаның рухы сынбаған.
Жалпы, Арон аға келген күннен бері аз-аздап жөтеліңкіреп, тамақ ішіп жатқан кезде қақалып қалып отырғанын байқадық. Бірақ аға «менде жөтел жоқ, бәрі дұрыс» деген соң, оған аса мән бере қоймадық.
Ал сейсенбі күні түстен кейін кенеттен жөтелі жиілеп кетті. Жағдайы да ауырлап бара жатқан соң, жедел жәрдем шақырдық. Олар келе сала сатурациясын өлшеп, төмен екені анықталып, ковидке күдіктеніп, ауруханаға жатқызу керек деді де, алып кетті. Ковидорталыққа алып барып, компьютерлік тамографқа түсіріп, өкпесінің 40 пайызы залалданғаны анықталды.
Бірақ Арон аға ауруханаға жатуға қарсы болып, алып кетіңдер деп, көнбей қойған соң, үйге алып қайттық. Үйге жеке емхананың мықты білікті дәрігерін алдыртып, бірінші ем-домды алдық. «ИВЛ» аппаратқа қосып қойдық. Ағаның жағдайы қазір бірқалыпты. Кеше «Азаттық» радиосынан келіп, сұхбат алып кетті. Аға шамамен 30–40 минуттай отырып, сұхбат берді.
Үйге келген дәрігер Аронның Павлодардағы ауруханада жатқандағы дәрігерлік қорытындысы мен кешегі Ковидорталықтан алған анализдерінің нәтижелерін қарай келе, ағаның ағзасына ковид екі апта бұрын шамасында түскен болуы керек деген шешімге келді. Аронның денсаулығы ковидпен күресе алмайтынын көрген соң, ертең өліп қалса, «жүйе қолдан әдейі өлтірді, түрмеде өлтірді» дегенге қалмайық, үйіне тезірек қайтару керек, үйінде өлсін» деп, соттың 15 күндік шешіміне енуін де күтпей, самолетке алдап әкеліп салған болып тұр ғой.
Алдағы жоспар – алдымен ағаның денсаулығын қалпына келтіріп алсақ дейміз. Оның туыстары ағаны шетелге шығарып емдеуді қалайды. Ағаның пробациясы бар болғандығынан, петиция жасап, қол жинап, биліктің рұқсатын алу қажет болып тұр. Арон аяққа тұрып кетеді деп ойлаймын. Денсаулығын қалпына келтіріп алса, жүйемен күресті жалғастыратынын айтып отыр.
Айсұлу ӘУБӘКІРОВА
(Ася Асеткина)