
- Брюссельде орналасқан Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік үкіметтік емес ұйымы (IPHR), Азаптауға қарсы коалиция және Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро 31 қаңтарда Астанада Қаңтар оқиғасына қатысты есебін жариялады.
IPHR ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Рэйчел Гасовски Астанадағы жиынға онлайн қосылып, Қазақстан билігіне бес ұсыныс жасады:
- Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау фактілерін «жіті, тәуелсіз түрде тергеп», халықаралық стандарттарды ұстанатынын көрсету; тергеуге халықаралық сарапшыларды араластыру.
- «Дәлел жоқ» деп және «қылмыс құрамы жоқ» деп жабылған азаптау істерін қайта қарау.
- Әділ сот арқылы барлық кінәліні сотқа тарту.
- Азапталғандар мен олардың отбасыларына құқықтық қорғау көрсетіп, шығынын өтеу.
- Медицина қызметкерлерінің азаптау мен қинауға қатысы бар-жоғын тексеріп, жауаптылар болса, сотқа тарту.
«Қазақстан билігі сөзден іске көшіп, Қаңтар оқиғасы кезінде азаптағандарды жауапқа тартып, азаптау көргендерді қорғап, әрі өтемақы беруі керек», – деді Гасовски.
Жиынға қатысушылар Қаңтар оқиғасына қатысты көп факті ұсынды. Отырысқа Қаңтар оқиғасында азапталдық деген алматылық Саят Әділбекұлы мен атыраулық журналист Олеся Вертинская қатысып, бастан кешкен оқиғаларын айтып берді.
Азаптау туралы жиынға Бас прокуратураның өкілі Біржан Мажренов пен ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қатысты. Олар жиында айтылған фактілерді жоққа шығаруға тырыспады және биліктің азаптауға қатысты осыған дейінгі ұстанымдарын айтты.
«Мен сенбеймін… Жедел қызметкерлер үш күн бойы адамдарды ұрғанын өз көзіммен көрдім. Адамдарды қабырғаға жабыстырып, ешкімді көрмейтіндей тұрғызып қойып ұрды» деп, Қаңтарда азапталған Айбек Сәбитов сөйлеген соң, екі шенеунік залдан шығып кетті.
Жиынға БҰҰ азаптау бойынша бұрынғы арнайы маманы Манфред Новак, Бүкіләлемдік азаптауға қарсы ұйымның бас хатшысы Геральд Стаброк қосылды. Рэйчел Гасовски «жүздеген адам полиция бөлімдерінде, қамау орны ретінде қолданылған спорт орталықтарында, көшеде, медицина мекемелерінде азапталған» деді.
«Біз адамдарды аямай ұрған, үтікпен қинаған, электр тогын қолдану, басына қап кигізіп ұру, ыстық я мұздай су құю, тісін жұлу, жыныстық қорлау сияқты азаптау әдістері болғанын құжатқа тіркедік», – деп сөзін жалғады Гасовски.
Есепте әйелдер, балалар, мүгедектер, шетелдіктер бары айтылған және жараланған адамдарды ауруханадан тергеу изоляторына апарып азаптағаны да қосылған.
Жиында мамандар «Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасындағы азаптау фактілеріне қатысты ашық тергеу жүргізе алмағанына алаңдайтынын, халықаралық тергеуді кіргізбегенін» айтты.
5 қаңтарда Қаңтар туралы парламенттік тыңдауда бас прокурор Берік Асылов елде азаптау арыз-шағымы бойынша 329 іс қозғалғанын, ҰҚК мен полицияның 34 қызметкерінің ісін прокуратура қарап жатқанын хабарлаған еді.
Azattyq.org