Суббота , 19 апреля 2025

МЕНІ СОТТАМАҚ «Жаңа Қазақстан» ӨЗЕГІМДІ ӨРТЕДІ

  • Бүгінде менің үстімнен сот үкімін орындамадың деген айып тағылып, тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті деп таныды. Енді сол тергеу материалдары Қаражал қаласының прокуратурасына жіберіліп, сот отырысын өткізіп, менен қылмыскер жасамақшы.

Түсінікті болу үшін, мән-жайды қысқаша баяндап кетейін. 2017 жылы несие беруге құқығы мен арнайы лицензиясы жоқ, банктік жүйеге кірмейтін ЖШС «Қазцинк» компаниясынан 5 млн теңге көлемінде қарыз ақша алғанмын. Компанияның өзінің маған жасаған ұсынысы бойынша.

Мұндай ұсыныстың жасалуы – менің жергілікті қоғам белсендісі ретіндегі іс-әрекетімді шектеудің амалы екенін кейіннен түсіндім. Бұл маған алдағы күндерде өзім түсетін, билік тарапынан құрылған қақпан екенін сол уақытта білмедім.

Қазіргі таңда бұл қомақты қаражатты қай жұмыс орнына тұруға әрекеттенсем де, жұмысқа алмауына және жұмыстың болмауына байланысты төлей алмай отырмын. Енді осы қарызды төлемеді деп, жұмысқа тұрудан жалтарып қашып жүр деп, тергеуде мені қасақана қашып жүрген қылмыскер ретінде көрсетіп отыр. Мен жұмыстан қашып жүрсем, бала-шағамды асырап бағудан қашқаным емес пе?!

Мені Қылмыстық кодекстің 430-бабының 1-бөлігі бойынша соттамақшы. 3 жыл бас бостандығынан айыру немесе 3 жыл шектеу (ограничение) жазасын бермекші. Маған процессуалдық келісімге келуді ұсынды, мен келісім берген жоқпын. Мен түсінемін, егер мен астыма қымбат көлік мініп, ақшаны оңды-солды шашып, шетелге қыдырып немесе бір дүкен ашып қойып, қарызды әдейі төлемей жатсам, қайтармай жүрсем, онда мынау қылмыскер, кінәлі деп тауып соттаса, түк ренжімес едім. Мені ешқайда жұмысқа алмаса (оны да өздері әдейі жасап отырған болуы мүмкін), жұмыс іздеп барған жердің бәрі менен ат-тонын ала қашса, мен ол қарызды қалай төлемекшімін? Қарыз төлемек түгілі, үш балама тамақ тауып беріп, киімін бүтіндеудің өзі үлкен мәселе болып тұр.

Енді бұлар маған жұмыспен қамту орталығынан кейбір ұсынылмаған жұмыстарды айтып, сен сол жұмысқа тұрудан бас тарттың деп соттамақшы. Күлесің бе, жылайсың ба? Қаражал қаласының әкімі Т. Досаев маған қазандықты (котельный) басқару жұмысын ұсынған болатын, айлығы 150 000 теңге, мен келісім бердім. Оған сол жердің сол кездегі бастығы Қ. Тускенов әкімнің көзінше 100 000₸ айлық қана төлейтінін және соның өзін дер уақытында бере алмайтынын, 3-4 айға дейін айлық алмай жүретін уақыттар болатынын ескертті. Мен ондай жұмыспен не бала-шағамды, не қарызымды өтей алмайтынымды айтып, келісуден бас тарттым.

Осындай сияқты нешетүрлі қитұрқы дәлелсымақтарымен қитұрқы тергеулері өтіп, мені күдікті деп таныпты. Енді сот өткізіп, менен қылмыскер жасап шығармақшы.

Тағы да бір айта кететін жәйт, коллекторлық компания үйімді «арестке» қойып, сатылымға шығарған. Соны тергеу барысында үйін сатып, қарызын жабуға әрекеттенбеді депті. Оу, данагөйлер, айтыңдаршы, сонда маған бала-шағамды далада қалдырып, үйімді сатып, қарызды жабу маңыздырақ болуы керек пе?! Сендердің естерің дұрыс па өзі? Айтыңдаршы? Менің үйімді сатпағаным қылмыс па? Лайықты жұмыс таппай, жұмысқа тұра алмай жүргенім қылмыс па? Ол маған айып тағу үшін қылмыс болып санала ма біздің мемлекетімізде?

Негізінде, жоғарыдағылардың, сот орындаушының көмегімен, құқық органдарының қолымен жасалып отырған жасанды қылмысты толығымен мойындамаймын. Президенттің осындай істерге байланысты банкроттық туралы заңын пайдаланудан мені шектеу деп түсінемін. Оның үстіне несие беруге құқығы жоқ, жоғарыда айтқандай, арнайы лицензиясы жоқ, банктік жүйеге кірмейтін, ЖШС «Қазцинктің» маған берген ақшасын өндіру мақсатындағы қимыл – нақақ жасалған іс-әрекет деп санамаймын. Өйткені ақшаны өндіру немесе өндірмеу мақсатын, себеп-салдарын тергеу жұмыстары ашпаған. Тергеу тек қаралау мақсатында бір жақты жүргізілген. Яғни, ақшаны қалай қайтару емес, оның себеп-салдарын анықтау емес, тек мені қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында жүргізілген. Сонда 430-баптан түсінгенім – соттың үкімін 6 ай орындамаса, не үшін, қалай орындай алмағаныңды тексермей, жағдайыңды анықтамай, түсінбей, қылмыстық жауапкершілікке тарта беруге бола ма? Бұл «Жаңа Қазақстанның» ескі іс-әрекеттері деп білемін! 

Қош келдің, өңі өзгермеген «Жаңа Қазақстан»! 

«Жаңа Қазақстанның» айнасынан түскен жалынды сәулесі бойыма шуақ болып кірудің орнына өзегімді өртеп жатыр… 

Ғалымжан НЕСІПБАЕВ,

қоғам белсендісі

Ұлытау облысы

Республиканский еженедельник онлайн