
- Сайлау өткеннен кейін қоғам өмірінде біраз тыныштық орнап, жаңа сайланған президенттің әр қадамынан үміт күткен жұрт қоғамдық белсенділігін біраз тежеп, алда не боларын күтумен сабыр сақтауда. Өйткені сайлау кезінде елімізде жұрттың пікірі екіге бөлініп, біреулері үйреншікті екпінмен ұрандата насихаттап, «Жаңа Қазақстанның» күні арайлап атады десе, екіншілері күмәнін жасырмай, «ескі гвардияға» сүйенген билік халықтың мүддесін қорғауды ұсақ шаралармен жамап-жасқап жатыр.
Бірақ тыныштық ұзаққа бармады. Ақпарат құралдарында биліктің жұрт қолдай қоймайтын кейбір бастамасына сұрақнама жүргізу мен сараптама жасау арқылы олардың қажеттілігін негіздеуге күш сала бастады. Бұл 30 жылдан бері сүрлеуге айналған насихат жолы. Жұртты насихатпен аузына қаратуға дағдыланған жекелеген адамдар өз елінің келешегін, халқының тағдырын ойласа, өз пікірлерін айтпай тұрып, алдымен ел-жұрттың осы көтеріліп отырған мәселеге қалай қарайтынынан хабардар болғаны абзал ғой. Өкініштісі – олар өз ұсыныстары мен сараптамаларында жұртты биліктің өзіне керек қадамына икемдеу үшін ғана күш салатыны алаңдатады.
Көгілдір экраннан жұртқа әлеуметтік-экономикалық тақырыпқа байланысты ауық-ауық сараптамалық пікір айтып, танымал болып жүрген Мақсат Халық деген экономистің Dalanews.kz порталына берген сұхбатында АЭС құрылысының экономикалық тиімділігі туралы «жалпыдан – жалқыға дейін» деп жасаған сараптама тұжырымы «Фейсбук» арқылы таралып кетті. Бұл тақырып елдің тағдырын ойлаған адамды бейжай қалдырмайтыны белгілі.
Осы азаматтың сұбхатындағы пайымдауларынан ұққаным – шексіз табиғи байлықтың ортасында отырып, еліміздегі халықты кедейшілік пен қымбатшылыққа алып келген экономикалық-әлеуметтік жағдайға келуіміз 30 жылдан бері жүргізілген саяси-экономикалық саясаттың салдары емес, ол еліміздегі әлеуметтік, экономикалық дамудағы барлық кемшілік АЭС құрылысына дұрыс көзқарас болмауында дегенге тірелетін сияқты.
Яғни, бұл «сараптама» арнайы тапсырмамен халық арасында қажетті пікір туғызу үшін жасалғанға ұқсай ма деген ой туады. Сондықтан жұрттың назарына осы тараған сұхбаттағы қозғалған мәселелерге мән беріп, оны өмірдегі шындықпен байланыстыра отырып қана бағалауы қажет деген ойды ұсынуды ұйғардым.
Кеңес кезінде аграрлы-индустриалдық даму деңгейіне жеткен Қазақ елінің, қазіргі кезде жұрттың талабына сай тұтыну тауарлары мен азық-түлікке дейін шеттен тасып, ең болмаса қасық пен шегені өндіре алмауының себебі неде деген сұраққа жауап іздеу керек. Елімізді осындай халге жеткізген билік саяси экономика бағытында экономиканың даму заңдылығын өрескел бұзып, бірден дамыған елдер қатарына жетеміз деген әсірелік (авантюра) макроэкономикалық даму жолына сүйенуінен, мемлекеттің ішкі экономикасының тұралауынан халықты кедейшілік пен қымбатшылыққа ұшырауына алып келді. Қазіргі «Жаңа Қазақстан» құрамыз дегендер алдымен осы кемшілікті түземесе, ешқандай да өзгеріс болмайтынын ұғынуы қажет.
Яғни, экономикалық дамудың негізі – әлемдегі техника, технология жетістіктерін отандық ғылым мен терең сараптамалардан өткізіп, тек тиімділерін (еліктеп, матрицасын көшірмей) пайдалануды үйрену қажет. Шетелден қаржы алып, экономиканы көтеру – елді мәңгі экономикалық құлдыққа қамау. Тәуелсіздікті сақтау, қоғамның өмір сүруіне таусылмас қаржы көзі – барша жұрттың кедейшілік көрмей, дәулетті, бай болуына байланысты.
Бірінші шешетін мәселе – қазіргі Қазақстанның сыртқы қаржылық қарызын өтеуі және ішкі қаржылық тапшылық пен халық қымбатшылыққа батқан экономикалық-әлеуметтік жағдайда АЭС құрылысын салу деген – экономикалық сауатсыздық екенін ұғыну. Өйткені АЭС салудың нақты құны оны сататындардың бағасынан он есеге жуық қымбатқа түсетінін ақылға салып, асықпай есептеп көрген адам ұғады. Сондықтан ең алдымен еліміздегі халықтың әлеуметтік мәселесін уақыт оздырмай, нақтылы шешу қажет. Ол үшін алдағы екі-үш жылда экономиканың дамуында жіберілген кемшіліктерді түзету қажет:
а) Дамыған мемлекеттердің қатарында боламыз деп, макроэкономикаға назар аудару емес, ең алдымен ішкі экономиканы көтеру үшін орта, шағын кәсіпкерлік пен жеке бизнестің дамуына жол беру – мемлекеттің келешекте мықты болуына әкелетін экономика заңы ұстанымын қолдау.
ә) Халықтың әлеуметтік жағдайын тез арада көтеруге әкелетін жол – әр аймақта халықтың талабына сәйкес тұтыну тауарлары мен азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын шағын кәсіптерді іске қосып, тұтыну тауарлары мен азық-түлікті сырттан тасуды шектеу, салықтан түсетін қаржының көзін өсіру. Бұл экономика өсуінің тұрақты заңы. Халқы ауқатты ел ғана мықты мемлекет болады.
б) Ауыл шаруашылығын дамытудың арнайы Ұлттық бағдарламасын бекітіп, әр ауылда табиғи қалыптасқан шаруашылықтың өнімдерін өңдейтін, сапалы азық-түлік және де басқа да тұтынушылардың талғамы мен талабына сай қажетті өнім шығаратын шағын өнеркәсіп орындарын ашуды іске асыру. Осы өнімдерді тұтынушыларға арзан бағамен жеткізіп тұратын кооперация жүйесін құру керек, сонда ғана азық-түлік қымбатшылығы болмайды. Әр елді мекенде жол, байланыс, мәдениет, спорт және ауыз су, басқа да коммуналдық жүйелер болуын шешу – жұмыссыздық пен кедейшілік мәселесіне тежеу болады. Бұл бағыт мемлекет қолдауымен іске асуы керек.
г) Еліміздің халық шаруашылығы салаларының дамуының негізі техника мен технология жетістіктерін пайдаланып салынатын өнеркәсіп пен құрылыс орындары және жол салу бағыты тек отандық ғалымдардың тығыз араласуымен ФСА/ФСЖ (Функциональная система анализа/Функционалды сараптама жүйесі) жүйесімен жоспарланып және салынған өндіріс пен құрылыс орындарында ФСЖ-мен жұмыс істесе ғана қаржының артық шығыны мен ұрлыққа жол болмайтыны белгілі.
д) Мемлекеттің мықты болуы – оның экономикасы ғылыми негіздегі бағытпен дамуында. Отандық ғалымдардың азаматтық борышы – ФСЖ жүйесін машина жасау, өндіріс, құрылыс, энергетика (қуат), ауыл шаруашылық және билік пен салалық басқару жүйесіне енгізуді шешу. Сонда ғана билікте, салаларда жемқорлық жойылады.
е) АЭС салуды қолдаушылардың «электр қуатының көзі экологияға зиян әкелмейді» деуі шындыққа жанаспайды. Бұл халықты ашықтан-ашық алдау. Оның барша адам баласына зиян әкелетінін білгісі келген адам Дүниежүзілік экология қорғау қоғамдарының мәліметтерімен таныссын. Біздің ел кешегі «Семей полигоны синдромының» қасіретін ешқашан ұмытпайды. Соның салдарынан талай ұрпақтар буынының тағдырына келетін зиян қанша ғасырларға жалғасатыны белгісіз. Оны АЭС салатындар да, сол саланың ғалым мамандары да айтпайды, жасырады.
АЭС-тің әкелетін зиянын ұққылары келген адам мынаған көңіл аударсын: 25–30 жылдай қызмет еткен АЭС жұмысын тоқтатқан соң, оның отынының қалдығы мен істен шыққан қондырғылары және құрылыс материалдарын залалсыздандыру үшін арнайы қойма салып, пайдаланған металды табиғи ыдырауына дейін сақтау қажет. Оның ыдырауына он немесе одан да көп ғасырлар қажет екен. Қазіргі кезде жер бетінде осындай ұзақ мерзімге шыдайтын құрылыс материалдары жоқ. Яғни, оларды залалсыздандыру – келешек ұрпақтың мойнына артатын қарыз екені аян. Бұл шығын туралы ешкім ойламайды.
Ойланар болсақ, бұл жоба кімге қажет? Жоба бізге емес, тек АЭС салатын алпауыт елге ғана қажет. Біздің елді Еуропа елімен салыстыруға болмайды, оларда электр қуатын өндірудің табиғи көзі шектеулі.
ж) Қазақстанның экономикалық дамуын келешекте электр қуатының жетіспеушілігі тежейді, сондықтан АЭС салу қажеті туындайды деген тұжырымның негізсіз екенін айту қажет. Қазақ елінде арзан электр қуатын өндіретін көмірден басқа табиғи ресурстардың толық зерттеліп, пайдаланбай жатқанын естен шығармау керек. Осы мәселені шешу үшін арнайы ғылыми-зерттеу жұмысын іске асырып, экологияға зиян әкелмейтін, тасымалдауға кететін шығынды азайтатын табиғи электр қуаты көздерін пайдалануды қолға алу қажет.
Яғни, бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен қазіргі өндіріп отырған электр қуатын пайдаланудағы жіберіп отырған кемшіліктерді толық анықтау керек. Сол кемшіліктердің болмауын іске асыратын арнайы ғылыми зерттеулер негізінде әлемдегі ғылыми-техникалық жетістіктерді пайдалану – бізді біраз ұтысқа әкелетінін ұмытпайық.
з) Технократ жас мамандарды ынталандыру үшін АЭС салу қажет емес. Оның оңтайлы шешімі мемлекеттің экономикалық даму саясатына байланысты. Біздің елде бұл мәселені шешудің жолы – республиканың барлық үлкен қалаларында технократ мамандарына өздерінің табиғи дарындарын дамытуға мемлекет жағдай жасау жүйесін іске асырып, елімізде күрделі электрондық техника өндіретін саланың негізін қалауы керек. Елде програмистер (айтишник), тағы басқа да күрделі техниканың дарынды мамандары көп, соларға өздерінің жеке кәсібі негізінде шағын өндіріс орындарын ашуға мүмкіншілік жасау қажет.
Еліміздің әр азаматы өз мүмкіншілігіне қарай елінің экономикалық дамуына, халқының ауқатты болуына үлесін қосуға ұмтылуы – оның азаматтық борышы. Бұл келешек ұрпақ үшін қажет.
Ал экономист болған адамның мақсаты мен парызының ерекшелігі – қай жерде қызмет істесе де, мемлекетшілдік жүрегімен, ар тазалығымен өз халқының ауқатты болуына, елінің экономикасын дамытуға нақтылы, сауатты ұсыныстар жасап, барша халықтың ауқатты өмір сүруіне ықпал етуге үлес қосуы болады. Егер ол тек қана берген тапсырманы орындаумен жүрген болса, экономист емес, жай ғана статист болып қала береді. Тіршілікте басқаларға қарағанда экономистің жүгі ауыр болатыны оны ұққан адамға белгілі.

Болат ДҮЙСЕНБІ,
еңбек ардагері,
экономист-саясаткер