Шәріп ҚҰРАҚБАЕВ: Біз келесі сайлауға дейін ЖЫЛ ТОСА АЛМАЙМЫЗ!

  • Газеттің 25 жылдық мерейтойына байланысты «ДАТ»-тың архивінен алынған жарияланымдар сериясының кезекті авторы – Шәріп Құрақбаев. Тәуелсіздік тарихында қазақ тілді оппозициялық газеттердің бірегейі болған басылымның ең алғашқы редакторы Шәріп аға 2018 жылы 62 жасында дүниеден өтті. Жатқан жері жұмақ болғыр марқұмның төменде жарияланып отырған сұхбаты Қазақстандағы қазіргі сайлау науқанымен үндес және арада 24 жыл өтсе де, мән-мазмұны бүгінге дейін күн тақырыбынан түспеген.
«ДАТ»-тың ең алғашқы редакторы Шәріп Құрақбаев

– Шәке, 1998 жылдың аяғында үкімет «Датқа» 35 млн теңге айып салып, банкрот деп жариялап, жауып тастағанын БІЗ білеміз. Сіз содан кейін саяси «горизонттан» жоғалып кетіп, тек 1999 жылдың ақпан айында «Арна» газетінің бір-ақ санын шығарып, жылт етіп көріндіңіз де, тағы да біраз уақыт «үнсіз» жатып алдыңыз. Ақыры, үстіміздегі жылдың маусым айында «Дат-Колесо» газетіңізбен бұрынғы «Дат» сияқты саяси сахнаға атойлап шығып, елді елең еткізіп, басшы-шенеуніктердің үрейін ұшырдыңыз. Бірақ 8 санынан кейін ол да шықпай қалды, ал өзіңіз мәжіліс депутаттығына түсіп жатыр деп естідік. Мұны батылдық дейміз бе, әлде сіз де «жылы» жер іздеуге кірістіңіз бе?

Менің тарихымды жақсы біледі екенсіз, рахмет! «Дат» газеті қазақ қауымы үшін саяси мәні бар үлкен құбылыс болды. Оның маңызын ешкім кеміте алмас. Тіпті сол газеттің жаулары да. «Даттың» 3-4 айда 50 мың таралым жинауының өзі соны дәлелдеп тұрған жоқ па?! Бүгінде бірде-бір қазақ басылымы ондай тиражбен мақтана алмайды.

Оған сол кезде Салық полициясы, Ақпарат министрлігіне қарасты «Қазбаспасөз», «Дауыс» сияқты (газет-журнал таратушы – Ред. «ДАТ-ОП») компаниялар жасаған тосқауылдары мен қудалауын қосыңыз. Ол аз десеңіз, порнография, секс тақырыптарына жақын жоламағаныңызды есепке алсаңыз, газеттің таралымының 50 мыңға жеткенін ерлік деп санауға болатын шығар.

«Ерлік» дегенде, бұл сөзді оның редакторына қатысты ғана айтып отырған жоқпын. Қазақ халқының батыл да, ашық та, ащы айтылатын шындыққа шөліркеп қалған мағынада айтып отырмын. Әйтпесе сол кездері жоғары жақтан «қазақ басылымдарын ешкім оқымайды, ондай газет-журналдарды ұстап керегі қанша?» деген қаңқу сөздер шыға бастағаны жасырын емес. Оның анық көрінісін биыл жазда 20-ға жуық мемлекеттік басылымдарды қаржы жоқ деп бір айға жауып тастағанда, айқын көрдік емес пе? Олардың біразы бір ай өтсе де, әлі ашылған жоқ.

«Дат» газетінің де әсері болар, қазақ халқының біраз бөлігінің ақиқатқа, саяси жүйеге, саясатқа, президент пен үкіметке деген көзқарастары өзгеріп, санасы оянып, ақ пен қараны ажырата бастады десем, артық айтқандық болмас. Әрине, бұл біздің ғана еңбек емес. Жалпы еліміздегі демократиялық үрдістің жемісі. Қазір сіз 1990 жылғы мен 1999 жылғы қоғамдық сананы, дүниетанымды салыстыра алмайсыз. Бұл жерде үлкен прогресс бар. Бірақ біздің елдің билеуші элитасына осы үрдіс ұнамай отыр. Сол себепті де олар сөз жүзінде оны қолданғанымен, істің шын мәнінде демократиялық процестерді баяулатып, тоқтатып, керек десеңіз, кері дөңгелетуге тырысуда. «Датты» жабу – сөз бостандығына кісен салу. Әкежан Қажыгелдин сияқты оппозиция лидерлерін қудалау – соның айқын көрінісі.

Бірақ демократияға тосқауыл қою немесе оны жойып жіберу еш мүмкін емес. Ол таңертең ататын күн сияқты. Тек кейде көктем секілді кеш шығуы мүмкін. Қазақстан үкіметі де демократияны кеш шыққан көктем сияқты 2030 жылға дейін соза тұруға немесе «біз әлі оған дайын емеспіз», «алдымен оның механизмдерін әзірлеп алуымыз қажет» деген қитұрқылармен бәрін бұрмалап, тежеп, тосқауылдар қойып жатыр. Бұлай ұзақ созылуы мүмкін емес. Егер осылай жалғаса берсе, бұл процесс күрт сынып кетуі мүмкін, 2030 жылға жетпей-ақ.

Біздің президент те ақылды адам. Бірақ ол кісі он жыл ел басқарған тәжірибесінде әртүрлі адамдар мен ағымдарды көріп-бақты. Бірақ содан шығарған қорытындысы қынжылтады. Жеке адамдарды қорқытып, үркітіп, түрмеде ұстауға болады, бірақ халықтың санасында басталған процесті ешкім, ешбір айламен тоқтата алмайды. Қай кеңесшінің ақыл қосқанын білмеймін, бірақ адамның шындыққа, әділеттілікке деген талпынысын 2030 жылға дейін тежеу мүмкін емес.

Сондықтан «адам билікке келген күннен бастап, кетер кезін де ойлауы керек» деген сияқты халыққа толыққанды құқықтар беруді, ізбасарын іздеуді ойластыру керек қой. Ресейде ол анық көрініп отыр. Ал бізде оның ізі де, исі де сезілмейді. Олай болса, халық ондай жолды өзі ішкі сезіммен іздейді. Мұның арты жақсылыққа апармайды.

Сол себепті қауіпті ахуалдың алдын алу үшін, елдің де пікірімен санасу қажет. Ондай мүмкіндік – қазан айында өтетін парламенттік сайлау.

Егер үкімет оны да өз «сценарийі» бойынша өткізсе және кеңесші-ақылшылары: «Тамаша, демократияға дөп сәйкес өтті» десе де, халықтың наразылығын онымен жасыра алмаймыз. Бұл – бүгінгі күннің онсыз да ауыр жағдайын одан әрі ушықтыра түседі. Ал мұндай наразылық 2030 жылға дейін созыла беруі мүмкін емес. Оны басшылар ұғынуы керек. Мұндай ахуал сақтала берсе, халықтың өкпе-назы әрі кеткенде 2002, 2003 жылға дейін-ақ әрең жетеді. Билік басындағылар оны білмеуі, сезбеуі мүмкін емес.

Олай болса, өкіметке Югославия керек пе, әлде «жаман» болса да, Ресей думасы сияқты «жау» болса да, заңды мойындайтын парламент керек пе? Осы жағын қатты ойлағаны жөн. Ал менің сайлауға түскелі жатқандағы ойым – «жылы» орын іздеу емес, кезінде газет бетінде айтқандарымды енді мінберден айту еді.

– Ұзын құлақтан естуімізше, Алматы облысының әкімі қол астындағы ірі-уақ әкімдерді жинап, сайлауда кімді өткізу, кімді өткізбеу керектігі жөнінде тапсырма беріпті. Сіз демократияны ту еткен тәуелсіз басылымның редакторысыз… оппозиционерсіз. Демек, әлгі «ұзын құлақтың» айтқаны дәл келсе, онда «алысқа шаппайтыныңыз» белгілі…

– Мұның шет жағасын мен де естіп жатырмын. Бір қарасаң, солай да болу керек сияқты. Өйткені қазіргі режимнің өзі, оны тізгіндеп отырған билік басындағылар демократияны, әділ сайлау дегенді жетік түсінетін жандар емес. Бұлар тек баяғы кеңестік жүйемен жұмыс істеуге дағдыланғандар. Демократия, сөз бостандығы деген олар үшін тек шетелден инвестиция тарту үшін, ОБСЕ, АҚШ, БҰҰ, т.б. өркениетті елдердің алдында жақсы көріну үшін керек те, ал мемлекеттің ішіне келгенде, бәрі керісінше. Қазіргі билік басындағылар халықпен санасқысы келмейді, құл санайды. Үнемі бұлай жасауға болмайды, әр нәрсенің бір шегі бар.

Сондықтан бүкіл жүйені өзгертуге тиіспіз. Халық мені «Дат» тәуелсіз газетін шығарғанымды жақсы біледі. Өмір сүріп отырған қоғамымыздың көлеңкелі тұстарын жасқанбай, сол басылымның бетінде ашық айттық. «Патшаға қарсы сөз айту – ұлылық» дейді екен баяғылар. Президенттің де кейбір істерін әшкере еттік. Мен адал, ардың сөзін айтқанды қалайтын жанмын. Сайлауға түсіп жатқанда, билік басындағылар мені жау ретінде көрсететіндей, аяғымнан шалатындай сұрқия қылықтарын жасай қоймас деп ойлаймын. Өйткені төңкеріс жасайын, үкіметті бұзып-жаншиын деп жатқан жоқпын. Нені де болса, заңмен жүзеге асырайық деп, осы сайлауға түсіп отырмын. Бір округтан 8 адам түсудеміз. Оның ішінде «Азамат» та, «Отан» да, өзгелер де бар. Алайда үкіметтің бүйрегі кімге бұратынын сеземін…

Дегенмен, соңғы сөзді халық айтуы тиіс. Ел аманатын қай азамат қайыспай көтере алады, оны халық өзі біледі. Сондықтан самарқау, енжарлықты тастап, сайлау науқаны кезінде халық белсенділік танытуы қажет.

– Халық қолдап, мәжіліс депутаты бола қалсаңыз, бұқаралық ақпарат құралдарына қандай жағдай жасауға бел буар едіңіз? Өйткен, ең бастысы журналитссіз, әрі Қазақстандағы тұңғыш тәуелсіз басылымның редакторысыз, сондықтан БАҚ-тың қыр-сырын өте қанық білесіз деп ойлаймын.

– Мәдениет, ақпарат және бұқаралық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаевты депутаттар алдына есеп беруге шақырар едім. Кеше «Датты» жапқан кезде неге ара түспеді, қайда қарады?

Енді келіп «Начнем с понедельника» газетінің басына сәл қара бұлт үйіріліп еді – «бұл – дұрыс емес, бұрыс» деп шыр-шыр етеді. Неге ол кезде Алтынбек мырза «Датты» қудалауға алған билік иелеріне басу айтпады. Қалай десек те, бұл басылым әлі де болса шала сауатты (саяси жағынан айтамын – Ш.Қ.) қазақ ұлтын оята білді, ақ пен қараны ажыратып берген демократияның алғашқы қарлығашы емес пе еді.

– Алдағы уақытта депутаттар қатарынан кімдерді көргіңіз келеді?

– Әрине, көргім келетін белгілі адамдар көп. Көргім келмейтіні қазіргі парламент мүшелері. Тек Земляновты бұл топқа қосуға болмайды. Сейдахмет Құттықадам, Балташ Тұрсынбаев, Серікболсын Әбділдин, Петр Своик, Ғазиз Алдамжаров, т.б. белді-белді қоғам қайраткерлері парламентке еніп жатса, онда талай нәрсеге қол жеткізуге болар еді-ау! Сонда кімнің кім екенін, кімнің ақ сөйлейтінін халық білер еді.

Бұл жерде басты мәселе сайлаудың әділ өтуіне тіреліп тұр. Егер «жолбикелер» алдымызға түсіп кетіп, «қалтадағы парламент» қайта дүниеге келсе, қоғамдағы жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін. Ал оның соңы жақсылыққа апармасы белгілі.

Сұхбаттасқан – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,

«ДАТ – Иртыш», 1999 жыл, қазан, №16 (28)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн