АЗАМАТ АТҚА ҚОНДЫ

Баспасөзден Алаштың бүгінгі ту ұстар бірегей азаматы Ермұрат Бапидың алдағы Парламент сайлауына Алматы қаласындағы №3 округ бойынша ресми кандидат болып тіркелгендігі туралы сүйінші хабарды естіп, қуанып қалдық. Бұл да болса, саяси қарсыластарын қырық жерден қақпан құрып, тобықтан қағатын бұрынғы бақай есеп сасыған жүйенің күні батып, демократиялық үрдістің өмірімізге дендеп ене бастағынының бірден-бір көрінісі болса керек.

Отыз жыл бойғы тоталитарлық режим «халық қалаулысы» деген мәртебелі лауазымның әбден қадірін кетіріп, жоғарыдағы дүмдінің иек изеуімен қолын көтеріп-түсіріп қана отыратын жанды қуыршақ дәрежесіндегі құбыжық-күлкіге айналдырғаны әмбемізге аян. Енді ол клоунаданың күні өтті. Жаңарған, әділетті қоғам орнатуға құлшынып, демократияның ескек желіне желкенін жайған бүгінгі Қазақстанға ел мүддесі тұрғысынан жасалып жатқан игі өзгерістердің бәріне тың серпін беріп, аянбай атсалысатын жасампаз күштер қажет.

Қазір алдағы аламанға ат қосқан үміткерлер қарасы молшылық. Әр саладағы өз ісінің майталманы, елге танылған, нағыз отаншыл, «сен тұр – мен атайын» небір айбозым азаматтардың білек сыбанып, алға шыққаны көңіл қуантады. Әйтсе де, солардың арасындағы Ермұрат Бапидың жөні де, жолы да бөлек екені даусыз.

Ермұрат – қаламымен де, қайраткерлігімен де жалпақ жұртқа кеңінен танылған дара тұлға. Назарбаевтық авторитарлық қара түнек заманда санамызға саңлау түсіріп, әділеттің ащы дауысын құлағымызға айғайлап айтқан жалғыз газет «Датты» ширек ғасыр бойы басқарып келеді. Қаламының ұшынан от шашып, адамшылықтың шегінен шығып, азғындаған жемқор, зымиян биліктің шындығы мен сұмдығын «улы сия, ащы тілмен» аяусыз әшкереледі. Өзі ғана жазып қоймай, айналасына азуын айға білеген небір «орақ ауыз, отты тіл» қалам иелерін ұйыстырып, кешегі Ахаң, Жақаңдар туын көтерген Алаштың Әділ сөзінің мерейін асқақтатты, қазақтың саяси журналистикасын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Газетті талай тар қыспақ-қылкөпірден тіс-тырнағымен тырмысып өткізе жүріп, өзі де шыңдалып өсті, кемел қайраткер болып қалыптасты. Зұлым жүйенің өзіне тікелей жасаған небір қысас қастандығын көрсе де, басын бәйгеге тігіп, алған бетінен қайтқан емес, одан ары шамырқанып, өр дауысы қалғыған мың сан көкіректі оятып, шарықтай түсті.

Ерекең – шын мәнінде кешегі халқым деп құрбан болған аяулы Алтынбек пен Заманбектердің айнымас үзеңгілесі, солардың орындай алмай кеткен армандарын ары қарай жалғастырушы демократиялық шоғырдағы санаулы қайраткерлердің бірі. Бүгінгі «Жаңа, Әділетті Қазақстан» құру идеясының басты қағидаттарын Ерекең бастаған демократиялық майдан басшылары баяғыдан-ақ айтып келе жатқаны белгілі. Тек еститін құлақ болмады.

Енді заман басқаша. Демократияға бет бұрған билік: айтарыңды айт, қалаулыңды өзің сайла деп, қарашаға мүмкіндік беріп отыр. Осындайда баяғыдай: «Әй, қойшы!» деп отбасында күңкілдеп, «әтпішімізді» қалта ішінен шығарып отыра берсек, ештеңе өзгермейді. Дүниені өзгерту үшін, әуелі өзіміз өзгеруіміз керек. Бойкүйез бейғамдықтан, бәрін басқа біреу істеп береді дейтін құлдық масылдықтан арылайық, ағайын!

Ерекеңдей азаматымыз атқа қонды. Үйде отырып, құр тақым қысу – аз, ескі сананың кір-қоқысынан дүр сілкініп, сайлау күні бәріміз бір кісідей қалам ұшынан демеу көрсетейік. Біз бұл күні өз тағдырымыз үшін, ұрпағымыздың, Отанымыздың болашағы үшін дауыс беретінімізді ұмытпайық.

Ермұрат Бапи секілді биік идеалдармен сусындаған шынайы отаншыл патриоттардың халық атынан мандат алуы – ұлттың мұқтаж-мүддесі, есе-теңдік тимей жүрген қараша жұрттың мұң-зарының биік мінберден сөз алуы деген сөз. Ерекеңдердің жеңісі – біздің жеңісіміз, демократияның жеңісі!

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ

ҰЯТЫ КҮШТІ АДАМ

  • Біздің бүгінгі билік вирус жайлаған организм сияқты. Егер антивирусын тапса… тез-ақ түзеліп кетеді. Ол антивирус – сайлауды әділ өткізу!

Депутаттар корпусы ұлттық-мемлекеттік мүддені ойлаған, азаматтық ұстанымы тұрақты Ермұрат Бапи сияқты халықшылдардан құралар болса, биліктің беті бері қарайтынына күмән жоқ. Ал бұл жолы да қожайынының не ойлап тұрғанын түсінбесе де, құр далбасалап, құйрығын бұлғаңдата беретін ит сияқты пенделерден түзілер болса, асқынған ауру алмай тынбайды.

«Иттің дәурені иесімен таусылады» деуші еді қазақ. Иелері кеткенімен, дәурендері әлі де жүріп тұрған екіжүзді сатқындар қанша жерден балағына жармасып, із-жолын баққандарымен, Ермұрат Бапидың оған қылы да қисаймайды. Қанша жылғы қажырлы еңбегіне куә халқы аман тұрғанда, ол өзіндік пікірлері жоқ жағымпаз-жантықтарға өз биігінен қарап, өз миссиясын атқара бермек.

«Ақысын төлемесе, әкесінің де тамағын ысытып бермейтін» жалдамалы байғұстар қанша жерден қараламақ болғандарымен, бүгінгі күнге дейін ақиқаттың ақ жолынан таймай келе жатқан Ермұрат Бапиға күйе жұқпайды. Абай хәкім «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар» дегенді осындайда айтқан-ақ болар.

Ақылға тоқтамай, айғайға еріп, жалаң үгіт-насихаттың құрбаны болып біттік қой бүгінге дейін. Жететін шығар! Ендігі жерде мақсаты айқын, мұраты белгілі ТҰЛҒА Ермұрат Бапидың талай жылғы билікпен бітіспес майдан барысында түйген ойлары мен қалыптасқан көзқарасына бір сәт құлақ ассақ, кәне! Сөзге сеніп болдық қой 30 жылдың ішінде. Азаматты, кандидатты осы шаққа дейінгі нақты ісіне қарап бағалайық!

Жақсылық күте тұрып та, жамандыққа әзірленген адам анау айтқандай депрессияға түспейді. Айтайын дегенім – «ләппай тақсыр» деп күн кешіп жатқан пенделерде мінез болмайды. Мінезсіз адамның ноқтасы мерейі үстемдердің қолында болады. Демек, халықтық бақылаушыларды көбейтіп, сайлау барысының екі тізгін, бір шылбырын халық өз қолына алар болса, бағынбайтын белес жоқ.

Сөз соңында айтарым – Ермұрат Бапи ұяты күшті адам. Демек, ол қаражүрек бола алмайды.

Серғазы МҰХТАРБЕКОВ

НАР ЖОЛЫНДА ЖҮК ҚАЛМАС…

  • «Жаңа Қазақстан» құруды мұрат тұтып отырған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, арысын айтпағанда, Тәуелсіз елміз деп жариялағаннан бергі 30 жыл бойы тоң болып қатқан авторитарлы жүйені ыдыратып, сең жүргізе бастағанының айқын дәлелі болатындай аса бір шешуші саяси науқан – Халық қалаулыларын сайлау шарасы алдымызда тұр!

Расында да, дәл осы сайлауда Ермұрат Бапи, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев, Есенғазы Қуандықов, Ринат Зайытов, Думан Мұхаметкәрім және т.б. елім деп еміренген ер азаматтар халықтың қалауымен депутат болса, онда жылдап армандаған, аңсарымыз ауған, сағымдай бұлдыраған ақиқаттың шынға айналғанына дәйек болар еді. Ал бұл науқан да осыған дейінгі «қалыптасқан» үрдістен алыс кетпейтін болса, онда Халық енді ешкімге ешқашан сенбейтіні хақ. Бірақ ондай жағдайда Халық-Теңіз көтерілетіні қандай даусыз болса, ал оның түпкі нәтижесі қалай болатынын болжау да қиын емес!

Әлқисса, мен жоғарыда атын атаған қазақтың бүгінгі қаһармандарының бәрін де қолдаймын!!! Соның ішінде бүкіл саналы ғұмырын солақай саясатпен күресуге арнаған от жүректі, биік рухты, кемел болмысты, тарих алдында да, болашақ алдында да ары таза Ермұрат Бапидың орны бөлек.

Ол басқарған «ДАТ» газеті тамырын сонау сақ, ғұн дәуірінен тартып жатқан тектіліктің жаңа дәуірмен жалғасуына дәнекер болып, халықтың шынайы үнжариясына айналды. Ермұрат басқарған сол газет Ахметтің «Масасындай» ызыңдап, халықтың мұңын мұңдады, Міржақыптың «Оян, қазақ!» деген ұранын ұлықтаудан танбады, алған бетінен бір сәт те таймады! Қазақтың нар тұлғасы басқарғандықтан, газет бүкіл әділетсіз жүйеге қаймықпай қарсы тұра алды! Өйткені халық үмітінің үзілмеуін көкседі, оның түрлі қитұрқылардан аман өтуін, сүрінсе де, жығылмауын қалады, жабыққандардың жандарына демеу болды. Сондықтан ол ел үшін серпіні бөлек, бағамы биік, тұғыры берік рухани діңге айналды!!!

Ендеше мұндай бағыттағы газетті жанкештілікпен алып келе жатқан негіздің бастауы Ермұрат Бапидың бойындағы алмас қылыштай өткірлік, наркескендей қуаттылық, адалдықтың ақ жолынан айнытпайтын турашылдық, әділеттілік, жасампаздық екенін мойындауға тиіспіз. Сол себепті Ел болып, Ердің көксеген мүддесіне жетуіне қолдау жасау – енді бізге сын!!! Өйткені Ермұрат Бапилар ертең біздің, Халықтың мүддесін қорғайтыны хақ! Өйткені біз білетін, біз таныған Ермұрат өз жолында жүк қалдырмайтын қайыспас қара НАР!

Қайрат РАЕВ, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Газетте ҚР Парламенті сайлауына қатысушы үміткер Ермұрат Бапиға қатысты жарияланған материалдар ақысы оның сайлауалды қорынан төленді.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн