Суббота , 19 апреля 2025

«ДАТ»-2025

СЫЙЫНАРЫМЫЗ ДА, СҮЙЕНЕРІМІЗ ДЕ –

ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ОҚЫРМАН!

1 қазан күні 2025 жылға газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Нарықтық қатынас жағдайында кез келген кәсіпорын, өндірістік ұжым, баспасөз мекемесі болсын, өндірген өнімінен түскен табыс шығынын артығымен жапқанда ғана тұрақты жұмыс істей алады. Бірақ электронды ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы хабар алмасу дамыған мына заманда кітап, газет-журнал оқитын жұрттың күн өткен сайын кеміп бара жатқаны да рас. Оның үстіне «ДАТ» газетінің оқырмандары негізінен егде жастағы азаматтар. Үлкен өкінішке қарай олардың қатары да жылдан-жылға сиремесе, көбейіп жатқан жоқ! Көргені мен көкірекке түйгені, жас ұрпаққа айтары мен көрсетер үлгі-өнегесі көп көнекөз қарияларымыз азайған сайын, газетіміздің таралымы да кеміп барады!

 Бұрын біз ешқашан және ешкімге «ДАТ»-қа жазыл деп өтініш айтқан, көмек сұраған газет емес едік. «Ауруын жасырған – өледі» демекші, қазіргі жағдай жалбарынған күй кешуге мәжбүр етіп отырғанын жасырмаймыз. Егер алдағы жылға кемінде 25–30 мың оқырман жазылмаса, жағдай өте ауыр, тіпті газеттің жабылып қалу қаупі де жоқ емес!

Бұрын еліміздің барлық қалаларында, әсіресе Астана мен Алматыда, облыс орталықтарында күнделікті газет-журнал сататын дүңгіршіктер жүйесі тұрақты жұмыс істейтін, олар қазір бәрі жабылды. Тек соның өзінен 10 мыңнан аса таралым жоғалттық. Ал дөкейлердің иелігіндегі «Караван» сауда желісіне қарасты дүңгіршіктер «ДАТ»-ты саудалаудан үзілді-кесілді бас тартты. Бұл – монополияға қарсы заңбұзушылық болғанымен, қазірше оған назар аударған құзырлы мекеме болмай тұр. Оның үстіне қағаз құны, баспахана қызметі де айтарлықтай қымбаттады. Бір дана газетті басу құны 40 теңгеге жетті. Қоғамдық таратушылар уақтылы сатып, түскен қаржыны тұрақты жібере алмайтындықтан, апта сайын шығатын газетке жарты миллион, айына – екі миллион теңге ақша жинау оңай соғып тұрған жоқ.

Осындай себептерден қалыптасатын қаржы тапшылығы салдарынан редакциядағы шығармашылық штат та барынша қысқарды. Бар-жоғы бес адам, оның екеуі ғана журналист. Мұндай жағдайда қоғамдық тақырыптарды жан-жақты қамту мүмкін емес!

Ең қиыны – «ДАТ»-ты демеп жіберетін демеуші (спонсор), қолдау көрсететін қалталы кәсіпкер (меценат) жоқ, соңғы 10 жылда болған да емес. Ал нарық тарықтырған Қазақстанның жағдайында демеушінің қолдауынсыз газетті аймақтардағы оқырманға жеткізу – қиямет-қайым машақатқа айналды. Газеттің интернет нұсқасын қамтамасыз ету де – демеушісіз жүрмейтін әурешілік.

СОНДЫҚТАН, АРДАҚТЫ АҒАЙЫН, ЕГЕР СІЗ:

  • билікке бүгежектемейтін батыл сөз, тәуелсіз пікір қоғам мен халыққа қажет десеңіз;
  • елдегі жалғыз оппозициялық газетті сақтап қалуға мүдделі болсаңыз;
  • билік пен қоғамдағы оқиғалар мен жағдаяттарға байланысты балама ақпарат алып тұрғыңыз келсе;
  • қалыптасқан саяси режимді өзгертуге құштар, қуғын-сүргінде жүрген азаматтарға қатысты жай-жапсарды үнемі назарда ұстағыңыз келсе;
  • елдегі азаматтық қоғамның жай-күйіне жанашыр болсаңыз;
  • сот пен құқық қорғау ұйымдарынан таппаған ақиқат пен әділетке жүгінудің қажеттілігі туса –

«ДАТ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!

Жазылу жергілікті жердегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүреді.

Жазылу каталогында «ДАТ»-тың ресми мемлекеттік тіркеудегі атауы «Общественная позиция» газеті деп көрсетілгенін ескертеміз.

Каталогта көрсетілген жазылу индексі – 64258

Ал егер пошта бөлімшесіне баруға уақытыңыз тапшы болса, біз сізге газетке жазылудың редакция арқылы жүргізілетін жеңіл жолын ұсынамыз.

ОЛ ҮШІН:

  1. Газет тарату бөлімінің атына тіркелген (Дінмұхаммед Сейтқазы) +7-707-615-81-20 Каспи-голд номеріне тиісті жазылу бағасына сәйкес соманы аударасыз;
  2. Бұдан соң осы уатсаб-номерге:
  3. толық аты-жөніңізді;
  4. жергілікті поштаның индексі (міндетті түрде) мен тұрғылықты адресіңізді жазып жібересіз;
  5. жазылу бағасы төменгі таблицада көрсетілген.

Тарату бөлімі сіздің атыңызға жазылуды рәсімдеген соң, ары кеткенде бір айдың ішінде жазылу түбіртегін сізге пошта арқылы немесе уатсаб-СМС хабарлама арқылы жолдайды.

«ДАТ»-тың ұзақ жылдарғы тұрақты оқырманы сүйікті газетіне жазылатыны анық. Бірақ бүгінгі дағдарысты жағдайда бұл аздық етеді. Газетті сақтап қалу үшін, келер жылға ең кемінде 20 мың жазылушы қажет.

Әлбетте, біз жақсы түсінеміз: сіздің бір жылға жазылатын 5 мың теңгеңізге бір күндік азық-түлік немесе 2 келіге жуық ет сатып алуыңызға болады. Бір күннің тамағын алып жеп қоясыз ба, жоқ әлде «ДАТ» газетін үйіңізге жаздырып алып, бір жыл рухани тоқ жүргіңіз келе ме – таңдау өзіңізде!

Әрине, көпшілік бір күн аш қалса да, жыл бойы рухани тоқ жүргенді қалайды деп ойлаймыз. Сондықтан әр тұрақты оқырманнан өзінің тұрғылықты жерінде және еңбек ұжымы арасында «ДАТ» газетін барынша насихаттап, оған жазылу науқанын ұтымды ұйымдастыруын сұраймыз.

Ол үшін:

құда-жекжатқа,

дос-жаранға,

көрші-қолаңға,

сіз танитын әрбір әділетшіл адамға қолқа салыңыз!

БІЗДЕ ГАЗЕТТІ САҚТАП ҚАЛУДЫҢ БАСҚА АМАЛЫ ҚАЛМАДЫ, АҒАЙЫН!

ҚАЗАҚ СЫЙЫНҒАНЫҢНАН СҮЙЕНГЕНІҢ МЫҚТЫРАҚ БОЛСЫН ДЕЙДІ. БІЗДІҢ СЫЙЫНАРЫМЫЗ ДА, СҮЙЕНЕРІМІЗ ДЕ – ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ОҚЫРМАН!

СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ ОСЫНДАЙ «ӨЛЕРДЕГІ СӨЗДІ» ЖАРИЯ ЕТІП, ӨТІНУГЕ БЕЛ БУДЫҚ. ӨЗІМІЗ ҮШІН ЕМЕС, ТҮСІНСЕҢІЗ – ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕН АЗЫП-ТОЗЫП БАРА ЖАТҚАН ЕЛІМІЗ, ҰЛАНҒАЙЫР ЖЕРІМІЗ, ҰЛТЫМЫЗДЫҢ, ҰРПАҒЫМЫЗДЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҮШІН, АҒАЙЫН!

«DAT» медиа-жобасының редакциясы

Республиканский еженедельник онлайн