ҚАЙТҚАН ЖЕРДЕН халыққа НЕГЕ ҚАЙЫР ЖОҚ?

  • Бас прокурор Берік Ноғайұлы Асыловқа депутаттық сауал

Барлықтарыңызға белгілі, «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша заңсыз берілген және игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару үшін құрылған. Бірақ сотпен қайтарылған жерлеріміз қағаз жүзінде қайтып, ақыры білдіртпей, кімнен біз жерді алып қойдық, соған қайтара салған қулық іспен қалай күресеміз, ағайын?!

2023 жылы 17 мамырда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес Шымкент қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы толығымен қанағаттандырылып, «ШығысСтройМонтаж» ЖШС-іне шығарылған қаулысы заңсыз деп танылған.

2023 жылы 31 тамызда Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасының қаулысына сәйкес бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

2023 жылы 20 қарашада Жоғарғы соттың кассациялық алқасының қаулысы бойынша барлық соттың шешімдері өзгеріссіз қалдырылды.

Осы жерде енді қызық басталады. Бақытжан Базарбек Парламент Мәжілісінің төрінде соттың шешімі неге орындалмай жатыр деп айқайлап жүргенде, осы соттың заңды күшіне енген шешімдеріне қарамастан, атқару өндірісінің ашылуына қарамастан «ШығысСтройМонтаж» ЖШС-і «Үміт қала» ЖШС-мен 2024 жылы 29 ақпан күні аяқталмаған құрылысты сатып алу-сату шартын бекітеді де, даулы мемлекетке қайтарылған жерді сатып жібереді.

Ал 2024 жылы 29 наурызда Шымкент қаласының әкімдігі соттың шешімі бойынша мемлекетке қайтарылған 1 гектар жерді мемлекетке қайтармай, мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынатын жердің есебінен құны тең жер учаскесін «Үміт қала» ЖШС-іне бергендей шешім шығарған. Міне, шешім.

Артынша, Шымкент қаласының әкімдігінің 2024 жылғы 29 наурыздағы қаулысы бойынша «Үміт қала» ЖШС-іне мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынатын жердің есебінен құны тең жер учаскесі ретінде берілген жерге айырбастау шарты бекітілді, 01.04.2024 жылы жерді мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу шарты бекітілді.

Мұны қалай түсінуге болады? Басқаша айтқанда, соттың шешімі шықты және соттың шешімі бойынша заңсыз берілген жер мемлекетке қайтуы керек, бірақ та Шымкент қаласы әкімдігінің шешімі бойынша жер мемлекетке қайтарылмады. Керісінше, соттың шешімі бойынша мемлекетке қайтарылған 1 гектар жер мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынатын жердің есебінен құны тең жер учаскесін беру сылтауымен өзге коммерциялық ұйымға өтіп кеткен.

Қайдағы жерді мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу? Қайдағы айырбастау шарты? Қайдағы құны тең жер учаскесін беру?

Дәл осы схемамен «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы аясында Шымкент қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында толығымен қанағаттандырылып, соттың 2023 жылғы 13 шілдедегі №5265-23-00-2/891 шешімімен «Hyundai Premium Shymkent» көлік салонының жерге құқықтары (кадастрлық нөмірі 22-329-005-092) заңсыз деп танылған болатын.

Бізде соттың шешімін орындамау модаға айналған ба? Жоқ, соттың шешімін орындамай, айналып өтетін айла жоспарлау мода болды ма? Онда бізге соттың қажеті не?

«Жер аманаты» аясында біз заңның бұзылғанын анықтаймыз, Жер ресурстарын басқару департаменті инспекторлары бір жыл бойы қырғи-қабақ болып соттасады, ал ақыры соттың шешімдері не орындалмай кетеді, не қулықпен соттың шешімін айналып өтеді!

Осыны ескере отырып, Берік Ноғайұлы, сізден сұрайтыным:

Біріншіден, «ШығысСтройМонтаж» ЖШС-і «Үміт қала» ЖШС-мен 2024 жылы 29 ақпанда аяқталмаған құрылысты сатып алу-сату шартының, 2024 жылы 29 наурыз күні Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысының заңдылығын және «Hyundai Premium Shymkent» көлік салонының жері бойынша (кадастрлық нөмірі 22-329-005-092) бекітіліп шығарылған айырбастау шарты мен Шымкент қаласы әкімдігінің шешімінің заңдылығын тексеруіңізді сұраймын.

Екіншіден, заң бұзушылықтар анықталған жағдайларда аталған шешімдер мен шарттарды дереу бұзу туралы ұсыныс енгізуіңізді сұраймын.

Үшіншіден, заңды күшіне енгенсоттардың шешімдерінің орындалуын қадағалауға алуыңызды сұраймын.

Бақытжан БАЗАРБЕК ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Республиканский еженедельник онлайн